Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

ТАЗА СӨЙЛЕЙСІЗ БЕ?

Қазақ тілі — халқымыздың ана тілі, рухани ұлттық символы. Ол — қазақ елінің ұлт болып қалыптасуынан бері онымен бірге дамыған асыл қазынасы. Кезінде сөз бастаған шешендеріміз, ел бастаған көсемдеріміз, сал-серілер мен ақын-жазушыларымыз тіліміздің дамуына үлкен үлесін қосқан. Халқымыз ана тілін аса қатты құрметтеген, оның шұбарлануына жол бермеген. Бірақ, өкінішке орай, бүгінгі қоғамда қазақ тілінде таза сөйлейтін, оны құрметтейтін жандардың саны өте аз. Қазір кез келген ортада орыс тілінде сөйлеу басымдық алған. Бүгінгі таңда қарым-қатынаста орыс тілінің көп қолданылуына себеп болған ең бірінші нәрсе — қазақ елінің ұзақ жылдар бойы бодандықта болуы. Қазақ халқы сан ғасырлық тарих сахнасында тар жол, тайғақ кешіп, талай ауыр күндерді басынан өткізді. Әсіресе, үш жүз жылға жуық Ресейдің отарында болған халқымызға ана тілінің өзге елдің езгісінде тұншығып қалуы ауыр соққы болып тиді. Қазақ тілінде сөйлеуге тыйым салынып, халық орысша сөйлеуге мәжбүр болды, ана тілдің тынысы одан сайын тарылды. Осындай қиын кезеңде қазақ халқы тілінен айырылып қала жаздады. Ата-бабамыз егемендік алғаннан кейін ана тілінің қанаты кеңге жайылса да, сол бір жат елден бізге сіңген нәрседен әлі арыла қоймадық. Қазір тілі мәселесіне алаңдайтын адамдардың саны саусақпен санарлық. Менің ойымша, тілдің бұрмалануына себеп болған екінші нәрсе — ата-ананың балаға беретін тәрбиесі. Ана тіліне деген махаббат отбасы тәрбиесінен басталуы қажет. Алайда, қоғамда қазақ тілінде сөйлеуге қысылатын ата-ананың көптігі сондай өкінішті. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген дана халқымыз. Отбасында орысша сөйлеп отырған жандардың кейінгі ұрпағы қазақ болып шығатынына күмәнім бар. Сонымен бірге, тілді құрметтемек түгіл, қазақша сөйлеуге ұялатын, намыстанатын пенделерді де кездестіріп жатамыз. Яғни, тіл мәселесінің ушығуы адамның үйреншікті әдетіне, сана сезіміне де келіп тіреледі деген сөз. Қазақстан Республикасындағы әрбір азамат қазақ тілін білуі шарт және мемлекеттік тілде қызмет етуі тиіс. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін жанын аямайтын, елін, жерін сүйетін адам ана тілін де құрметтейді, оның қолданысының кеңеюіне өз үлесін қосады. «Тілін білмеген – мәңгүрт» дегендей, қазақ тілінің арнасының тарылуына жол берсек, келешекте тәуелсіз ел болуымыз екіталай. Сол себепті, менің ойымша, қоғамда әртүрлі деңгейдегі тілге байланысты мүшәйраларды өткізуді одан ары күшейтіп, отбасы тәрбиесінде тіл мәселесіне аса қатты көңіл бөлу қажет. Жерімізді, тілімізді ата-бабамыз ұзақ уақыт бойы көздің қарашығындай сақтап, бізге аманат етті. Сол аманатқа қиянат жасамайық. Алтын мұрамыз, қазақ тілімізді келешекке мирас етіп жеткізу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелейік, ана тілін сақтап қалуға үлес қосайық.

 

А. ДАНДЫБАЕВА,

 Междуреченск ауылдық округі әкімі

 аппаратының бас маманы

Tags

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close