Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

Басты мақсат –ашықтық қағидаттарын ұстану

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында өткен жылы аудан орталығы Өтеген батыр кенті мен халық көп шоғырланған Боралдай кентінде сервистік әкімдік ашылып халыққа қызмет көрсетуде.

Мұнда аудан тұрғындары әр бөлімдерді жан-жақтан іздемей-ақ қажетті қызметтерді бір ғимаратта ала алады.

Бүгінгі күні аудан орталығындағы «Open space» қағидатымен жұмыс істейтін орталықта 9 мемлекеттік мекеме тұрғындарға жылжымайтын мүлік рәсімдеу, құрылысқа рұқсат алу, әлеуметтік төлемдерді тағайындау, электрондық цифрлық қолтаңба аштыру, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары және басқа да салалар бойынша жалпы саны 56 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Өткен жылдың тамыз айынан бері   орталыққа келуші тұрғындар саны 4610 адамға жетіп отыр.

Орталық қызмет алушылардың уақытын, күш-жігерін, қаржысын үнемдеуге, халыққа жақын болуға, ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сервистік әкімдіктің жұмысы көрсеткендей ауданның тұрғындарына қолайлы жағдай жасалып отыр. Мемлекеттік қызмет алу бойынша азаматтардың сауалдарына осында отырған мамандар жауап беріп, тиісті қызмет көрсетеді. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру  болып  табылады.

Сондай-ақ ғимаратта «Жетісу – адалдық алаңы» жобасымен жабдықталған азаматтарды қабылдау кабинетіне өткен жылы аудан әкімі және оның орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары барлығы 48 қабылдау жүргізіліп,  328 тұрғын өздерін толғандырған мәселелері бойынша сұрақ-тарына жауап алды.

Сонымен қатар «Жетісу – адалдық алаңы» фронт офисінде ауданның барлық деңгейдегі мекеме басшылары 28 онлайн кездесулер мен тікелей эфир арқылы қабылдаулар жүргізді.

Мекемелерге кіру шектелген қазіргідей кезеңде әр жерге жүгіріп жүрмей, мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын осындай Сервистік әкімдіктер халыққа аса қажет. Ғимараттың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шақыру қоңырауы, пандус, гигиеналық бөлмелер орнатылған, Брайль қарпімен жазылған тақтайшалармен бірге есту қабілеті нашар жандар үшін арнайы аппарат құрылғысы жұмыс жасайды.

Аталған орталық арқылы өткен жылы барлығы 6292 қызмет көрсетілді. Атап айтқанда жер қатынастары саласында 859, ауылшаруашылығы саласында – 125, тұрғын үй қатынастары мен коммуналдық шаруашылық саласында – 1098, сәулет және қалақұрылысы саласында – 3561, әлеуметтік сала бойынша – 591 қызметтер ұсынылған.

Әсіресе, пандемия кезінде мемлекеттік қызметті электронды түрде алудың маңыздылығы айқын көрінді. Оған қоса ол ашықтық пен жариялылық өлшемдеріне сай келеді және жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға ықпал етеді.

Сондықтан ауданның жергілікті атқарушы органдары тарапынан ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің  автоматтандырылуы бүгінгі күнге 89%-ға жуықтады.

Мұнда екі өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Аталған бұрыш арқылы  ЭЦҚ алушылар саны 498, Электронды үкіметтің порталы арқылы 2022 қызмет алынған. Аудандағы барлық ауылдық округтер, мектеп, балабақша, ауылдық кітапханаларда, емдеу мекемелерінде барлығы 97  өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары жабдықталған. Аталған барлық бұрыштар арқылы 37 810 тұрғын әр түрлі қызметтерді электронды түрде алған.

«Egov Жаршысы» жобасы аясында 35-тен астам волонтер тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде қалай алуға болатыны туралы түсіндіру жүргізеді. Ол өз нәтижесін беріп те отыр.

Осындай жобаның бірі Боралдай кенті әкімі аппаратында да жүзеге асырылып отыр. Мұнда ауылдық округ көлемінде 9 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Өткен жылы кент тұрғындары ХҚКО немесе аудан орталығына келмей-ақ,  сол жерден 2104 қызметті оңай алған. Қызметтердің басым бөлігі электронды түрде ұсынылған.

Алдағы уақытта жергілікті тұрғындардың уақытын тиімді пайдалану мен жергілікті әкімдердің жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ету үшін ауылдық округтерде «Open space» форматында барлық ауылдық әкім аппаратының  жұмысы аталған форматқа көшіру жоспарануда.

Мақсатымыз мемлекеттік қызметкер мен қарапайым халықтың тікелей нақты диалогын орнату. Болашақта сол Мемлекет басшысы айтқандай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру концепциясының басты қағидаттарының бірі болады.

 

Аяулым Тілек,

 Іле ауданы әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің әдіскері

Tags

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close