Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыЧапаев ауылдық округі

ХАЛЫҚТЫҢ БІРЛІГІ ҚИЫНДЫҚТЫ ЖЕҢЕДІ

«Ауыл – қарадомалақ қазақтың баласы үшін бойына кәдімгідей энергетикалық қуат беретін аккумулятор сияқты». Осы фразаны мен қайдан естігенімді білмеймін. Бірақ маған қатты ұнады. Алматы сияқты үлкен шаһарға іргелес орыналасқандықтан Чапаев ауылы, ауыл баласына ғана емес аудан мен облыс экономикасына да жан бітіріп, тыңнан түрен салып экономикалық-әлеуметтік салаға да қомақты қаржылық қуатын төгіп жатқаны бәрімізге аян. Қазір осы атауы қызыл кеңестің қызыл әскерін еріксіз еске салатын Чапаев ауылын Қанат Рахимов сынды жас әкім басқарып отыр.

Жас болса да ойы мен ісі бір-біріне қабысып жататын, тыңғылықты ісімен ерекшеленіп келеді. Ауылдың пандемияға қарсы тұрған қауқарынан-ақ бірлігі мен берекесін байқауға болады. Біз Қанат Рахимовты сөзге тартып, ауыл жағдайын сұраған едік:

– Қанат Қасымханұлы, Сізге қойылатын алғашқы сұрағымыз, ауыл атауын қашан өзгертесіздер?

– Біздің ауылға ат басын тіреген әр қазақ баласының қоятын сұрағы да осы Чапаев атауының өзгертілуі туралы өрбиді. Бізден ешқандай кінә жоқ. Өзімнің де қалауым сол. Қолымызда тұрса бүгін-ақ халықтың талқысынан өтіп, ойынан шыққан қазақша ат беріп, кіре беріске жарқыратып жазып қоятын едік. Ауыл әкімдігі тарапынан берілген сұраныста «Байкент» атауы сонау Нұр-Сұлтан қаласынан қайтып, облыстық мәслихат кеңсесіне келді. «Байкент» атауын ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес, аналар кеңесімен келісе отырып таңдалды. Енді мораторийге байланысты құжаттар тоқтап тұр. Қол қойылып, бұйрық уысымызға түскен күні-ақ ауыстыратын боламыз.

– Сіз басқарып отырған округтегі мектептер қашықтықтан оқытуға дайын ба?

– Округте екі мектеп бар. Биыл 1-сыныпқа 86 шәкірт қабылданды. Жалпы 1-11 сынып аралығында 992 бала оқитын болады. Әлеуметтік жағынан төмен отбасынан шыққан 45 балаға компьютер, 4 балаға ноутбук уақытша пайдалануға берілді. Барлық ауылдағыдай бізде де қиындықтар бар. Бірақ, барлығы уақытша дүние. Қазір осы мәселе бойынша аудан әкімдігі және аудандық білім бөлімімен бірлесіп шешу жолдарын қарастырудамыз. 5G ғаламтор мұнарасына тапсырыс берілді. «Арал» мен «Жұмбақтас» шағын ауылдарын біріктіретін аспалы көпір салынып, көшелері толықтай жарықтандырылды.

– Ауылдағы көпбалалы аналарымыз әлеуметтік көмектерін тұрақты алып тұра ма? Жалпы саны қанша?

– Ауыл әкімдігі барлық ауыл азаматтарының тыныс-тіршілігін жіті бақылап, мониторинг жүргізіп отырамыз. Халықты әлеуметтік қорғау бағдарламасының басты нысаны – әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың материалдық жағдайының жақсаруына қол жеткізу, жұмыссыздық пен кедейлікті азайту. Аудан тұрғындарына көмек көрсетудің негізгі тетігі үкіметтен бөлініп отыратын атаулы әлеуметтік көмегін тізімдегі отбасылар айына, тұрақты түрде алып тұрады. 2020 жылғы 1-қаңтардан бастап жәрдемақылар 27 отбасына тағайындалды және төленді. Оның ішінде 12 көпбалалы отбасы, 8 толық емес отбасы, 1 мүгедек, 1 мүгедек баланы тәрбиелеп отырған бар. Бұл ақшалай түрде шамамен 7 миллион теңгені құрайды.

– Жергілікті азаматтардың жұмыспен қамтылуы қандай деңгейде?

– Чапаев ауылдық округінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру жоспарына сәйкес, төтенше жағдай кезеңінде азаматтарға жұмыс табуға көмектесу үшін 19 өтініш нысаны ұсынылды, оның 3-уі жұмысқа орналастырылды, қалған 16 адам төтенше жағдай аяқталғанына байланысты бас тартып, бұрынғы жұмыс орнына оралды. Енді қазір біздің пайымдауымызша экономикалық белсенді халық — 4880 адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — 1540 адамға жетті. Шағын және орта бизнесте 111 коммерциялық ұйым бар. 3 сауда үйі, 65 дүкен, 3 жанармай құю бекеті, 2 мейрамхана, 5 тамақтану пункті, 1 наубайхана, 10 шаштараз, 1 телерадио жөндеу шеберханасы, 5 дәріхана, 1 вулканизация, 3 қызмет көрсету станциясы, 3 жеке стоматологиялық кабинет, 2 бар нотариус, 4 спортзал, 3 көлік жуу орны. Барлығы 400 адам шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Округ апта сайын ең маңызды азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізеді. Карантин кезеңінде жеке кәсіпкерлер округтегі қайырымдылық шараларына үнемі демеушілік көмек көрсетіп отыратынын атап өткім келеді. Пандемия барлығымызды абдыратты. Бірақ халықтың бірлігі мен берекесі артпаса, кеміген емес. Халықтың бірлігі кез-келген қиындықты жеңеді. Ал, біздің кәсіпкерлермен қоян қолтық жұмысымыз ауыл тұрғындарына деген игі бастамаларымыз әлі де жалғасын табады деп сенемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

МАЛ ӨНІМІ БАСТЫ НАЗАРДА

 Чапай ауылдық округінің шаруашылығын дамыту ауылды дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі кезде округте 23 шаруа қожалықтары бар. Шаруа қожалықтарының негізгі қызметі – мал шаруашылығы және егін шаруашылығы. 2020 жылға арналған ауылшаруашылық малдары, оның ішінде ірі қара — 1005 бас, сиыр — 432 бас, ұсақ мал — 1806 бас, жылқы — 61 бас, шошқа — 30 бас бірдейлендіру жүйесіне енгізілді. Біздің ауылдағы эпизоотикалық жағдай, яғни төрт түліктің хал-ахуалы тұрақты.

Ауылшаруашылық дақылдарын өсіру саласында 2020 жылы 503 тонна дәнді дақылдар жаздық арпа — 255, дәнге арналған жүгері — 88, сүрлемге арналған жүгері — 160, майлы дақылдар — 2800, 22 га жерге картоп, 70 га жерге көкөністер отырғызылды. Өткен жылдан бастап 8828,29 гектар болатын жайылымдардың электрондық картасы жасалды. Бүгінгі күні жер қатынастары және жер бөлімімен жұмыс жүргізілуде. Ауылдық округтегі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтері бойынша Минагро порталына енгізілген жайылымдық жердің ауданы 8828,29 гектарды құрады. 1699 га жайылымдық жерден Минагро порталына тек 360 га жайылым қосылды. Жайылымдық жерлердің электрондық картасын қалыптастыру бойынша жұмыстар «Сары-бұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үлескерлерінің болмауына байланысты 1339 гектар жер кешіктірілген.

Ауданды дамытудың тағы бір бағыты — «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аймақтардың экономикалық дамуына ықпал ету шараларын іске асыру» бағдарламасын жүзеге асыру жаппай қолға алынды. Осы бағдарламада қойылған міндеттерді іске асыру үшін әкім аппараты «ProektNomadStroy» жауапкершілігі шектеулі серікестігімен Гагарин көшесінде жалпы сомасы 8,4 млн. теңгеге көше-спорт кешенін (футбол алаңы, ашық жаттығу алаңы) салуға келісім жасасты. Келісімшарт бойынша жұмыс 2020 жылдың ақпан айының соңында басталды. Төтенше жағдай жарияланып, карантин уақытының созылуына байланысты бүгінгі күнге дейін жұмыс аяқталған жоқ.

ЖҰМЫС ТА ТОҚТАМАДЫ, ЖҰМЫСШЫЛАР ДА ҚАМТЫЛДЫ

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері қаншама компаниялармен өндіріс орындары өздерінің жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Чапай ауылы облысымызға құс етін өндірумен танымал. Елді дүрліктірген пандемияда да өздерінің өнімдері мен жұмыс орындарын кемітпеді. Бұл компаниядағы жұмысшылардың дені осы Чапаев ауылының тұрғындары.

«Сары-Бұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Кәсіпорында 800-ге жуық адам жұмыс істейді. Серіктестік құрамына майлы дақылдарды өңдейтін зауыт (соя, жүгері, рапс, күнбағыс тұқымдары), жем фабрикасы, май құю және құю цехы, арнайы шеберханалар, құс фабрикаларының жұмысы кіреді. Сондай-ақ, жүк тасымалдайтын көлік құралы, кран, комбайндар мен ауылшаруашылық тракторлары бар автобаза жұмыс істейді. Өйткені майлы дақылдардың бір бөлігі «Сары-Бұлақ» серіктестігінің танаптарында өсіріліп, алқап 3400 га құрайды. Ағымдағы жылы пандемияға байланысты өндірістің төмендеуіне жем-шөп бағасының үнемі өсуі керек мөлшерде өнім алуға кепілдік бермейді. Сондай-ақ, астықты және майлы дақылдарды шетелге бақылаусыз экспорттау қазіргі жағдайды қиындатып отыр. Бұл жем-шөптің жедел жетіспеушілігін тудырады.

«Алатау Құс» акционерлік қоғамы.

Кәсіпорын жұмысшыларының саны бүгінде 1170 адамды құрайды. Қазіргі уақытта фабрикада жылына 18000 тонна ет және 360 тонна шұжық өндіріледі. Кәсіпорында жұмыртқаны шығарудан бастап дайын өнімге дейін толық өндірістік айналымы бар. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 20000 тоннаны құрайды. Бұл өндіріс айналымы балапандарды өсіру, аналық құстарды ұстау, бройлерлерді өсіру, екі инкубатор, жұмыртқа сақтайтын орын, жем зауыты, 10 мың тоннаға дейін астық шикізатын сақтауға болатын 4 ангары бар, ет өндіру цехы, шұжық цехы, зертханалары сынды бөлімшелерден құралған. Күніне 70- 100 тонна ет және 13 тонна шұжық өндіріледі. 2018 жылы 17202 тонна ет өндірілді, 2019 жылы — 24 мың тонна, 2020 жылы 26 мың тоннадан астам ет өндіру жоспарланып отыр. 2019 жылы 2,5 миллиард теңге инвестиция тартылса, биыл «Алатау құс» акционерлік қоғамы өзінің өндірісаумағын кеңейтті. Инвестиция көлемі 3,5 млрд. теңгені құрады.

«Алел — Агро» акционерлік қоғамы филиалы.

Қазіргі таңда кәсіпорында 190 адам жұмыс істейді. Заманауи жабдықтар, өндіріс технологиялары, сапалы, экологиялық таза орау материалдары, сондай-ақ өн-дірістегі «Халал» стан-дарттарына сәйкес тұтынушылардың жоғары талаптарына сай келетін және пайдалы қасиеттерін сақтайтын табиғи өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.

«AsiaElitFoodGroup» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігі.

2017 жылдан бастап ауданда «AsiaElitFoodGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді. Тамақ ингредиенттерін сатудан басқа, кәсіпорын өзінің қызмет аясын кеңейтіп, қазіргі уақытта 20% «Тойбастар» мен «Қазына» атауымен сүт өнімдерін өндіреді. Майдың құрамы 3% бен 6%- дың арасындағы пастерленген сүт те осы кәсіпорынның еншісінде. Кәсіпорында 36 адам тұрақты жұмыс істейді. Пандемия кезінде жұмысшылардың барлығы өз жалақыларын уақытылы алып отырды.

 

АУЫЗ СУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛҒАН

Ауыл тұрғындарын ауыз сумен «Чапай Іле» өндірістік кешені қамтамасыз етеді. Жалпы сумен жабдықтау желісі — 37 км. Кәріз желісі — 9 км. Суды пайдаланушылар — 2298 бірлік. Пайдалануда 4 құдық, 2 су мұнарасы, 2 ағынды сорғы станциясы бар. Ауданда 32 көпқабатты үй бар, оларға ішінара екі КСК қызмет көрсетеді.

 

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Чапаев ауылында қажетті құралдармен жабдықталған жедел медициналық көмек пункті жұмыс
жасап тұр.

Ол округке қарасты ауылдардан және жақын орналасқан саяжайлардың тұрғындарына тәулік бойы қызмет етеді. Амбулаторияда 15 күндік стационарлық төсек бар.

Округ орталығына медициналық орталық салу үшін шамамен 1 гектар жер бөлініп, бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай режимін енгізу туралы» Жарлығына сәйкес, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың ғаламдық пандемияға байланысты үндеуі #BizBirgemiz республикалық акция аясында Чапаев ауылдық округінде жалпы 475 отбасына 3 млн. 222 мың теңге көмек көрсетілді.

Округтегі еріктілер тарапынан 15 азамат өздерінің 14 тігін машиналарына маска тігуді ұсынған, еріктілер маска тігу үшін мата материалын берілген. Ағымдағы жылдың 20 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін 31 500 маска тігілді, еріктілер бетперделерді тегін таратты.

Ауылда жергілікті тұрғындар арасынан белсенді азаматтардың бастамасымен еріктілер тобы құрылды. Төтенше жағдай туралы Жарлықтың талабы бойынша ауыл жастары ісі жөніндегі нұсқаушы Жанкелді Садықовтың жетекшілігімен еріктілер тобы сақтық шаралары мен тазалық қағидаттарын қатаң бақылауда ұстады.

Елімізге енгізілген төтенше жағдай кезінде округ әкімдігінің коронавирустық инфекциясының таралуын шектеу мақсатында округте объектілерді, балалар алаңдарын, мәдениет үйлері, пошта, мешіт, шіркеулер, аялдамалар, балабақшалар, көшелерді дезинфекциялау жүргізілуде. Ауыл тұрғындарына эпидемияға байланысты тазарту, резеңке қолғап, маска кию, ережелер мен нұсқаулықтарды сақтау бойынша жұмыстар үнемі жүргізіліп отырады. Хлор қоспасы арнайы техникалармен себіліп, санитарлық тазалықты қоса алғанда, дезинфекциялау жүргізіледі. Іс-шаралардың фотосуреттері мен бейнелері әлеуметтік желілерде және ауданның ресми сайтына салынды.

 

АЗАМАТТАРҒА МЫҢ АЛҒЫС

Жаз мезгілінің басында Чапай ауылдық округі, «Дружба» саяжайында 2 линияда тұратын Қыдырбек Берекетовтың баспанасын аяқ асты жалындаған от тып-типыл етті. Баспанасыз қалған Берекетовтар әкімдіктен көмек сұрауға мәжбүр болды.

Ер мойнында қыл арқан шіріген бе? Ауыл азаматтарын қасына ертіп барған округ әкімі бірден іске кіріседі. Ал, далада қалған шиеттей 7 баланың төртеуі №45 орта мектептің оқушылары. Отбасының бастан кешіп отырған қиындығына №45 орта мектептің ұстаздары қаржы жинап, ер мұғалімдері асарлатып үйін салуға көмектесуде.

Округ әкімі Қ. Рахимов және мектеп директоры М.Мұқажанов кірпіш пен цементтерін алуға көмектесті. Мектеп қабырғасындағы 4 бала білім алуына қажетті құрал-жабдықтармен және компьютермен қамтамасыз етілді.

Отағасы Қыдырбек Берекетов: «Менің басымдағы қиын жағдайды түсініп, бірге бөлісіп, көмек көрсеткен, ауыл азаматтарын жұдырықтай жұмылдыра білген ауыл әкімі Қанат Рахимов пен мектебіміздің директоры Махамбет Ешмұханбетұлына дән ризамыз.

Округ әкімі қолдан келер көмегін аямайтынын жеткізді. Сіздерге менің отбасымның атынан Мың алғыс!» — деді. Қазір өртенген үйдің сейсмологиялық белдеуі құйылып, шатыры жабылғалы тұр.

Берекетовтар отбасында береке еніп, көңілдері орнына түскендей болды.

 

АБАТТАНДЫРУ — БАСТЫ БАҒЫТЫМЫЗ

Абаттандыру жұмыстары мен округті санитарлық тазарту үнемі ауыл әкімшілігінің бақылауында. 7 миллион 959 мың теңгеге «Гнездышко» балабақшасының қоршауына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жұмбақтас және Жібек жолы көшелері бойындағы жолдарды асфальттау жұмыстары аяқталып, көшелерге жаңа асфальт төселді. Округтің 3 шағын ауданында және «Гнездышко» балабақшасында барлығы 5 автотұрақ салынды. 113,0 млн. теңгеге Атамекен, Гагарин, Жеңіске 30 жыл, Мира, Арал, Қабанбай батыр және Доскеев шағын ауданы көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Көше бойындағы жүргіншілерге қауіпті ағаштар кесіліп, гүлдер және 250-ге жуық көшеттер отырғызылды.

Ауыл әкімі Қанат Рахимовтың жаңа жобасы ретінде болашақта Наурыз көшесінің дәл ортасына аллея салынады. Онда воркаут және балалар алаңы ашылады. Тұрғындардың демалысына оңтайлы жаяу жүргіншілер жолы салынып, көгал төселіп және орындықтар орнатылады. Аталған аумақ халқы үшін кешқұрым уақытта серуен құрып, балалардың уақытын тиімді пайдаланып, спортпен айналысуына сеп болмақ.

 

АРНАЙЫ МОБИЛЬДІ ТОП ҚҰРЫЛДЫ

Елдегі жағдайға байланысты ауданда тәулігіне қоңыраулардың едәуір артуына және жедел жәрдем қызметіне айтарлықтай жүктеме түсуіне байланысты көмек көрсету үшін ауылдық амбулатория дәрігерлері, медбикелері және жүргізушілерден еріктілер қатарынан көліктері бар мобильді топ құрылды.

Дәрігерлер мен медбикелер мобильді топтың көмегімен науқастанған тұрғындарға алдын ала тексеру жүргізеді, қажет болған жағдайда жедел жәрдем шақырады.

Мысалы, шілде айында 170 рет жолға шығып, орташа есеппен тәулігіне 16-17 рет шақырту тіркелген. Нәтижесінде мобильді топ жоғары дәрежеде алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, жедел жәрдем көлігіне үлкен көмек болды.

Ауыл әкімдігі «Нива» көліктерін мобильді топқа қосып, жүргізушісімен және күнделікті жанармаймен қамтамасыз еткен.

Індет кезінде мобильді топтың құрамында жүріп, елдің амандығын өзінің денсаулығынан биік қойып, қызмет еткен дәрігерлер Сабыржанова Толғанай Балғабайқызы, Нұрманова Анар Келгенбайқызы, Сылбырбаева Жанагүл Мерекешқызы, жүргізушіміз Еркебулан Санжыға айтар алғысымыз шексіз! Сіздердің тынбай, күн-түн демей еткен еңбектеріңіз еселеніп
жақсылықпен өздеріңізге қайтсын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button