Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратДенсаулық

«HADID» ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНАН ХАДИЯ

Індеттің құлашы кеңге жайылған сайын ел апшысын қуырып, ауруханаларда науқастарды емдеуде қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі ақ халатты абзал жандарды алаңдатуда. Осыған орай, ауданымыздағы қайырымды азаматтар көмек қолдарын созып, әртүрлі медициналық құрылғыларды өз қаражаттарына сатып алып, аудандық ауруханалар мен провизорлық орталықтарға сыйға тартты. Ауданымызға танымал «HADID» құрылыс компаниясының басшысы Бауыржан Сержанов та игі бастамадан қалыс қалмады. Қай кезде де ауданымызға, ел-жұртына теп-тегіс асфальт жол салып қана қоймай, қол ұшын беруге асығып тұратын «HADID» компаниясының азаматтары сауапты іске білек сыбана кірісіп отыр. Өз демеушіліктерімен әр қайсысының құны 500 мың теңге тұратын 2 тыныс алу түтікше аппараттарымен 100 дана штативті аудандық орталық ауруханадағы провизорлық орталыққа сыйға тартты. Бауыржан Сержанов: «Біздің ауданымыз – өнеркәсіптің ең көп шоғырланған аймақ. Біз осы қадамымыз арқылы басқа да кәсіпкерлерді аудан көлеміндегі ауруханаларға көмек беруіге шақырамыз. «Көп түкірсе көл болады» дегендей, біз біріксек кез-келген медициналық
құрал-жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік туады. «HADID» құрылыс компаниясы қазіргі індеттің кезінде ауылдық ауруханаларға қайырымдылық қолын ұсынуға дайын. Қолымыздан келгенше керек-жарақтарын алып береміз», — деді.

«HADID» құрылыс компаниясы жасаған қайырымдылықты орталық аурухана басшысы Майра Әбдіхалықова жоғары бағалап: «Қара халықтың қамын ойлаған «HADID» құрылыс компаниясына, оның басшысы Бауыржан Сержановқа алғысымыз шексіз. Қолдағы бар аппаратымыздың бірі қолданысқа жарап тұрғанымен, істен шығып қалғандары да бар. Ауруханамыз осындай мәрт азаматтардың көмегіне зәру болып отыр», — деді. Бас дәрігердің сөзіне қарағанда әлі де он шақты дана ИВЛ аппараты мен 30 шақты ауа түтікше концентраты, тонометр, пульсоксиметр өте қажет. Бауыржан Сержановтың игі ісінен үлгі алып, қайырымдылық жасап, көмек қолын ұсынамын деушілер болса, құба-құп!

Айта кетейік, қазір «HADID» құрылыс компаниясы ауданымыздағы ауылішілік жолдарды жөндеумен айналысады. Жалпы аудан көлемінде 27 көшеге орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button