Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратЖетіген ауылдық округі

ЖЕТІГЕН: АУЫЛ — ЕЛ БЕСІГІ

ҰЙЫМДАСҚАН ҰТАДЫ

Ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы. Ауыл – адамзаттың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Бізге дейін сан толқын ұрпақтың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Осындай қасиетті де киелі мекеннің бірі – Жетіген ауылдық округі. Егемендігіміздің көк байрағы көкке желбірегелі бері мемлекет тарапынан ауыл халқының замана көшінен қалмай жақсы өмір сүруі үшін көптеген бағдарламалар қабылданып, сан түрлі шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесі болар, бүгінде Жетіген ауылдық округіне қарасты елдімекендердің еңсесі көтеріліп, сән-салтанаты артып, сонымен бірге халықтың да тұрмысы барынша жақсарған. Алматы қаласынан 50 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан осы өлкенің бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігімен кеңірек танысу үшін округ әкімі Нұрлан Әбілұлы Әбілевты сөзге тартқан едік.

– Нұрлан Әбілұлы, кез-келген елдімекеннің тарихы болатындығы сөзсіз ғой. Кезінде бұл жер Николаевка деп аталып еді?…

– Дұрыс айтасыз. Жетіген ауылдық округі тарихына көз жүгіртер болсақ, кезінде Шыңғысханның жер қайысқан қолының шапқыншылығынан құрып кеткен ескі қаланың орнына 1854 жылы Николай патшаның үкімімен қорған салынды. Қорған атақты Жібек жолының бойында орналасып, ақ патша оны Верный деп атады. Бұл жерде көбіне қазақтың бұрнағы шапырашты, дулат, албан рулары және тағы басқалары орналасқан болатын. Верный қорғаны Семипалат облысымен және 12 казак пикетімен байланысып жатты. Өз кезегінде казактар пошта қызметін атқарды. Пикетте сібір казактарымен қатар, Ресей мен Украйн жерінен келген казактар да болды. Казактар келгеннен кейін елді отырықшылдыққа айналдырды, егін салып, мал шаруашылығын дамыта бастады. Олар Көтентай (Николаевское), Осташкино (Покровское), Қарасу (Дмитревское) Көтентай, Қарасу, Есентай өзендерінің бойын бойлай орналасты.

1929 жылдан бастап, ауыл шаруашылығын күшпен ұйымдастыру басталды. Қызыл комунна, колхоздар құрыла бастады. Николаевкада комуннаны тұрғындардың өздері құрды. Ұйымдастырушы Максим Петрович Дьяченко колхоздың құрылғаны жайлы хабарлады. Колхоздың алғашқы председателі болып Иван Ермолаевич Бушев сайланды. Колхоз адал еңбекшілердің арқасында күннен-күнге көркейіп, аудандағы ірі колхоздардың біріне айналды. Тұрғындардың саны көбейіп, көптеген ұжымдар құрыла бастады. Мектеп, дәрігерлік бөлім, балабақша, дүкендер, байланыс бөлімшелері, кітапханалар, Мәдениет үйі бой көтерді. Колхоз председательдері ауысып отырды. Бірақ, олардың әр-қайсысы Николаевка селосының дамуына өз іздерін қалдырды.
Осы орайда селолық Советтің төрағасы, «Социалистік Еңбек Ері», халқына адал азамат Жексенбек Құдайбердіұлын айтуға болады. Николаевка күн санап өсе түсті. Түріксіб теміржол магистралі бірыңғай теміржол жүйесіне қосылып, 1931 жылдың қаңтарынан бастап, Жетіген станциясы арқылы өтетін болды. Қазақстан Республикасының ономастикалық комисссиясының шешімімен Николаевка 1993 жылдың 22 шілдесінен бастап, Жетіген ауылы деп аталатын болды.

– Округте қай салаға басымдылық берілген?

– Бүгінде Жетіген округіне қарасты 5 ауыл бар. Тұрмыс-іршілігі еңбекпен біте қайнасқан ауылдардың бірінде мал шаруашылығы дамып, енді бірінде егіншілік, оның ішінде, бақша алқабы қанатын кеңге жаюда. Экономикалықт белсенді халықтың көпшілігі ауыл шаруашылығының жекелеген салаларында еңбек етеді. Атап айтсақ, бүгінде округте 282 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Аталған фермерлік шаруашылықтарға тиесілі жер учаскелерінің жалпы көлемі – 91 883 гектар, оның ішінде: егістік алқабы – 8 529 гектар, жайылым – 83354 гектарды құрайды. 2019 жылы ауданы 8 846 гектар учаскеде дәнді дақылдар, көкөніс және жем-шөп дақылдары егілді. Егістен 4 066 центнер күзгі бидай, 11 129 центнер жазғы арпа, 104 325 центнер жүгері, 302 214 центнер көкөніс және 14,6 тонна азық жиналды. Биылғы көрсеткіш одан жоғары болады деп күтілуде. Егіс алқаптарынан мол өнім алу үшін оған ең алдымен жақсы күтім жасап, уақытымен суару керек. Осы бағытта «Қызыл ту» каналының 1 шақырым жеріне бетон науалары төселіп, 2,5 шақырым жеріндегі арнаны тазалау жұмыстары жүргізілді. Биыл «Еңбек-Самбет» арнасы бойынша бетон науаларын төсеу бойынша жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, шаруа қожалықтарында жаңа технология – тамшылатып суару әдісі кеңінен қолданылады. Атап айтсақ, «Чахаев» шаруа қожалығы 66,0 гектар жерде тамшылатып суару әдісімен көкөніс дақылдарын өсіруде. Биыл егіс алқабының көлемі 15 гектарға ұлғайтылды. «Сулейманов» шаруа қожалығы 15 гектар жерде тамшылатып суару арқылы көкөніс өсіріп, биыл егіс алқабын 10 гектарға ұлғайтты. Жиналған өнімді сақтау үшін округте жалпы сыйымдылығы 8000 тонна 3 тұрақты көкөніс қоймасы жұмыс істейді.

«Нурбакимов» шаруа қожалығы көкөніс дақылдарын өсіру үшін 5 гектар жерге жылыжай салып жатыр. Инвестициялық салым – 180 миллион теңгені құрайды. Жылыжай құрылысын 2020 жылы аяқталады деп отырмыз. Егін шаруашылығынан басқа, округте мал шаруашылығы кең өркен жайып келеді. Округте 5311 ірі қара мал, 5 809 қой, 317 жылқы, 218 шошқа, 11 895 құс бар. Жаңа тұқымды шығару және жоғары өнімді мал басын өсіру үшін округте инфрақұрылымы дамыға200 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы салынды. «Сұңқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2000 бас ұсақ мал өсіреді, алдағы уақытта шаруашылық иесі мал тұқымын селекция әдісімен өсіріп, жақсартуды жоспарлап отыр.

Биыл округте «Nauryz Agro Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бройлер құс фабрикасының құрылысын бастады. Жыл аяғына дейін іске қосылмақ. Бұл кәсіпорын 450 адамды жұмыспен қамтып, жылына 15 мың тонна құс етін шығаруды жоспарлап отыр.

– Алматы қаласы жақын болғандықтан өнеркәсіп те дамып келе жатқан шығар?

– Олай деп айта алмаймын. Жетіген округіне қарасты екі авиациялық ұшқыштар әскери бөлімі жұмыс жасайды. Онда офицерлер мен жауынгерлер азаматтық міндеттерін өтейді. Елбасымыз Н. Назарбаевтың арнайы келуімен 2009 жылы тамыз айында салтанатты түрде ашылған «Жетіген-Қорғас» теміржол желісі жұмыс істеп, 3000-нан астам адамды еңбекпен қамтып отыр. Қазақстан темір жолының Алматы филиалының теміржол бекеті Жетіген учаскесінде орналасқан. Ол 2011 жылы ашылды, ал 2012 жылдың қыркүйегінде жолаушылар пойыздарының қозғалысы басталды. Құйған ауылында кірпіш шығаратын ЖШС «Былғары КZ» жұмыс істейді. Өкінішке орай, округте басқа өнеркәсіп орны жоқ.

– «Кәсібің – нәсібің» — дегендей, өзінің жеке шаруасын дөңгелетіп, табыс тауып отырғандар туралы не айтар едіңіз?

– Бүгінде шағын және орта бизнесті қолдау мен дамыту маңызды міндет болып табылады. Округ бойынша кәсіпкерлік саласында 353 жеке адам тіркелген. Халықты азық-түлікпен, бірінші кезектегі қажетті тауарлармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында 89 сауда объектілері, 11 тамақтану орындары, 12 тұрмыстық қызмет көрсету объектілері, 2 наубайхана, 7 дәріхана, 3 автомобиль жөндеу шеберханасы, 3 көкөніс сақтау қоймасы, 2 жанар-жағар май сақтау станциясы жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде округте 1 дүкен және 1 қоғамдық тамақтану нысаны ашылып, 10 адам жұмысқа орналастырылды.

2019 жылы ауылдық округ әкімдігі мен кәсіпкерлер арасында халық тұтынатын тауарлар бағасын реттеу және әлеуметтік бөлімдерді ұйымдастыру бойынша меморандум жасалды. Жеке кәсіпкерлермен және фермерлік шаруашылықтардың басшыларымен шағын және орта бизнесті несиелендірудің республикалық және жергілікті бағдарламаларын түсіндіру тақырыбы бойынша семинарлар мен кездесулер өткізіліп тұрады. Жайық Қайратұлы Көбентай, Бибігүл Төлепова, Пашали Деловаров, Елена Камалова, Роза Сагдуллина, Қанат Мадиев, Рустем Ушуров, Шарапат Сыдықбекова, Екатерина Ахметова сынды кәсіпкерлер біздің округтің мақтанышы. Олар кез келген уақытта көмекке зәру жандарға қол ұшын беріп, жәрдем жасайды.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы сіздерде қалай жүзеге асырылуда?

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша №11, №3 және №33 орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жетіген ауылының Калибеков, Жамбыл көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалынды. Сонымен қатар, осы елдімекендегі Ш. Уәлиханов, Ә. Молдағұлова көшелеріне көше тренажерлары орнатылды.

Ал, жол мәселесіне келетін болсақ, Жетіген ауылдық округі әкімінің аппараты елдімекендердің 31 көшесін ағымдағы жөндеуге бюджеттік өтінім жіберді. Оның ішінде 4 көше, атап айтқанда, жалпы ұзындығы – 3 450 метр болатын Жетіген ауылындағы Жаңаталап, Бірлік, Ұлытау көшелеріне Еңбектегі Сарысу көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жұмыстарын жүргізу үшін «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 19 650 000 теңге бөлініп, қаржыландырылды.

Өткен оқу жылының басында жалпы білім беретін мекемелерге баратын жолдарда жаяу жүргіншілер өткелінің 9 жол белгілері орнатылып, 14 жол белгілері (зебра) жаңартылды.

Жалпы бірнеше ұлт өкілдері тұратын Жетіген округіне қарасты елдімекендердің тыныс-тіршілігі көз қуантарлықтай. Тұрғындардың көпшілігі өз кәсібін ашуға бейімделген. Біраз адамдар аудан орталығы мен Алматы қаласына қатынап жұмыс істейді. Бос жүргендер жоқ деп айтуға болады. Округ әкімшілігі барлық мәселені қауымдастық кеңесімен, ауылдық ақсақалдар ұйымымен бірлесіп шешеді. Атап айтсақ, төтенше жағдай кезінде ауыл ақсақалдары мен қауымдастық мүшелері және мұғалімдер «Біз біргеміз!», «Біз үйдеміз!» акциясы негізінде аз қамтылған отбасыларына азық-түлікпен көмек көрсетіп, бұл бастама ары-қарай қайырымдылық эстафетасына ұласты. Округтегі барлық мектеп оқушылары мен ата-аналары да осы акцияға өз үлестерін қосты. «Bizbirgemiz» акциясы барысында Іле ауданының «Jas Оtan» жастар қанатының бастамасымен карантин енгізілген сәттен бастап бүгінгі күнге дейін округ тұрғындарына Арказ Инвест демеушілігімен 203 отбасына және жергілікті кәсіпкерлермен, еріктілер тобымен, мектеп ұжымымен барлығы 720 отбасына 2 849 500 теңгеге азық-түлік себетімен көмек көрсетіліп, әкімдік тарапынан 16 000 бетперде тегін таратылды.

Төтенше жағдай кезінде және бүгінгі күні де діни бірлестіктер (мешіт) басшылары тарапынан 141 аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге азық-түлік себеттері берілді. Ел басына сынақ түскен қиын сәтте жетігендіктер осылайша ұйымшылдықтың, ауыз-біршілік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті. Осы ретте округ ардагерлер ұйымының төрағасы Асқар Махмұдұлы Юсуповтың, ардагерлер Қаниза Әбдіразаққызы Нұранованың, Оразхан Шалқарұлы Тоқымбаевтың, Рашида Сейдалиевна Ушурованың, Бақытжан Жаңабаевтың елді бірлікке шақырып барлық шараларды ұйымшылдықпен өткізгендігіне жер-лестерінің риза болғандығын айтқым келеді. Жалпы алғанда ардагерлер бастаған округ тұрғындары осынау сындарлы сәтте шыдамдылық пен сабырлылық танытып, қажыр-қайраттарымен індетке қарсы тұра білді. Сірә, ұйымдасқан ұтады деген осы шығар.

– Әңгімеңізге рахмет.

– Сау болыңыз!

БАСТЫ БАЙЛЫҚ — ДЕНСАУЛЫҚ

Округ аумағында 1 ауылдық аурухана және 3 фельдшерлік пункт бар (Жаңа Арна, Еңбек, Құйған,). Ауылдық аурухана 75 пациентті амбулаторлық көмек көрсету үшін және тәулік бойы 25 стационарлық төсек-орындармен қамтамасыз етілген. 2 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. 11 дәрігер мен 67 медбике медициналық қызмет көрсетеді.

Халыққа медициналық көмек көрсету электрондық стандарт жүйесіне сәйкес келеді: аурулардың бірыңғай электрондық базасы, госпитализациялау базасы, Стационарлық науқастардың электрондық тіркелімі және МИС-Жетісу бағдарламасы жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау саласында жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Туберкулездің дер кезінде диагностикасын жасап ауыл тұрғындарының барлығы дерлік флюрографиядан өтті.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Округте 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпы практика учаскелік дәрігерінің қосымша 2 ставкасы және жалпы практика учаскелік медбикелерінің 6 ставкасы бөлінді, отбасылық дәрігерлердің жаңа 2 учаскесі құрылды. Оның ішінде қазіргі уақытта құрамында 1 ЖТД (жалпы тәжірибе дәрігері) және 3 учаскелік медбике жұмыс істеп, 1 ЖТД (жалпы тәжірибе дәрігері) учаскесі ұйымдастырылды.

Жетіген ауылдық ауылдық округінде МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Күн сайын тұрғындар арасында медицина қызметкерлерімен, округ ұйымдарының басшыларымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Жедел және шұғыл медициналық көмекті дамыту бағыты бойынша қазіргі уақытта Жетіген ауылындағы ауылдық ауруханада 2 АМК (алғашқы медициналық көмек) бригадасы жұмыс істеуде, олар:кардио-реанимациялық бригада және жеке фельдшерлік бригада. Шұғыл жеде көмек бригадаларының санының артуына байланысты шақыруларға қызмет көрсету сапасы жақсартылды, шақыруға келу уақыты қысқартылды.

Округ бойынша короновирус инфекциясының болдырмау шаралары қолға алынып, бүгінгі таңда медициналық қызметкерлердің күдікті науқасты (коронавирустық инфекция) анықтау кезіндегі әрекеттерінің алгоритмі, алдын алу шаралары, қолды жуу техникасы, үйді қалау тазалау туралы қосымша деректер беріліп отырылады.

БІЛІМ САЛАСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қабылданған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономиканың тұрақты өсуі үшін сапалы білімге қол жеткізуді қамтамасыз ету жолымен адами капиталды дамыту басты мақсат екендігі атап көрсетілген.

Ауылдық округте 5 орта және 1 бастауыш мектеп бар. Оқу орындарында 4475 оқушы оқиды. Өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде 387 педагог жұмыс істейді.

Округте МКҚК «Балдырған» балабақшасы және 10 жекеменшік балабақша жұмыс істейді, онда 730 бала тәрбиеленуде. «Балдырған» балабақшасында «Мүгедектерді оңалту» бағдарламасы бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту кабинеті жұмыс істейді. Онда тіркелген 104 мүмкіндігі шектеулі балаларға: логопед, дефектолог, массажшы, психолог қызметтері көрсетіледі.

Балаларды тегін тасымалдау бойынша 388 бала, оның ішінде: 65 бала Еңбек ауылынан Жетіген ауылының №3, 58 бала Қайрат стансасынан Дәулет ауылының №11, 265 бала саяжай массивінен Заречное ауылының №12 орта мектебіне тасымалданады.

Білім беруді ұйымдастыру кезіндегі мектептер, оқушылар білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының 6-шы бағытын іске асырады.

2019 жылы жаңартылған бағдарлама бойынша 240 пән мұғалімі курстан өтті.

2019-2020 оқу жылында мектеп бітірген 169 түлектің ішінде ұлттық бірыңғай тестілеуге 118 оқушы қатысты. Қорытынды аттестаттау қорытындысы бойынша 18 бітіруші «Алтын белгі» және 9 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атанды.

№11 орта мектептегі Ж. Құдайбергенов атындағы кадет сыныптарында 42 оқушы оқиды. Барлық мектептер компьютерлермен қамтамасыз етіліп, интернет желісіне қосылған. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтардың, білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған пандемия кезеңінде COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу үшін Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 12 наурыздағы №20 қаулысының негізінде Білім министрінің Жарлығы шыққан болатын.

Осы негізде білім мекемелерінің қызметкерлері қазіргі уақытша қиыншылықтан шығу үшін аянбай еңбек етуде. Округ көлемінде қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып, оқу процестері ұйымдастырылды. Онлайн түрде ата-аналар жиналысы, «Мен қашықтықтан қалай оқимын?», «Өзіңді вирустық аурулардан қалай сақтауға болады?» тақырыбындағы сынып сағаттары, пән мұғалімдері дайындап жатқан видеосабақтар, жұртшылық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Округте білім беру процесіне қатысушыларға, жағдайы төмен отбасыларына тиісті көмек көрсетілді. Алдағы оқу жылының І тоқсанын округтегі 6 мектептің 4487 оқушысы мен мұғалімдері сабақты қашықтықтан оқыту технологиясымен бастайды. Әр сабақтың жүйелі өтуіне, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында оқушылар мен ұстаздарды әртүрлі интернет жүйелері байланыстырмақ. Қазіргі кезде барлық мұғалімдер Daryn-online, Bilimlаnd, Іmektep.kz, Kundelik.kz платформалары мен Телеграмм, WhatApp желілеріне қосылған.

Енді жаңа оқу жылына дайындық қызу жүргізілуде. Жетім, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары үшін жыл сайын «Мектепке жол» акциясы өткізіледі. Ағымдағы жылы акциямен 110 оқушы қамтылып, оларға жалпы сомасы 500 000 теңгеге оқу жылына дайындық жұмыстарына көмек көрсетілді.

АУЫЛ КЕЛБЕТІНІҢ АЙНАСЫ

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында округ мекемелері мен ұйымдары осы өлкеде тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлттық бірлікті нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданылуын қамтамасыз етеді. Ол үшін мемлекеттік тілді білуге тест, логикалық тапсырмалар, тілді үйренуге ынталандыру түрінде жүйелі тексерулер жүргізіледі. Мемлекеттік қызметшілерді бағалау критерийлерін сақтау мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеру үшін тест тапсыруға міндеттейді.

Жетіген ауылдық округі бойынша «Қазақстан Республикасында тілдердідамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы» Облыс әкімінің 2014 жылғы 3 наурыздағы №57 қаулысын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік мекемелер бойынша жұмыс жоспары жасалып, әр тоқсан сайын іс жүргізу тілі, мемлекеттік тілді пайдаланудың пайыздық арақатынасы тексеріледі, сондай-ақ әкімдікте барлық хат-хабарлар мемлекеттік тілде, орыс тіліндегі құжаттарға жауаптары мемлекеттік тілде де қоса беріледі. Осы кезеңде «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясының аясында сауда нысандары, түрлі сервистік қызметтер бойынша жарнамалық плакаттарды, нысандар атауларын дұрыс ресімдеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Мәдениет – елдің өткені, бүгіні мен ертеңі. Мәдениет – қоғам келбетінің айнасы десек, қателеспейміз. Рухани құндылық, яғни адами асқақ рух бар жерде кез келген тығырықтан шығуға болады. Өнері өркендеп, мәдениеті гүлденген рухы мықты елдің қашан да келешегі жарқын десек, жетігендіктер бұл жағынан үлгі бола алады. Округте «Элегия» вокалдық тобы және «Лотус» би тобы үлкен танымалдыққа ие болды. Оқушылардан құрылған «Элегия» вокалдық тобы бірнеше рет республикалық және халықаралық сайыстардың жеңімпазы атанды. Аудандағы мәдени шаралар осы топтың қатысуынсыз өтпейді десек, қателеспейміз.


Мәдениет үйі ғимаратының жоқтығына қарамастан, округте мәдени, ойын-сауық шаралары қызықты әрі мазмұнды өткізіледі. Жастар шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, қоғамдық бірлестіктермен бірлескен жұмыстарды ұйымдастырады. Жоспарға сәйкес округте 9 мамыр, Наурыз, Тәуелсіздік күні, 8 наурыз және тағы басқа күнтізбелік күндер мерекесіне арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар, концерттер, қайырымдылық кездесулер, тақырыптық кештер өткізіледі. Сонымен қатар, округ тұрғындары ауданда өткізілетін түрлі фестивальдер мен іс-шараларға үнемі қатысады. Жалпы округте мәдени-көпшілік іс-шаралар ақсақалдар, аналар, қоғамдық бірлестіктер және округтің білім беру мекемелерін қызметкерлерінің қатысуымен өткізіледі. Биыл құрамында музыканттар мен хореографтар бар көркемдік кеңес құрылды. Кеңеске №11 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орыбасары А. Мельник жетекшілік жасайды. Көркемдік кеңестің міндеті округ тұрғындарының игілігі үшін іс-шараларды сапалы ұйымдастыру және өткізу болып табылады.

Округте 4850 кітап қоры бар ауылдық кітапхана жұмыс істейді, тұрақты оқырмандар саны – 780-800 адам. Ауылдық кітапхана «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша кітап көрмелері, түрлі іс-шаралар ұйымдастырды.

ӘЛЕУМЕТ БОЛСА ӘЛЕУЕТ БАР

Округте мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрмысы төмен отбасылар мен жалғызбасты аналарға үнемі қолдау көрсетіледі. Атап айтсақ, 2019 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек бойынша 402 отбасына 234 165 000 теңге сомасында балалар жәрдемақысы, 374 адам санымен 143 отбасына 3 208 479 теңге сомасында тұрғын үй көмегі төленді. 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес округтен 11 адам оқуға жіберіліп, барлығы жұмысқа орналастырылды. Бұқаралық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша жұмыспен қамту орталығының мәліметтеріне сәйкес шағын несие беру аясында 4 адам 16 000 000 теңге көлемінде шағын несие алды. Сонымен қатар, мүгедек балаларды үйде тәрбиелеуге және оқытуға 19 балаға 828 237 теңге әлеуметтік, Ұлы Отан соғысының бір қатысушысына 90 900 теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Ауған соғысында қаза тапқандардың отбасылары, мүгедектер бар – барлығы 22 адамға 1 540 000 теңге көлемінде, Чернобыль апатынан зардап шеккен 6 адамға 300 000 теңге көлемінде бір жолғы көмек берілді. Өкпе ауырымен сырқаттанып, дәрігерлік есепте тұрған 4 адамға 210 960 000 теңге әлеуметтік көмек берілді. Жұмыспен қамтуды үйлестіру бағытында қосымша бөлінген жұмыс орындарына округ азаматтарына құжаттарын рәсімдеп өткізуге кеңес беріліп, көмек жасалынды. Төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған адамдарға беріліп жатқан жәрдемақыны алу тәртібі түсіндіріліп, қажетті қолдау көрсетілді. Округ бойынша аса маңызды азық-түліктерге апта сайын мониторинг
жасалынып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шаралары жасалынып отырады және азық-түлік дүкендерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін әлеуметтік бұрыш орнатылған.

 Материалдарды дайындаған
Р. АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button