Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБілім және ғылымҚоғам

АТЫ-ЖӨНІМІЗДІ ТАЗА ҚАЗАҚША ЖАЗАЙЫҚ

Елімізде  5-22  қыркүйек  арасында тіл апталығы өтті. ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» №110 Жарлығын орындау мақсатында және 5 қыркүйектегі тіл мерекесіне орай ауданның бірқатар мектеп-терінде «Тіл айлығы» тақырыбы бойынша көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды. Айлықтың өтуіне ұстаздар белсене атсалысты. Қош делік. Айлықтың жоғары деңгейде өткені, оған мұғалімдердің белсене қатысқаны да жақсы.  Алайда, сол мұғалімдердің өзі тіл тазалығына қаншалықты көңіл бөледі екен? Басқаны былай қойғанда, оқушылар санасына білім нәрін себетін ұстаздарымыздың өзі аты-жөнін қазақша жазбайды. Олай дейтініміз, аудандық газетке мектеп мұғалімдерінен көп хат келеді. Олар негізінде мектепте атқарылған іс-шаралар, семинар-сабақтар туралы жүргізілген жұмыстарына, өткізген сабақтарына риза боласың. Алайда, белгілі бір іс-шараға қатысқан ұстаздардың аты-жөнінің міндетті түрде орыс әліпбиімен жазылатындығы жаныңды қынжыл-тады. Аты-жөндері сауатсыз жазылған, бұрмаланған әжуланған мысалдар көптеп кездеседі. Бұл ретте ақын Марина Цветаеваның «Адамның өзін мазақтауға болады, бірақ атын мазақтауға болмайды», — деген сөзі еріксіз есіңе түседі. Сол бір қанатты сөз есіңе түскенде Тулегенова, Уразбаева, Калымова, Гизатова, Усенова, Альмерекова, Гизатов, Ганиева, Есильбаев, Кулманова, Джандосов, Калдыбаев, Молдир, Инкар, Инжу, Гульназ, Жулдуз, Кундуз деп кете беретін аты-жөндерді оқығанда жылағың келеді. Оны түзетіп, қазақшалап жіберсең, кейбіреулері артынан телефон соғып, «Менің төлқұжатымдағы аты-жөнімді бұрмаладыңыздар», — деп реніш білдіріп жатады. Мұндай қателіктер сайлау комиссиялары мүшелерінің тізімін жариялағанда да көптеп кездеседі. Рас, коммунистік партия билік құрған заманда көпшілігіміздің аты-жөніміз бұрмаланып, орыс әліпбиімен жазылды. Бірақ, одан бері де отыз жылдай уақыт болды ғой. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы кез келген адам өзінің ата тегін дұрыстап қазақша жаздырып ала алады. Оған заң бойынша тыйым салынбаған. Атап айтсақ, Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың 1996 жылғы 2-ақпандағы ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы Жарлығында «Ұлты қазақ азаматтар өздерiнiң тегi мен әкесiнiң атының жазылуын қазақ тiлiне тән емес аффикстi алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегi мен әкесiнiң атының түбiрлiк негiзi сақталуға тиiс. Бұл ретте әкесiнiң атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздерi қосылып, бірге жазылады», — деп тайға таңба басқандай атап көрсетілген. Осы Жарлықты негізге ала отырып, ауданаралық әділет басқармасының бастығы Роза Әнішкейқызы Қыстаубаевадан адамның аты-жөнін қайта жаздырып алуға, ауыстыруға қандай жағдайда рұқсат етілетіндігін сұраған едік. Роза Әнішкейқызы былай деп жауап берді:

Азаматтардың төл құжатындағы аты-жөнін, ата-тегін ауыстыру үшін заңда көрсетілген төмендегі жағдай себепші болады. Олар:

  • Есіміңіз, тегіңіз жағымсыз естілсе…
  • Айтылуы қиын болса…
  • Егер ерлі-зайыптылар тіркелу кезінде өз тегінде қалып, кейіннен бір текті ұстауға бекінсе.
  • Ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда бұрынғы тегін қайтара алады.
  • Бірінші некеден туған балаларды екінші отбасының тегіне ауыстыруға болады.
  • Жұбайының қазасына орай бұрынғы тегін алуына болады.
  • Жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейінгі тегімен қалған адам, зайыбының тегіне ауыса алады.
  • Екі түрлі ұлт өкілдерінің некесінен туған бала кейіннен өзіне ұнаған ұлтты таңдап, сол тілдегі текті, есімді таңдай алады.
  • Өмірде құжаттағы есімнен бөлек ат иемденіп, соған үйреніп кеткен жағдайда құжатын жаңарта алады.
  • Некелесу кезінде жұбының тегіне өткен адам кейіннен бұрынғы тегіне ауыса алады.
  • Ұлттық дәстүр бойынша атасының немесе әкесінің тегіне ауысқысы келген адам құжатын жаңалай алады.
  • Өзін тәрбиелеген адамның аты-жөнін, тегін алуына рұқсат етіледі.
  • Адам жынысын өзгерткен жағдайда өз тегін ауыстыра алады.

Жалпы ныспымыздың дұрыс жазылуына өзіміз табанды болуымыз керек. Қазақша аты-жөнімізді ретке келтірмей, тірлігіміздің оңалмайтыны ақиқат. Осы уақытқа дейін аты-жөнімізді қазақ әліпбиімен дұрыстап жаза алмай келеміз. Оған бойымыздағы салғырттық қасиеттің де себеп болып отырғаны жасырын емес. Қалай болғанда да құжаттағы аты-жөнімізді бірізділікке түсіретін уақыт жетті. Біз оны қазір қолға алмасақ, ертеңгі ұрпағымыздың ата-тегінің бұрмаланып жазыла бермек.

Тәуелсіздігіміздің ақ таңы арайлана атып, өз қолымыз аузымызға жеткенде тілімізді де құрметтеп, оның мәртебесін барынша арттыруымыз қажет. Өйткені, тіл – тәуелсіздіктің айғағы, халықтың рухани байлығы, еліміздің ертеңі мен болашағының айқын көрінісі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев өзінің 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», — деп атап көрсеткен болатын. Ендеше, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейтіп, оның рөлін күшейту үшін ең алдымен өз ата-тегіміздің, аты-жөніміздің таза қазақша жазылуын мықтап қолға алғанымыз жөн. Дейл Кранеги «Әр адам үшін өзінің атынан тәтті, жағымды ешнәрсе болмайды», — деген екен кезінде. Өзіміздің таза қазақша жазылған аты-жөнімізбен мақтанайық.

 

 Роза МАРАТҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button