Алматы облысының жаңалықтарыҚоғамТұлға

Кәсібін мақтан етеді

 Тәуелсіздік жемісі 

Кейбір адамдар болады, өзі іштей уайымға салынып, қайғырып тұрса да, оны айналасындағыларға білдірмейді. Түк болмағандай   жадырап-жайнап, қасындағы адамдарға қуаныш сыйлай біледі. Әдетте мұндай жандар басына бақыт қонғанда да, бақ құсы тайған кезінде де тектілік, сабырлылық қалпынан таймай, қайғы-қасіретін, ашу-ызасын мінезіне жеңдіреді. Осылайша қасындағыларының берекесіне ай-налып, олардың ынтымағы мен жа-расымдылығын арттырады. Біз бі-летін кәсіпкер Роза Сағидоллақызы осындай жан.

Ол ешқашан да сызылып сөйлемейді әлдекімдерге жағынғысы келіп, жөнсіз иілмейді, қанша қиналса да белі бүгілмейді. Қиындықтан қашпайды, шаршап-шалдықса да алға қойған мақсатына жету жолында бар мүмкіндігін сарқа жұмсайды. Соның арқасында шағын кәсібін дөңгелетіп, отбасының ұйытқысы, екі қамкөңіл жан – тоқсанға жақындап қалған аяулы анасы Әсия мен жеңгесі Бақыттың арқасүйері болып отыр. Қыз бала әу бастан-ақ жат жұрттық. Десе де, жан жары Ерболаттың қазасынан кейін, екі баласымен жесір қалған Розаны қамқорлыққа алып, жанына жалау болған, қайғысын сейілткен анасы Әсия және аға-жеңгесі Нұрсұлтан мен Бақыт еді. Енді олардың өзіне сүйеніш керек. Қарап отырса, соңғы 10-15 жылда анасының да, жеңгесінің де көрмегені жоқ. Әсіресе, анасы – Әсия. Әсия әженің құдай қосқан қосағы Тоқмолдаев Сағидолла екеуі 7 баланы дүниеге әкеліп, шамалары келгенше оқытып-тоқытқан еді. Бірақ, ұлдары Нұрлан мен Данияр, қыздары Салтанат аққан жұлдыздай болып тым жас өмірден өтті. Балаларының қазасынан кейін отағасы Сағидолла іштей қайғы жұтып, есеңгіреп қалды. Қайғыны сыртқа шығармай іште сақтаған оңай дейсің бе, бұрынғы «Рассвет» ұжымшарында ұзақ жыл есепші қызметін атқарып, абыройға бөленген Сағидолла аға да балаларының артынан кете барды. Ол аз болғандай отағасының қазасынан соң Әсия әжей екі қызы Гүлдария мен Светадан айырылды. Осы әулеттің бас көтерер ардақты азаматы Нұрсұлтан да аяқ астынан қайтыс болып, жақындарын есеңгіретіп кеткеніне бір-екі жыл болды. Осындай жағдайдан соң әулеттің бар ауыртпалығы Роза Сағидоллақызына түс-ті. Өзіне де әкесінен, жан жолдасынан, ағаларынан, әпке-сіңлілерінен айырылу оңай болмады. Бірақ, тағдырдың басыңа салғанын көтере білу керек, Аллаһ Тағалаға қарсы тұра алмайсың. Ұрпақтар тұрғанда өмір жалғасады, тіршілік тоқтап қалмайды. Анасы мен жеңгесіне өзінің демеуі қажет екендігін түсінгендіктен де, жүрегі сыздап, жаны жылап тұрса да, түк болмағандай олардың көңілін аулап, жаралы жандарын емдейді. Қолынан басқа не келеді? Қарап тұрсаң, Розаның өмірі қиындық пен қайғы-қасіреттен, сұрғылт күз бен қаһарлы қыстан тұрмайды. Оның бақытты сәттері, қуанышты күндері де, көгілдір көктемі мен жадыраған жазы да көп.

Жеті баланың ең кенжесі болып дүниеге келген Роза ештеңеден тарықпады. Үйдің еркесі болды. 1978 жылы Жетіген ауылында орта мектепті бітірген соң Талғардағы механизация техникумының экономика факультетінде білім алып, «Қазақстанның 40 жылдығы» ұжымшарында есепші болып ұзақ уақыт абыройлы еңбек етті. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында нарықтық экономика басталғанда ұжымшар тарап, жұмыссыз қалған кезінде еш қиындықтан қорықпай, әпкесі Света екеуі қоғамдық тамақтандыру орнын, дүкен ашып кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Сүйгені Ерболатқа қосылып, екеуі ширек ғасыр бақытты өмір кешті. Дүниеге Данияр мен Бақтияр сынды ұлдар келді. Өкініштісі, Ерболат екі ұлының қызығын көре алмай кетті. 2012 жылы әпкесінен бөлініп, өзі Жетіген ауылында жеке дара «Достық» азық-түлік дүкенін ашты. Бұйырған нәсібін жеп, балаларына бас-көз болып, анасы мен жеңгесіне қамқорлық жасап жүріп жатыр. Шүкіршілік, екі ұлы да үйлі-баранды. Үлкені Данияры жоғары білімді. Қарасай ауданындағы мемлекеттік салық басқармасында бөлім бастығы болып қызмет атқарады. Келіні – Жанна әлеуметтік сала қызметкері. Кенжесі Бақтиярдың екі жоғары білімі бар. Бүгінде Жетіген ауылында жұбайы Айнұр екеуі мал шаруашылығы кәсібімен айналысады. Екі ұлынан 6 немересі желкілдеп өсіп келеді. Ұрпағының қызығын көру ана үшін үлкен бақыт емес пе?

Роза Сағидоллақызы еңбекқор-лығымен қатар қолы ашық, жүрегің кең жан. Жақындары мен жора-жолдастарына, жерлестеріне абыройлы. Жетіген ауылдық округіндегі әр түрлі шараларға белсене араласады. Көмекке мұқтаж жандардан қайырымдылығы мен қамқорлығын аяған емес. Әсіресе, өткен жылы елімізде пандемияға байланысты жарияланған карантин кезінде Жетіген ауылындағы тұрмысы төмен отбасылар мен жалғызбасты және мүгедек жандарға азық-түлік жағынан шамасы келгенше көмектесті.

– Жалпы, өміріме ризамын, – дейді,-ақ көңіл Роза Сағидоллақызы. – Бүгінде кәсібімді алға жылжытып, табыс тауып жүргенім Тәуелсіздігіміздің арқасы. Тәуелсіздік бізге ой еркіндігін, сөз бостандығын берді. Кәсібіңді ашып, табыс табамын десең, оған да жан-жақты мүмкіндік туғызылды. Тек ынта-жігерің, ең-бекқорлығың болсын. Мен өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жұмыссыз қалғанда әпкеммен бірігіп жеке кәсіп аштым. Басында көп қиналдық, алданған кездеріміз де болды. Өкіметке салықты уақытысында төлеп тұруда, есеп-қисапты жүргізуде көп қателестік. Бірақ, мақсатымызға жету жолында сүрінсек те, тік тұра білдік. Қателіктерден сабақ алдық. Шүкіршілік, қазір жұмысым дұрыс жолға қойылды. Екі-үш адамды еңбекпен қамтып отырмын.

Иә, Роза Сағидоллақызы Сағдуллина еліміз өз алдына отау құрып, Тәуелсіздік алған күннен бастап, салық төлеуші кәсіпкер ретінде аз да болса Жетіген ауылдық округінің экономикалық дамуына үлесін қосып келеді. Тәуелсіздіктің арқасында өз қалауынша еңбек ету бақытына ие болды. Тұрақтылығы тұғырлы, бейбіт мемлекетте өмір сүріп, еңбек етіп жатқанын мақтан етеді. Айтпақшы, отыз жасында кәсібін ашқан Роза Сағидоллақызы бүгінде 60 атты асқаралы жасқа толды.

Мерейтойыңыз құтты болсын!

#Qazaqstan30

 Р. АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button