Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғам

Алматы облысында бүркітшілер этноауылы ашылады

Алматы облысынан шыққан кәсіби бүркітші Қуаныш Исабеков өңірде туристерге арналған этноауыл ашуды жоспарлап отыр.

37 жастағы Қуаныш әкесі мен атасынан мұра боп қалған істі жалғастырып келеді. Ерте жастан бастап аң аулау шеберлігіне, құстың табиғи аңшылық қабілеттерін қолдана білуге үйренді. 16 жасында ол бүркітті алғаш рет қолға үйретіп, содан бері құсбегілікпен айналысады. Ұлттық өнерді жетік меңгерген. Отбасымен бірге ұлттық құсбегіліктің ерекшеліктеріне арналған «Жеті қазына» мұражайын да ашқан. Қуаныш — республикалық және халықаралық деңгейдегі бүркітшілер байқауының жеңімпазы. Енді өзінің сүйікті ісін толыққанды табысты кәсіп көзіне айналдырғысы келеді. Қазір оның жеті бүркіті, екі қаршығасы, екі ителгісі және сегіз тазы иті бар.

Этноауылды өзі туған Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра ауылының маңында ашуды жоспарлап отыр. Ауыл Алматы қаласынан 141 шақырым жерде орналасқан. Дәл осы жер түлкілер, қояндар мен басқа да кішігірім жануарларды аулауға жарамды.  Жыл сайын құсбегілікті тамашалауға 20-30 турист келеді, солардың көбісі Еуропадан. Бүркітшінің өнері шетелдіктердің қызығушылығын тудырып отыр, дейді Қуаныш Исабеков.

«Туристер үшін аң аулау ісі, біздің табиғатымыз бен әдет-ғұрпымыз өте қызықты. Әдетте құсбегілік маусымы қазан айында басталып, ақпанның ортасына дейін жалғасады. Дәл осы кезеңде туристер бірнеше топпен келеді. Олар біздің тұрмысымызбен, бүркітпен аң аулаудың ерекшеліктерімен танысады. Туристер Канада, Ұлыбритания, Швеция, Германия, Франциядан. Олардың арасында кәсіпкерлер, саяхатшылар мен фотографтар көп. Кейбірі, тіпті, жыл сайын келеді», — дейді ол.

Пандемияға байланысты 2020 жылы бүркітшілер ауылында туристер болмады. Алайда, ата кәсіп иелері үшін ішкі туризмді дамыту бағыты ашылды. Өткен жылы Қуаныш Исабеков Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасынан кеңес алып, бизнес негіздерін оқытатын «Бизнес Мектеп» жобасына қатысты. Кейін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант алуға өтінім берді. Жоба сәтті шығып, комиссия жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Енді осы қаражатқа жас кәсіпкер өз ойын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Істің басы-қасында, оны жүргізуді жанұясы қолға алмақ. Қуаныш үш баланы тәрбиелеп отыр. Ол балаларын кішкентайынан бастап құсбегілікке баулып келеді.

«Бүркіттер ерекше қамқорлықты қажет етеді. Оларға жақсы күтім жасау керек, сүйіспеншілік таныту керек, сонда ғана сізді тыңдайды. Құсқа айқайлап үйрете алмайсың. Сонымен бірге, бүркітші жаман әдеттерден аулақ болып, «таза» болып жүруі маңызды. Себебі, аспанда биікте қалқып ұшатын құс бәрін сезеді», — дейді ол.

Мұнымен қоса, Қуаныш Исабеков құсбегілік саласы мемлекеттік қолдауды қажет етеді деп санайды.

«Мысалы, бүркіт немесе тазыны ұстау оңай шаруа емес. Жаз мезгілінде бүркіт күн сайын 2-3 кг ет жейді. Сол себепті субсидиялауды енгізу қажеттілігін қарастырып көру керек. Қалай дегенде де ынталандыру шаралары қажет. Моңғолия мен Қырғызстандағы бүркітшілер Қазақстандағы құсбегілік өнерінің дамуына тәнті. Себебі  біздің елде бұл өнермен айналысатын жастар саны көп», — дейді ол.

Бүгінде бүркітші, әрі кәсіпкер Қуаныш Исабеков құсбегіліктен Шығыс Қазақстан облысы мен Түркия Республикасында өтетін жарысқа қатысуға дайындығын пысықтап жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button