Алматы облысының жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғам

СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШЕТІН УАҚЫТ КЕЛДІ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деген тақырыппен Қазақстан халқына жолдаған жаңа Жолдауымен танысып шықтым. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл Жолдау сөзден іске көшуге әзір, кемел келешек үшін алға ұмтылған жаңа Қазақстанның бейнесін танытып, алдағы жылда Қазақстан қоғамының өткір саяси мәселелерді талқылауға белсенді қатысуға дайын екенін көрсетті. Бүгінгі күнде еліміз  пандемияға байланысты дағдарыс салдарынан таптаурын болған тақырыптардан жалығып, қоғамдық-саяси реформалар жасауға халықтың сұранысы артып отыр. Сондықтан да Президент Қ.Тоқаев өз сөзін «Мемлекет басқарудың жаңа үлгісін» құрып, мемлекет басқару ісіне реформа енгізу керектігінен бастады.  Елдің саяси жүйесін кезең-кезеңмен жаңаша жаңғыртуға шақыра отырып: «…Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби бі­лікті, озық ойлы және бастамашыл ма­ман­­дар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жет­пейтін жабық кастаға айналмауға тиіс» — деп, ел басқару ісіне білімді, жігерлі жастарды көптеп тарту мәселесін сөз етті.

Келесі кезекте жаңа жағдайдағы экономика мәселесі сөз болып, тек мұнайдан түсетін табысқа иек артып қоймай, әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру бүгінгі таңдағы өзекті мәселе екенін атап өтті. Мемлекет басшысы осы орайда еліміздің жаңа эконо­ми­калық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керектігін айтты. Атап айтқанда, игіліктер мен міндеттердің әділ бөлі­нісі, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу, өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру, адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту, «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау мемлекет тарапынан дәйекті ше­шім­дер қабылдау және сол үшін қоғам ал­дында жауапты болу ел дамуының кезек күттірмес меселелері. Осы орайда, «Жасыл» экономиканы дамыту барысында ауыл шаруашлығына аса мән беріліп, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытуға инвестиция тартылып, ауылдағы ағайынға субсидя бөлінетіні жанға қуаныш сыйлайды. Жер демекші, Перзидентіміз ел көкейінде жүрген түйткілді сауалға жауап беріп, «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды», — деп кесіп айтты. Мұның өзі Қасым-Жомарт Кемелұлының әріден ойлайтын, кемел басшы екендігін білдірсе керек.

Қазіргі таңда пандемияға байланысты әлем халқы қашықтан білім алып жатыр. Қазақстан Республикасы да өскелең ұрпақтың келешегі үшін алаңдап, жас жеткіншектердің денсаулығына бей-жай қарамай,  бұрын-соңды тәжірибеде болмаса да, қашықтан білім алу үрдісіне көшті. Алайда, қашықтан оқыту кезінде ұстаздардың қызметі күрделеніп, ауырламаса, жеңілдеген жоқ. Кейбір кісілер: «үйлерінде жатып айлық алып жатыр», — деп, әртарапқа сөз жүгіртсе де, мұғалімдер қауымының иығындағы жүктің ауыр екені баршамызға мәлім. Мінекей, ғұламаны да, батырды да, ғалымды да, әкімді де білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың қызметінің аса жауапты екенін жанымен сезіне білген ел басшысы Қ. Тоқаев: «Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бас­тап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабыл­дадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді» — деп, ел болашағына алаңған жан білім шамшырағы ұстаздардың әлеуметтік жағдайын көтеруге күш салатынын іс жүзінде дәлелдей алды. Мемлекет басшысы білім саласын дамыту жұмыстары тек қана ұстаздардың жалақысын көтерумен шектелмейтінін, бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз етіп, мектептегі оқулық сапасын арттырып, жас ұрпақты мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ кәсіпкерлікке баулу керектігін баса айтты. Ол: «Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалып­тас­­тыруға басымдық беріледі. Сол се­бепті «Кәсіпкерлік негіздері» пәні мек­­тептен бастап жоғары оқу орнына де­йін­гі барлық білім беру сатысында оқы­ты­луы керек» — дей келе, кәсіпкерлікпен қатар өскелең ұрпақтың шығармашылық және спорттық әлеуетін көтеру мәселесін де тілге тиек етті. Спорт – денсаулық кепілі. Сол себепті, спортқа да ерекше көңіл бөлінетіні көңілге шаттық сыйлайды.

Елімізге келген Пандемия Қазақстанда денсаулық сақтау саласында әлі де болса олқылықтар бар екенін дәлелдеп, халқымыз мұндай сынаққа дайын еместігі байқалды. Мемлекет басшысы Білім саласын қозғай отырып, өз ісін жетік білетін білімді дәрігерлер аз екенін, пандемияға орай эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандық иеленетін дәрігерлерді даярлап, алдағы уақытта осындай сындарлы сәтте дайын болуымыз керектігін де назардан тыс қалдырмады. Сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында фармацевтика саласын мықтап қолға алмасақ, шет елге дәрі-дәрмек тәуелділігін жоя алмайтынымыз да – ел Президентінің Жолдауында айтылған өзекті мәселелердің қатарынан орын алды. Иә, мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың жаңа Жолдауын тыңдап, мән бермей қалған тұстарын қайта оқып, елімізде атқарылуы керек біршама өзекті мәселе барын байқадық. Егер бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір кісідей жұмыла әрекет жасасақ, Президент Жолдауын сөз жүзінде қалдырмай, іс жүзінде асырсақ, онда біздің еліміз таяу жылдарда еңсесін тіктеп, алға қарай қарышты дами алады. Ол үшін әрбір маман өз ісімізге жауапкершілікпен қарап, қызметімізді тыңғылықты атқарсақ, мемлекет дамуына қосқан үлесіміз болмақ. Ойымызды Президент сөзімен қорытындыласақ, «Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек». Ал, Абайша айтсақ, «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел»…

 

А. ЕРЖАНОВ

Tags

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close