Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

БАСТЫ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың үстіміздегі жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы алаш жұрты үшін маңызды да мағыналы құжат болғандығы сөзсіз. Жолдауда мемлекет басшысы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге деген бетбұрысын айқындап берді. Әрбір адамның ойында жүрген көкейтесті мәселені шешу жолына арналған бұл Жолдау еліміздің дамуында оң өзгерістердің және өмірімізде біршама жаңалықтардың болатындығын көрсетіп бергендей. Қ. Тоқаев өз Жолдауында ауыл тұрғындарының, жұмысшылардың, зейнеткерлердің, мемлекеттік қызметшілер мен басшылықта отырған депуттаттар мен министрлердің, құқық қорғау органдары, білім, денсаулық сақтау саласында еңбек ететін адамдардың жеке міндеттері мен қызметіндегі жаңалықтар мен өзгерістерді жеке-жеке айтып өтті. Сонымен бірге денсаулық саласы қызметкерлерінің еңбегінің бағалануы керектін, оларға әлеуметтік көмектің тағайындалуын тапсырды. Халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға баста назар аудару керектігін қадап айтты. Шынында да әлемді жайлаған пандемия кезінде медицина саласының маңыздылығының зор екендігі айқын байқалды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Пандемия туындатқан дағдарыс бізге көп нәрсені үйретті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық. Бір кезде медицина қызметкерлерінің мемлекет назарынан тыс қалғаны рас еді. Дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды болып отыр. Бюджетті таяудағы нақтылау кезінде екінші жартыжылдықта медицина қызметкелерін ынтыландыратын қосымша төлем үшін 150 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», — деген еді. Бұл сөздің өзі денсаулық күзетінде жүрген ақ желеңділерді үлкен қуанышқа бөледі. Өйткені, медицина қызметкерлері коронавирус инфекциясы елімізде алғаш тіркелген күннен бастап уақытпен санаспай қажырлы еңбек етті. Әсіресе, карантин кезінде бала-шағасын, отбасын көрмей ауруханада қона жатып еңбек еткендер де сол дәрігерлер мен медбикелер еді.

Бұл ретте аудандық медицина қызметкерлері де тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтау жолында бар мүмкіндіктерін жұмылдырып, алдыңғы шептен табыла білді. Жалпы, қай кезде болмасын денсаулық сақшылары Гиппократ антына адалдық танытып, өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарады. Бұл ретте профилактикалық байқауды жүргізетін қызметкерлерге де түсетін салмақ аз емес. Біздер аудан тұрғындарын, оның ішінде үлкен-үлкен кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшыларды жүйелі түрде профилактикалық байқаудан өткізіп, қатерлі дерттің алдын алуға ықпал етеміз. 50 жастан асқан адамдарды жыл сайын емханаға шақыртып, денсаулықтарын тексеруден өткізіп отырамыз. Қатерлі дерттің белгілері анықталса, оларды дереу маман дәрігерлерге жіберіп, шұғыл ем қабылдауларына жағдай жасаймыз. Мұның өзі науқастардың дер кезінде ем алып, денсаулықтарын жақсартуларына мүмкіндік береді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», — дегендей, адамдар дер кезінде профилактикалық байқаудан өтіп, дәрігерге қаралып, уақтылы ем алып отырса, кез келген дертті жеңуге болады. Біз ол үшін барлық мүмкіндікті жасаудамыз.

Е. СӘРСЕБЕКОВА,
аудандық профпотолог дәрігер,
Іле ауданының Құрметті азаматы

Tags

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close