Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратМерекелерТұлға

Торқалы тоқсандағы ардагер

Ұстаз - мәңгі нұрдың шамшырағы

Ұстаз – келер күннің ұстасы. Ол – балалардың дүниетанымының қалыптасып, білімге деген құштарлығын оятатын, бұлақ көзін ашатын қадірлі жан. Біздердің бүгінгі болмысымыз әліппені жаттатқызып, қолға қалам ұстатқан кешегі ұстаздарымыздың еңбегі. Ендеше, ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні – мұғалімдердің бүгінгі еңбегінің жемісі болмақ. Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте», — деген екен. Ұстаз – осы білімге, мәдениет пен әдебиетке жетелейтін бірден бір тұлға.

Ұрпақ тәрбиесінде талантымен, біліктілігі және жауапкершілігі, адами қасиеттерімен өте маңызды рөл атқарып, мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір бола білген ардагер ұстаздың бірі – Амантаева Кульке Молдабекқызы. Күлке Молдабекқызы 1930 жылы 13 кыркүйекте дүниеге келген. 1954 жылы Түрген педагогикалық училищесiне оқуға түсіп, 1958 жылы бастауыш класс мұғалiмi мамандығы бойынша аяқтап шықты. Училищеде білім алып, демалыс кезiнде Нұра ауылында қырманда масақ терiп жүрiп, комбайншы жас жiгiт Дауылбай Амантаевпен танысып, тұрмыс құрады. Отбасын құрған жастар Чапайда 6  жыл жұмыс iстеген соң, қaзipгi Жаңадәуi» ауылына көшiп келiп, Күлке апамыз №5 мектепке жұмысқа орналасады. Сол жылдан бастап 1991 жылы зейнетке шыққанға дейiн бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етеді. Ғалым да, шахтер да бас иген ұлы мамандықтың иесi қызмет ете жүрiп, Отан алдында борышын өтеген барша жауынгерлерге ауылда жүріп-ақ көмек қолын созады. Ұлы Отан соғысының 60 жылдық және 65-70 жылдық тойларында Күлке Молдабекқызына өскелең ұрпақты оқытуда және оларға тәрбие беруде қол жеткен табыстары үшін грамоталармен және мерекелік медальдармен марапатталғандығы көп жылғы еңбектің жемісі деп ойлаймыз. Тәуелсіздік таңы атқан жылдардан бері ардақты ана, қадірлі ұстаз өз отбасында немере, шөберенің қызығын көріп отырған аяулы әже. Жолдасы Дауылбай Амантаев екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген жандар. Қазір олардан 6 немере, 6 шөбере сүйіп отыр.

Дауылбай ақсақал 2005 жылы өмірден өтті. Ол да соғыс жылдарында колхоздың алдыңғы қатарлы жұмысшысы болып, Еңбек Ері медалін иеленген. Ал, Кульке апа болса, ғылым-білім саласындағы, қоғамдағы жаңалықтардан уақытылы хабардар болып, газет, кітап оқудан жалықпайды. Ұл-қыздарын да алдыңғы қатарлы азаматтар болуға тәрбиелегендігінің дәлелі болар, қазіргі күні балаларының үлкені, қызы Ғалия Дауылбайқызы анасының ізін жалғаған ардагер ұстаз, осы аудандағы №7 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етеді. Ұлдары Ғазиз Дауылбайұлы мал дәрігері болса, Ғалымы – құрылысшы.

Біз Күлке апамыздың соғыс жылдарында жас та болса тылда еңбек етіп, жеңістің жақындауына өзіндік үлес қосқанын жоғарыда атап өттік. Өзінің сол тауқымет жылдарда бастан кешкендерін ардагер ұстаз былай еске алады: «Мен ұстазбын, ал құрбыларымның қатарынан дәрігер, инженер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары шықты. Мен Алматы облысының Жаңадəуір ауылының №5 орта мектебінде ұстаз болып отыз үш жыл еңбек еттім. Демек, саналы да салиқалы жастық өмірдің күш-қуатын еліміздің білімді өскелең ұрпағы қазақ жастарының тәрбиесіне арнаған екенмін. Біз бұл жылдарда «Елім деп еңіреген қандастарымның нар тəуекеліне, адамгершілігіне, ерлігіне, батылдығына сүйсіндік. Олардың жеңіске қосқан үлесінде шек жоқ. Ерлік алтынмен де, күміспен де, тіпті орден-медальдармен де өлшенбейді, оның бағасы тым жоғары. Ол – адамның ар-намысына, туған-туыстарына, кіндік қаны тамған жеріне деген сүйіспеншілігі, махаббаты. Сол үшін талай қазақ жауынгерлері ел үшін қыршынынан қиылып, шыбын жанын құрбан етті. Қазір осы ауылда соғысқа қатысқан адамдар мен тыл еңбеккерлерінің де қатары сиреп кетті», — деп толғанады.

Иә, қатал соғыс ешкімді де аяған жоқ. Майдандағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор.1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған екен. Ауылшаруашылығында жұмыс істеген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен еңбек күнін таңғы бестен түнгі 22:00-ге дейін ұзартқан. Әрбір шаруа 2-3 адамның жұмысын атқарды. Әйелдер балаларын балабақшаға тапсырып, күні-түні жұмыс істеп, колхоз жұмысын белсене атқарды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерiнен барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгiciн танытты. Жылдар жылжып өтсе де, кешегi әкелер, ағалар epлiri ешқашан ұмытылмақ емес. Жас өстi, ержеттi, азамат болды. Сол жылдары бiздiң ауданнан да еңбек еткен аналардың iшiнде ұстаз Күлке Амантаева да бар едi.

Бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткізуге күш салған 1941-1945 жылдардағы соғыстан аман-есен туған жеріне, отбасына оралғандар үшін қажетті жағдай жасалуда. Ол, әрине, дұрыс. Алайда, сол қарттарды құрметтеу іс-шаралары жартыкеш, біржақты атқарылуда, тыл ардагерлері аса елене бермейді. Кешегі тылда тәулікті тәулікке ұластырып, ауыл шаруашылығында тынбай еңбек еткен, азық-түлік, киім-кешекпен майдангерлердің қажетіне тынымсыз жұмыс жасаған, тыл ерлерінің әлеуметтік мұқтажын, қартардың жағдайын неге естен шығарамыз? Бүгінгілер үшін бұл парыз екенін ұмытпасақ керек. Сол парызды өтеу жолында биылғы ұлы жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында әрбір ауыл, елдімекен бойынша тыл ардагерлерінің есімдерін анықтау, арнайы тізімін жасау, оларға да зұлмат жылдары атқарған орасан зор еңбегін ескеріп, марапаттап, мемлекет тарапынан лайықты құрмет көрсетілуіне мақсатты жұмыс жүргізу керек. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз болып отырған Күлке апамыз сияқты аттары осы күнге дейін белгісіз келген қаншама азаматтар бар десеңізші! Олардың есімдерін жадымызда сақтап, қайта жаңартсақ, аталмыш мерекенің мәні мен маңызы арта түспек. Әсіресе, жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор жұмыс атқарылған болар еді. Ұлы Отан соғысында опат болған ерлердің есімдері Қазақстан Республикасы тарихының бетінен өздерінің лайықты орнын тапса, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдандағы жауынгерлерге өз аузынан нанын жырып берген тылда азаматтық борышын адал атқарып, жан аямай жұмыс істеген еңбек тарландарының ерлігі мәңгілікке сақталар еді. Ауылда еңбекке араласпаған жан болмады. Сол сұрапыл, зұлмат заманда жеке бастың қамын ойлаған бір де бір жан болмаған шығар. Ақ қар, көк мұзда, аптаған аңызақта жүріп, ауыл қариялары, аналар және бұғанасы қатпаған жасөспірімдер арып-ашып, жүдеп-жадады. Иә, кім балалық кезiнiң, жастық шағының ана мен әке бауырында шуақты, көңілді өткенін армандамайды дейсіз?! Алайда, 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде әрбір қазақ ауылында өскен Күлке апа сияқты қаншама жандардың және оның замандастарының балалық шағын есіне алғанда ауыр тұрмыстың соқпақты ізін, қарын тоймаған ашқұрсақ күндерін ешқашан ұмытпайды, әрдайым жадында ұстайды.

Біз қолына қару алып, жаумен бетпе-бет соғысып, кеудесіне жұлдыз таққандарды ғана батыр деп танимыз. Ал сол сұм соғыста қаншама адам із-түзсіз жоғалды. Қаншама жан тылда қиындық көріп, соғыстағылардың қамын ойлап, егіс алқабында, зауыт-фабрикаларда күндіз-түні жұмыс істеді. Күрек ұстаған батырлар қару ұстаған батырлардың көлеңкесінде қалып қойып жатты. Шындап келгенде еңбек даласындағы жандар болмаса майдангерлер қажетті жабдықты қайдан алар еді, артында үлкен күш тұрғанын сезбесе олар жаумен жан аямай соғыса алар ма еді? Кім білсін?!

Ел ертеңі үшін күресіп, соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, кейін ұлт болашағы қызмет еткен Күлке Молдабекқызының еңбегі еленіп, «Отличник просвещеня СССР» төсбелгісімен (1984 ж.), «Еңбек ардагері» медалімен (1986 ж.), «Тыл ардагері» мседальдарымен (2004 ж, 2010 ж, 2015 ж, 2019 ж.), Қазақстан Республикасының «Үздік ұстазы» төсбелгісімен (1968 ж.), Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен (1978 ж.) марапатталды.

Аяулы жан, ардақты ұстаз, ана, республикамыздың үздік ұстазы Амантаева Күлке Молдабекқызы биыл торқалы 90 жасқа толып отыр. Сондықтан, қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбегін ескере отырып, Ұлы жеңістің 75 жылдығы мерейтойы және ұстаздар мерекесі қарсаңында батыр-ұстазды төл мерекесімен құттықтаймыз. Кульке апамызға отбасының ұйытқысы болып, ұл-қызының, немере-шөберенің ортасында жадырап, жол көрсетер темірқазық жұлдызы болып жүре беруіне тілектестік білдіреміз. Мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартады. Ертеңгі мемлекеттің болмысы — ұстаздың бүгінгі тәлімінде. Ізгі ананың тәрбиесін көрген қызыңыз Ғалия Дауылбайқызының да мерейлі мерекесі құтты болсын. Ұстаздық қызметте алар асуы көп болсын, қызметте табыс тілейміз.

Біз соғысты көрмеген ұрпақпыз. Бақыттымыз. ХХІ ғасыр ұрпақтары, бүгінгі бақытты, бейбіт өмір үшін кешегі майданда қаза тапқан, тылда борыштар. Қазақ халқының ерлік дәстүрін еш уақытта ұмытпауы тиіс. Ендеше болашақ жас ұрпаққа өткен зұлмат қайта келмесін, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын десек, ұрпаққа аманат етер шуақты сәттеріміз көп болсын. Енді соғыс болмасын, аналар жыламасын, балалар жетім қалмасын! «Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар…» деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, өмірдің сырын, мәнін жас ұрпаққа түсіндіретін, өнегелі өмірімен үлгі бола алатын ардагер ұстаздарымыз аман болсын.

Алмат Ержанов

Басқа жаңалықтар

Back to top button