Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпарат

НҰРМҰХАНБЕТ ҚАСЫМОВ

Еңбек және өмір жолы Іле ауданының тарихымен қатар өрбіген Іле ауданының Құрметті азаматы

Нұрмұханбет Қасымов 93 жасқа қараған шағында дүниеден озып, мәңгілік сапарға аттанды. Нұрмұханбет Қасымов 1928 жылы Іле ауданында дүниеге келген. 1945 жылы Шилікемердегі орта мектепті бітіргеннен кейін кино актерлік мектебінде, кейінірек Талдықорғандағы зоотехникалық техникумында оқыды. Еңбек жолын, өзінің туған ауылында қамбашы болып бастаған.

1949 жылдан 1955 жылға дейін Қиыр Шығыстағы Тынық мұхиты теңіз флотында әскери борышын өтеді. Азаматтық борышын өтеп болған соң 1955 жылы бірнеше ауылдың басы бірікітіріліп, жаңадан құрылған «Новый путь» ұжымшарында егіс бригадасының есепшісі, қоймашысы болды. Кейін бұл ұжымшардың аты «Қазақстанның 40 жылдығы» ұжымшары болып өзгертілгенде тауарлы-сүт фермасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы ұжымшарда ол 2000 жылға дейін тауарлы-сүт фермасының және қой фермасының меңгерушісі, ұжымшар төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

1957 жылдан 2007 жылға дейін халық депутаттары, ауылдық және аудандық кеңесінің, аудандық мәслихаттың депутаты болып халық аманатын арқалады.

Жанқияралық еселі жұмысы және жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін «Еңбек Қызыл Ту» ордені және көптеген мерекелік медальдарымен марапатталды.

Нұрмұханбет Қасымов еселі еңбек етумен қатар көптеген жандарға қайырымдылық көмек жасаған жомарт жүректі жан. Байсерке округіндегі спортшы жастарды қамқорлығына алып, оларға қаржылай көмек көрсетіп тұрды. Зейнетке шықса да басқаларға қайырымдылық көмек жасауын тоқтатқан жоқ. Соғыс және еңбек ардагерлеріне, аз қамтылған отбасыларға, мүгедектер мен жалғызбасты аналарға қолынан келген көмегін жасап, оларға үлкен қамқорлық көрсете білді.

Аты аңызға айналған абыз ақсақалдың дүниеден өтуі ілеліктер үшін орны толмас өкініш. Нұрмұханбет Қасымовтың жарқын да жайдары бейнесі жерлестерінің есінде мәңгі сақталады.

Іле ауданының әкіміні апараты, аудандық мәслихат, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, аудандық қоғамдық кеңес және аудандық ардагерлер ұйымы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button