Алматы облысының жаңалықтарыҚоғам

«НҰРЛЫ ЖОЛ» АЯСЫНДАҒЫ ЖОБА

Баршамызға белгілі 2018 жылы концессия тетігі арқылы «AlsimAlarko – Makyol (Түркия) – SK Engineering and Construction – Korea Expressway orporation (Оңтүстік Корея)» түрік-корей консорциумы 66 шақырымдық Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (ҮАААЖ) құрылысын бастаған болатын. Жол Қарасай, Іле және Талғар аудандары арқылы 20- 25 км радиуста Алматы қаласын айналып өтеді.

Айналма жол заманауи және жоғары технологиялы деңгейде салынады, 6 жолақты жедел жол 150 шақырым сағаттық жылдамдықты қамтамасыз етеді, қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 38 мың көлік құралын қамтиды. Үлкен Алматы айналма жолы Азиядан Еуропаға автожол дәліздері арасындағы көліктік байланыстарды кеңейтуге, тиісті инфрақұрылымды дамытып, Оңтүстік астанада жол-көлік оқиғалары деңгейін және автомобиль көлігінің қоршаған ортаға жайсыз әсерін қысқартуға мүмкіндік береді. Болжамдық есептеулерге сәйкес, айналма жолы Алматы қаласына кіретін көліктердің шамамен 70 пайызының қала сыртымен жүруін қамтамасыз етеді. Жолдың құрылысы Консорциум инвестициялары есебінен жүзеге асырылады. Консорциум өз кезегінде ЕҚҚДБ, ЕАДБ және ИДБ заемдық қаржыларын пайдаланып отыр.

2020 жылғы 12 ақпанда Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұловтың қатысуымен жобаның кредиторларымен тікелей келісімге қол қойылды. Тікелей келісім – республикадағы концессиялық жобаларды іске асыру аясында қол қойылған алғашқы құжат.

Тікелей келісімге қол қою Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалғандығын айқын айғақтайды, өйткені ол Консорциумға да, қаржыландырушы банктерге де салынған қаражаттың бекемдігі мен қатаң қорғалуына кепілдік береді. Осылайша, алғаш рет енгізілген Тікелей келісім институты мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.

Қазіргі уақытта жолдың құрылысы толық көлемде қарқын алған.1 мыңға жуық адам жұмыс орнымен қамтылды. Оның 80 пайызы жергілікті халық. Негізгі құрылыс материалдарын жергілікті өндірушілер жеткізеді. Жол құрылысы шарықтау шегіне жеткенде, шамамен 3 мың жұмыс орнының ашылуы әбден мүмкін. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзім бойынша жүзеге асырылуда, оны 2022 жылы аяқтау жоспарлануда.

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button