Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғам

ӨНЕРЛІ ШӘКІРТТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

«19 қазан күні – құтқарушылар күні» қарсаңында Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті білім алушылар арасында «Құтқарушылар күні құрметіне және  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің құрылғанына 25 жыл толуына орай» шығармашылық байқау өткізген болатын. Кеше сол байқаудың қорытындысы жарияланып, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінде сайыста орын алған оқушыларды сақтық талаптарын қатаң сақтай отырып марапаттау рәсімі өтті.

Шараны аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Бегалин Ғабит Ермұханұлы ашып, әріптестерін мерейтоймен құттықтады. Ол өз сөзінде: «Азаматтық қорғау саласының мерейтойы қарсаңында өткізілген оқушылар арасындағы шығармашылық байқауда біздің ауданның үш бірдей оқушысы жүлделі орынға ие болды. Бұл – біздің балалар құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің ерен еңбегі туралы жан-жақты хабардар екендігін білдіреді. Ал, балаға ондай тәлім-тәрбие беріп отырған мектептегі ұстаздары мен ата-аналарына мың алғыс», — дей келе, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан өнерлі оқушылар ауданымыздың мерейін өсіргенін атап айтты. Шара барысында мәнерлеп өлең оқу байқауында жүлделі І орын алған №38 мектеп-гимназиясының 4 «Д» сынып оқушысы К.А. Степнищевке, осы байқауда ІІ дәрежелі диплом иеленген №7 орта мектептің 6 «А» «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбының оқушысы Ануарбек Диарға, жас суретшілер байқауында үздік қылқалам шебері атанған І дәрежелі диплом иегері №7 орта мектептің 6 «А» «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбының оқушысы Нұрмухамед Аружанға дипломдары мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ, елімізге келген індет кезінде аяғынан тік тұрып, халыққа қалтқысыз қызмет еткен, Төтенше жағдай жарияланғанда қарттар мен әлеуметтік қолдауды қажет еткен жандарға жанын салып көмектесіп, аудандағы қоқыс полигоны өртенген кезде де өрт сөндірушілердің бір жағына шығысып, көмек қолдарын созған ауданымыздың бір топ еріктілері Сержан  Болатұлы,  Сергей Александрұлы, Нұрлан Владимирұлы азаматтық қорғау жұмыстарына белсене атсалысқаны үшін Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, полковник А. Тойшыбековтың арнайы алғыс хатымен марапатталды. Ал, еріктілер жасағының жетекшісі Ерубаев Дастан Нұралыұлы облыстық департамент бастығының алғыс хатымен қоса Төтенше жағдайлар министрі Ю. Ильиннің арнайы алғыс хатымен марапатталды.

Марапаттау рәсімінен кейін еріктілер жасағының жетекшісі, ата-аналар, ұстаздар Ғабит Ермұханұлы мен оның әріптестерін төл меркесімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі. Ал, №7 орта мектептің оқушысы, ауданымыздың жас ақыны Ануарбек Диар болса құтқарушыларға арналған жүрекжарды өлеңін оқыды.

 

А.ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button