Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғам

БЕГАЛИН ҒАБИТ ЕРМҰХАНҰЛЫ: «БҰЛ ҚҰРЫЛЫМДА ЕРЖҮРЕК, БАТЫЛ, ОТАНСҮЙГІШ ЖАНДАР ҚЫЗМЕТ АТҚАРАДЫ»

19 қазан күні – құтқарушылар күні. Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғау органдарының халыққа қызмет еткеніне 25 жыл толып отыр. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келді. Бұл қызметтің бір бөлігі полицияға (сол кезде милиция деп аталған) жүктелді.

Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді. Айтулы күн пандемияға байланысты дүркіреп өтпесе де, өз ерекшеліктерімен есте қалмақ. Осы орайда, төл мерекелері қарсаңында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Бегалин Ғабит Ермұханұлымен тілдескен едік.

— Ғабит аға, оқырмандарымызға өзіңіз туралы қысқаша таныстырып өтсеңіз…

— Мен 1982 жылы дүниеге келдім. Мектеп бітірген соң арман қуып, Қазақ қатынас жолдары университетінде оқып, құтқарушы болуды мақсат етіп, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Санкт-Петербургский университет Государственной противопожарной службы Министерства Российской Федерации по делам гражданской обороны, чрезвычайным ситуациям и ликвидации последствий стихийных бедствий» оқу ордасында білім алдым. Қызмет жолымды кезіндегі Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласынан бастадым. Ол кезде Астанада үлкен үш аудан болды. Алматы, Іле, Сарыарқа аудандарында маман болып еңбек еттім. 2017 жылы Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне бас маман болып орналастым. 2018-2019 жылдары Ұйғыр аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы болып, 2019 жылы Талдықорған қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары болдым. 2020 жылдың қаңтарынан бастап Іле аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы болып тағайындалдым.

-Бөлім қызметкерлері жайлы не айтасыз?

— Біздің аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде жалпы штаттық негізде 8 адам қызмет етсе, соның жетеуі ер азамат. Арамызда гүлдей нәзік болса да, темірдей тегеурінді Зухра Сайдуллаевна атты азаматтық қорғау майоры шеніндегі батыр қызымыз бар. Біздің жігіттер де, Зухра да өзіндік ерекшелігі бар, арыстан жүректі, нағыз қайтпас қайсар жандар десем артық айтқандық болмас. Себебі, қаншама өрт пен судан тайынбай, өз бастарын қатерге тігіп, өзгенің жанын арашалау, әрбір қадам жердің өртенбей аман қалуы үшін еңбек ету – көзге көрінбейтін ерлік, екінің бірінің қолынан келмейтін батырлық.

— Өрт сөндіру бөлімі қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген бе?

— Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Сол үшін де құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен барынша жарақтандырылуы тиіс. Қазіргі уақытта бөлім арнайы авариялық-құтқару техникаларыменен жабдықталып, ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары өткізілген. Жауынгерлік дайындықты арттыру мақсатында күнделікті бөлім ауласында өрт-сөндіру және құтқару спорт жаттығуларына арналған мұнарада жаттығулар жүргізілуде.
Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады. Ағымдағы жылы Талдықорған қаласында Алматы облысы бойынша өрт сөндіру және құтқару спортынан өткен жарыста Іле ауданының №3 Өрт сөндіру бөлімі бірінші орынға ие болды. Көптеген қызметкерлер «Мінсіз қызметі үшін» төс белгілерімен және мадақтау қағаздарымен марапаталған.

— Құтқарушы мамандығын таңдауыңызға не түрткі болды?

— Бұл мамандықты таңдауыма адамдарды құтқаруға, елге көмек беруге деген құштарлығым әсер еткен болу керек. Бала кезден ата-анам Отанды қорғау, елге қызмет ету, жасаған жақсылығын міндетсінбеу, көмек керек еткен жандарға қол ұшын беріп, барынша қорған болу ер азаматтың борышы екенін құлағыма құйған болатын. Мүмкін, сол да әсер еткен болар, азаматтық қорғаныс саласын таңдадым. Құтқару міндеті – мейірбан жандардың мәртебесі болғандықтан, бұл құрылымда ержүрек, батыл, отансүйгіш жандар қызмет атқарады.

— Әскерилер де, ішкі істер қызметкерлері де шен тағып, арнайы форма киеді. Бір қараған адамға барлығы бірдей боп көрінуі мүмкін. Азаматтық қорғау саласының басқа органдармен қандай айырмашылығы бар?

— Әскери қызметшілер олар елді сыртқы жаудан қорғайды. Ал, ішкі істер органы ел ішіндегі іріткі салушыларды, бұзақылық жасағандарды құрықтап, қоғамдық тәртіпті сақтауға негіз болады. Ал, біздің саланың қызметкерлері әскерилер не полиция қызметкерлері секілді көзбен көріп, тұтқындай алатын нақты жаумен күреспейді. Біздің дұшпанымыз – от, су, табиғи апат секілді тілсіз жау. Тілсіз жаудың қайдан шыққанын, оқиға орын алуына не себеп болғанын анықтау, алдағы уақытта ондай оқыс оқиғаның орын алмауы үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу – біздің міндетіміз. Себебі, елдің амандығы, апатты жағдайдың орын алмауы үшін қызмет етіп жүргендіктен, соның алдын алу шараларын да ұйымдастыра білуіміз керек.

— Төтенше жағдайдың алдын алу шаралары қалай ұйымдастырылып жүр?

— Өртті бір кесе сумен өшірген абзал. Әйтпесе, оған жұмсалатын күш те, ресурс та көп болады. Ал, материалдық, адами шығын болса, тіптен ауыр. Сондықтан, төтенше жағдайды болдырмай, оның алдын алу қажет. Өртті алдын алу және санын азайту мақсатында жұмыстарды сапалы түрде жүргізу үшін, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы атқарылған жұмыстар және тұрғындар арасында өртке қарсы насихаттау жұмыстары үзілмей жүргізіліп отырады. Кейде халықпен кездесулер ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Кей кезде үгіт-насихат ескертпелері жазылған парақшаларды таратып, дауыс зорайтқышпен халыққа үндеу жариялаймыз.

— Осындай игі істеріңіз бен ерлік әрекеттеріңіз жас ұрпаққа өз дәрежесінде насихатталып жатыр ма?

— Бәріміздің ойлағанымыз Қазақстан дейтін үлкен үйіміздің босағасы берік, іргесі мықты, шаңырағы шайқалмауы ғой. Сондықтан, мүмкіндігінше жас ұрпақты ерлікке, қайсарлыққа, өжет болып өсуіне өз ықпалымызды тигізуге тырысып жатырмыз. Біздің мақтанышпен, ауыз толтырып айтар жетістігіміз, насихат жұмысының өрге басуының нәтижесі деп Қазақстан Республикасы бойынша біздің салаға қатысты кадет сыныбы біздің ауданда, яғни Туреходжаева Зохида Тұрсынбекқызы басқарып отырған №7 орта мектепте ашылуы. 2019-2020 оқу жылында тұңғыш рет «Жас өрт сөндіруші» smartsarbaz кадет сыныбы ашылып, оның әскери жетекшісі кіші сержант А. Ержанов болса, Кадирбаева Алма сыныпжетекшілік етеді. Биылғы оқу жылында да жаңадан «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбы ашылып, ол сыныпқа әскери жетекшісі старшина Андосов Ертай Дарменкулович, ал Сабырбекқызы Гүлнұр сыныпжетекшісі болып тағайындалыпты. Мұның барлығы білім саласында жүрген азаматтар, олардың басшылары жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуге деген құштарлығынан туындап отыр деп білеміз. Қазіргі таңда кадет сыныбымен тығыз байланыс жасап, аптасына бір рет әскери-патриоттық сабақ өтеміз. Өрт қауіпсіздігі жайлы дәрістер оқылып, оқушыларға тапсырмалар беріледі. Оқушылар да өз кезегінде қатарластарына өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдай кезіндегі әрекет жайлы айтып, насихат жүргізеді. Арасында біздің бөлімшеге келіп, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің құрал-жабдықтарымен танысып, олармен бірге үгіт-насихат шараларына қатысады. Себебі, жас ұрпаққа, оқушыларға үлкен адамның айтқанынан гөрі өздерінің қатарластары айтқан сөз өтімдірек келеді. Біз тек кадет сыныбымен жұмыс жасап қоймаймыз, әр мектепке кестеге сәйкес тілсіз жаумен күрес жайлы, төтенше жағдайдың алдын алу шаралары туралы түрлі дәрістер оқылып, сақтық шаралары ескертіледі. Кейде өртпен, сумен алысып жүрген құтқарушылардың ерліктері ескеріле бермейді. Бізге арнайы марапаттың да қажеті шамалы. Себебі, еліміз тыныш, ауыл-аймағымыз қауіп-қатерден, зілзаладан, өрттен аман болса, төтенше жағдай орын алмай, мамыражай заман болса, әр күні бір тұрғынның өмірін сақтап, не болмаса кәсіби көмегіміз тиіп, жүзіне қуаныш ұялата алсақ, елдің алғысын алсақ, біз үшін үлкен марапат сол болмақ.

— Төтенше жағдай демекші, елімізде көктемде тұңғыш рет Төтенше жағдай жарияланды. Сол кезде көп мекемелер жұмыстарын қашықтан атқарды. Кей құрылымдар бірігіп, посттарда тұрды. Сіздер үшін де ол кез оңайға соқпаған болар…

— Иә, Төтенше жағдай жарияланған кезде алғашында барлығымыз «Бұл қалай болғаны? Енді қайтпек керек?» деп абыржып қалғанымыз рас. Алайда, біздің бөлім осы жауапты сәтте біздің иыққа артар жүгіміз ауыр болатынын түсінді. Төтенше жағдай кезінде аудан орталығы мен ауылдарға дезинфекция жасау үшін, төтенше жағдайдың талаптарын дауыс зорайтқышпен айту үшін көлік бөліп, посттардағы өрт қауіпсіздін бақылап, біз де өз тарапымыздан атқарылатын істі барынша жедел атқаруға тырыстық. Ол күндер де артта қалды. Алайда, біз Төтенше жағдай алынып тасталды деп жайбарақат жүрмей, сақтық шараларын әлі де қатаң сақтап, әлемді алаңдатып, дүрбелеңге салып қойған бұл індет қайта айналып соқпауы үшін біз өзімізге мығым болуымыз қажет.

— Жас ұрпаққа, аудан тұрғындарына айтар кеңесіңіз…

— Мен ең алдымен аудан тұрғындарын үнемі өрт қауіпсіздігін сақтап, қауіпсіздік шараларын жас балаларға түсіндіріп, өртті болдырмауға, оның алдын алуға әрекет жасауға шақырамын. Себебі, «Сақтансаң, сақтайды» деген сөз бар ел ішінде. Біз сақтансақ қана, сақтық шараларын қатаң ұстанған сәтте ғана көптеген қауіптің алдын аламыз, оқыс оқиғалардың болмауы – біздің өміріміздің қауіпсіздігі. Өз өміріміз – өз қолымызда. Тез жанатынөртке қауіпті заттарды балалардың қолы жетпейтін жерге қоюларыңызды сұраймыз. Сіздер де үйде балаларға өрт қауіпсіздігін сақтау жолдары туралы түсіндіріп отырсаңыздар, өздеріңіз де соны ұстансаңыздар, біз көптеген қайғылы жағдайдың алдын аламыз.

Ал өскелең ұрпаққа ел болашағы жастардың қолында екенін үнемі жадында ұстап, елін сүйген, елі сүйген азамат болып өсулеріне тілектеспін. Әрбір жас өздерін Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастырушы тұлға екенін сезініп, «Менің Отаным», «Менің Қазақстаным» деген қасиетті сөздерді жүректерінде сақтаса, онда елге тұтқа болар азамат болатындарына мен сенемін. Батырлық – тек қару алып жаумен соғысу емес, сол соғысты болдырмау, ел ішіндегі келеңсіз жағдайлардың алыдн алу, табиғи апат кезінде өз өміріне қауіп төндірмей, өзгеге көмектесе білу, елін шын сүйіп, Отанының өркендеуіне үлес қосу. Сондықтан, бала кезден өз Отанының патриоты болып өскен ұл мен қыз – Қазақстанымыздың шынайы қорғанышы болады.

— Әңгімеңізге рахмет. Бүгінгі келіп жеткен мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын. Қызметтеріңізге табыс тілеймін. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Өңірімізде, елімізде төтенше жағдай орын алмасын деп тілейміз.

— Рахмет.

Әңгімелескен: Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Tags

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close