Алматы облысының жаңалықтарыБілім және ғылымМәдениетМерекелер

АБАЙДЫ АЛЫП ДЕСЕК АРТЫҚ БОЛМАС…

Абайды айтқанда менің көз алдыма сахара шөлдегі алып бәйтерек елестейді?

Аптап ыстықтың желіне бой бермей, тереңде жатқан суға тамырын созып, өлмей, бұтағына құс қондырып, тіпті құрт-құмырсқаға да азық болып, жолаушыға көлеңкесін тосып, ақырында алыстан мұнартып бағасын биіктеткен алып дарақ қасиетті емес деп кім айта алады? сірә да ешкім…

Міне мен Абайды осылай түсінем, ғасырдың бір туар тұлғасы, қайталанбас хакім. Келер ұрпаққа да берер азығы аз жүк емес.

Абай өзінің жырында:
Шарықтап шартараптан көңіл сорлы
Таппаған бір тиянақ не еткен қуыс?
Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,
Өзіңе құмар қылған оның әмірі.
Өзгені ақыл-ойға қондырады,
Біле алмай бір тәңіріні болдырады.
Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен,
Талпынып тары да ойлап зор қылады.
Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын,
Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, – дейді.

Олай болса хакім Абай оймен білген нәрсесі неткен дәрі? Осыншама ақынды алысқа жетелеген не? — деген сансыз сұрақтар ойымды қамшылайды. Ойлана келе ұққаным, келешек жасқа «ойлы бол, ойыңнан ғибрат ал, құр мүлгіп жатып, қарын тойдырма, оймен білген құмарлығың жаныңа дәрі емес пе?» дейтіндей. Осыны ойлай келе ұстаздық жолды таңдадым. Оным дұрыс болыпты.

Абай ақын айтқандай:
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға

Мен өзім де үйреніп, өзгеге де үйретіп, жастардың көкірек көзін ашуға атсалысып, балаға оңы мен солын тануға барынша бағыт беріп, елге адал қызмет етуге баулып, өзім де барынша артық қателесуден бойымды аулақ ұстап, құр мақтанға елітпей, бағытымнан ауытқымай келе жатырмын.

Адамшылық ар, ұят саудаға түспеуі керек. Әділдік мейірімі бар жүректе деп білемін. Адам қанша оқыса, жүрегін таза ұстап пендешілікке кірлетпесе, күндеу мен қызғанышқа бет бұрмаса, жаны жайсаң талай жан бірлікке ұмтылмайды ма? Жұлқысса жаға жыртуға дайын тұратын жастарды тәрбиелеп, әділдіктің жолында малын да, жанын да, арын да садаға ететін, санасы биік, ыстық қайраты бар, нұрлы ақылы толысқан жандар ғана мына жаңа ғасырдағы қазақ деген елді алдыға жетелейді. Құр сөзден қуырдақ пісіріп, жуандарға бас шұлғып, тектілерді тобықтан қақпайтын қара емендей қасиетті үлкендерімізді үлгі тұтып, барымызды бағаласақ, жоққа жетеміз. Өйткені, біз Абай деген алыптың ұрпағымыз, қазақ деген қасиетті ұлттың жалғасымыз. Абайдың күллі шығармашылығында «адам болу» деген бір ғана мәселе бар. Ойлап отырсақ ауыз әдебиеті болсын, оның ішінде жыраулар поэзиясы болсын, байырғы әдебиетімізде «елдік, тағлым-тәрбие» деген дүниелер бірінші кезекте болған. Абай шығармашылығы да сол, идеялық тұрғыда төл әдебиетіміздің заңды жалғасы сияқты көрінеді. Ұлы ақын саналы ғұмырында тек қана ел түзеуді мақсат еткен. Кейде ашумен айтса, кейде таусылып айтады. Бірақ қалай айтса да, қазақ деген қаймана халықтың ешкімге жаутаңдамай, түзу жүріп-тұрмағын ойлаған.

Қасым өзінің қара жырында:
Абай десе Абайсың,
Абайладың жан-жақты.
Риза еттің, жарайсың!

Қалың елің қазақты, — деген. Қасиетті қазақ елінің айбарлы асқақ алтын тауы Абай хакімнің туылған 175 жылдық мерейлі тойы барша исі қазақ ұғландарының мақтанышты күндері деп білемін.

А. РАЙЫМҚАНҚЫЗЫ,
тарих пәнінің мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button