Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамРуханият

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ДАРА ТҰЛҒАСЫ

Тарихымызда қазақ топырағынан шығып, білім жолында бар ғұмырын сарп еткен, араб-парсы мәдениетін меңгерген дара тұлғалар, төрткүл дүниеге танылған ғұлама-ойшылдар бар. Соның бірі – Отырар өлкесінен шыққан, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу-Насыр әл-Фараби. Биыл оның   туғанына  1150 жыл толып отыр. Айтулы датаны мемлекеттік деңгейде  тойлау «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай  жастардың  патриоттық сезімін оятып, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында жүргізіліп жатқан маңызды бастамалардың бірі деп ойлаймын. Шығыстың ғұлама ойшылы, әмбебап ғалым Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келген (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Отырардағы аса бай кітапханасында әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренеді, осы тілде ғылыми трактаттар оқыды. Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң әл-Фараби өз білімін жетілдіру мақсатында Бағдатқа аттанады. Білімге деген құштарлығының арқасында сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдіріп отырған. Артынан 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар қалдырған әл-Фараби 950 жылдары Дамаскте дүние салған. «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектері әлі күнге дейін өз мәнін жоймаған.

Бүгінде ғұламамыздың мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуде. Саналы ғұмырын өлшеусіз, терең білімге арнаған кемеңгерімізді ұлықтау мақсатында жер-жерде жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде. Сан ғасырлық тарихтың бір бөлшегі іспеттес дара тұлғаның өмір жолы мен еңбектері таныстырылып, насихатталуда. Облыс, аудан, ауыл көлемінде де біршама жұмыстар атқарылды. Соның бірі Іле ауданының  мектептері арасында «әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл» атты  челлендж ұйымдастырылып, мерейтойға атсалысты. Аталмыш іс-шарадан  біздің мектебіміздің де оқушылары шет қалмай, челленджге қатысып, өз үлестерін қосты. Оқушылар ғұламаның өмір жолы мен шығармаларынан үзінділер оқыды. Әлем өркениетіне қосқан үлесі туралы дәрістер оқылып, шығармаларының негізгі идеялары туралы насихат жұмыстары жүргізілді.

Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат» деген еңбегінде адамның өзін танымақтығы жөнінде айтылатын ойларында «өсімдік жаны», «хайуан жаны», «адам жаны» деп жүйелейді. Осы трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік береді. Әл-Фарабидің бұл философиялық ой-пікірлерін Абай өзінің «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңінде де әрі ойшыл-кемеңгер, әрі аса дарынды сөз зергері ретінде оқырманға зор шеберлікпен жеткізген болатын.

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас

Үйретуден балаға.

Сан мыңдаған ғасыр қойнауына үңілер болсақ, ұстаздық жолдың тарамдалған тармағы көптігін, тамырын тереңге жайған тарихы барын көре аламыз. Білім мен тәрбиені бала бойында қалыптастыратын мұғалім мен мектеп екені мәлім. әл-Фараби тілімен айтқанда «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы».

Бүгінде, әл-Фараби  салып берген даңғыл жол әр педагогтың айнымас тұсбағарына, Абай қалам тербеген осынау өлең жолдары барша ұстаздардың ұранына айналғандай.

А. СҮЛЕЙМАН,

№ 8 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button