Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратДін және қоғамҚоғам

ҚАЗАҚСТАН — БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМНІҢ ШАҢЫРАҒЫ

Адамзаттың асыл құндылықтарының бірі – бейбітшілік, келісім және тұрақтылық. Қай кезде болмасын адам тыныштықта, бейбіт өмір сүргісі келеді. Басқасын айтпағанда, өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысындағы қанды қырғынды басынан өткерген аталарымыз бен апаларымыз бейбітшіліктің қадір-қасиетін жақсы біледі. Екінші дүниежүзілік соғыс жеңіспен аяқталғалы бері елімізде бейбіт өмір орнап, тыныштықта өмір сүріп келеміз. Дей тұрғанмен дүние жүзіндегі басқа мемлекеттерде қарулы қақтығыстар, лаңкестік әрекеттер, соғыстар болып тұрады. Соғысты болдырмау үшін әлемдегі одақтар мен дүние жүзіндегі мемлекеттердің бейбітшілікті сақтау үшін өзара келісімі бар екендігін ескерсек, Қазақстан Республикасы осы бағытта үлкен жұмыстар атқарды. Ұлт көшбасшысы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Назарбаев әлемдегі мемлекеттердің өзара бейбітшілігі мен келісімін нығайтуға елеулі үлес қосты. Нұрсұлтан Әбішұлы жаһандағы мемлекеттердің өзара бейбітшілігі мен келісімін нығайтуда әлемдік саяси аренада Қазақстанның атынан бірнеше мәрте сөз сөйлеп, өзінің тұжырымды ойын айта алды. Қарап отырсақ, біздің еліміздегі дін жөніндегі саясат дінаралық және конфессияаралық келісімге негізделген. Қазақстанда өтіп тұратын дін мәселесі жөніндегі съездер немесе басқа да халықаралық басқосулар осының айқын дәлелі. Жалпы, қазақтар ежелден-ақ тыныштықта, бейбітшілікте өмір сүруді басты мақсат еткен. Ұлтына қарамастан келген қонағына төрінен орын беріп, жылы-жұмсағын алдына қойып, құдайындай сыйлап жіберу – қазақ халқының бойына сіңген меймандостық қасиет. Қазыбекше айтсақ, «ешкімге соқтықпай жай жатқан», тірі пендеге қаскөйлік жасамайтын, бейбітшілік сүйгіш халық. Тәуелсіздігіміздің көк байрағы желбіреген тұста да Елбасы Н.Назарбаевтың көрегенді саясаты, қажырлы еңбегі қазақтың кеңпейілділігін, достыққа берік екендігін және ара ағайыншылдығын бүкіл әлемге паш етті. Атап айтар болсақ, тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары Семей ядролық полигонының жабылуы дүние жүзіндегі айтулы оқиғаның бірі болды. Өйткені, мұндай жағдай бұрын ешбір елде болмаған еді. Сондықтан Қазақстанның бұл қадамына біріккен ұлттар ұйымы мен дүниежүзілік қауымдастық лайықты бағасын берді. Сол уақыттан бастап басқа елдер Қазақстанды бейбітшілікке құштар ел ретінде тани бастады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 1-съезінің 2003 жылы Астанада өтуі де еліміздің беделін барынша арттырды. Ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм және синотизм діндерінің өкілдері қатысқан съезде әлемдегі экстремизм, терроризм, күш көрсету сияқты құбылыстардың алдын алу және оған жол бермеу үшін дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастарды жақсарту бағытындағы мәселелер кеңінен талқыланды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген осы алқалы басқосу халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, тұрақтылықты сақтауға ықпал еткендігі сөзсіз.

Бұл форум қорытындысы бойынша адамзат үшін бейбітшілікті қамтамасыз етіп, әлемде тұрақтылықты сақтау мақсатындағы бірлескен іс-әрекеттер туралы декларация қабылданып, діндер съезін үш жылда бір рет тұрақты түрде өткізу жөнінде шешім қабылданды. Діндер съезі алғаш өткенде 17 елден 17 делегат қана қатысқан еді. Ал, 2018 жылдың қазан айында өткен VІ съезге әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегат қатысты. Мұның өзі Қазақстанның жаһан алдындағы беделінің қаншалықты өскенін дәлелдейді. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, АМЛ (араб әмірліктерінің Лигасы) бұдан басқа да халықаралық және қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысқан соңғы форум «Дін көшбасшылары қауіпсіз әлем үшін» атты жалпы тақырып аясында «Манифест «Әлем. ХХІ ғасыр» жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде», «Геосаясаттағы өзгермелі дін: адамзаттың бірігуі үшін жаңа мүмкіндіктер», «Дін және жаһандану: сын тегеуріндері және шешімдері», «Экстремизм мен терроризмді еңсерудегі дін лидерлері мен саяси қайраткерлері» атты төрт негізгі бағыт бойынша өткізілді. Мұнда жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, халықтар мен өркениеттерді жақындастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Форумға қатысушылар экстремистер мен терроршылар тарапынан қысым мен күш қолдануға тап болған діни топтар мен этнос бірлестіктеріне ниеттес екендіктерін, босқындардың құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды қолдайтындықтарын білдірді. Съезде осы мәселелерге байланысты ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу, қастандылық пен төзімсіздік салдарынан болған әрекеттердің алдын алу шараларына әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын барынша тарту жөнінде декларация қабылданды.

Жалпы, Қазақстанның дінаралық және ұлтаралық татулық пен үндестік идеологиясын жүргізіп, әлемге бейбітшілік шаңырағын тұрғызуға қадам жасауы – біздің еліміздің бейбітсүйгіштік қасиетінің айғағы. Қазақстан халқының діни және этносаралық татулықты ту еткен асыл қасиеттерін еліміздің азаматтары әрдайым мақтан тұтады. Қазақ мемлекеті көпұлтты және көпдінді қоғамнан тұрады. Нақтырақ айтсақ, елімізде 140-тан астам ұлт пен 40 конфессия бейбітшілік пен өзара келісім жағдайында тату-тәтті өмір сүруде. Біздің ішкі саясатымыздың өзі бейбітшілік пен келісімді ту етіп, басқалар құра алмаған қоғам бізде орнағанын анық көрсетеді. Қазақстан Республикасының Конституциясына сай, еліміз құқықтық, зайырлы және демократиялы ел. Қиын замандарда, «тар жол, тайғақ кешкен» уақытта да қазақты ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі екені ақиқат. Мемлекетімізде дәстүр болып қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының нәтижесінде еліміз өркендеп, ілгері басып, әлем бойынша абыройы артып келеді. Қазақстан Республикасының көпұлтты халқының татулығы мен достығы, ынтымақтастығы мен бейбітшілігі мемлекетіміздің басты байлығы және бұл жер жүзіндегі қырғи-қабақ боп жатқан басқа елдерге үлгі-өнеге болады.

Б. ҚАРАСАЕВ,
аудан әкімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button