Аудан жаңалықтарыЗаң және бізҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жылМәдениет

ЕЛІМІЗДІҢ МӘҢГІЛІК ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ мемлекеттілігінің құрылғанына 2700 жылдан асып кетеді. Бұл жерде біз Қазақстанның ежелдегі тарихына талдау жасайық деп отырған жоқпыз. Дегенмен, нақты деректерге сүйенсек, біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырдағы Үйсін және Қаңлы мемлекеттері Қазақ мемлекеттілігінің бастауына негіз болған. Өз кезеңінде Қазақ хандығы көршілес алпауыт мемлекеттердің әр түрлі қыспағы, айла-шарғысының кесірінен үш ғасырдан астам бодандықтың қамытын киіп, тәуелсіздігінен айырылып қалғандығын тарих дәлелдейді. Тәуелсіздік жолында қазақ халқы 200-ден астам көтерілістер мен ұлт-азаттық қозғалыстарды бастан кешірген. Демек, сонау ежелгі заманнан алаш жұрты, қиырлы-шиырлы, соқпақты жолдармен жүріп, небір қиыншылықтарды көрсе де, тәуелсіздікке қол жеткізу жөніндегі үмітін үзбей, арманын асқақтата білген. Кең байтақ жерімізді сақтап қалу үшін жеңістер мен жеңілістерді, гүлдену мен қайта құлдырауды бастан кешірсе де, өзінің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін сақтап қалған. Тек 1991 жылы ғана ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы орындалып, Тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Яғни, 1991 жылдың желтоқсан айының 16 жұлдызында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы қабылданып, бұл күн тарихтан ойып тұрып орын алды. Еліміздің бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды осы күн туралы кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы, Елбасымыз Н. Назарбаев: «…Уақыт – зымыран. Күні кеше өткен оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып үлгерді. Бұл – жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапқа толы, сонымен бір мезгілде ғаламат сәті. Сол сәт аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін», — деген болатын.

Иә, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдар қиындыққа толы болды. Бұрын «Алма піс, аузыма түс» — деп, өкіметтің берген жұмысын қанағат тұтып, өз бетінше тіршілік жасап үйренбеген халық алғашқы сәтте нарықтық экономиканың талаптарына мойын-сұнбай абдырап қалды. Халық бұрынғы жүйенің құлауының зардаптарынан қиындық көрді. Жұмыссыздық белең алып, әлеу-меттік-экономикалық күйреу, дағдарыс басталды. Соған қара-мастан Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың басшылығының арқасында елдің ішкі және сыртқы саясаты, демократиялық қоғам құру принциптері айқындалды. Қазақ мемлекеті өркендеуде өз жолын таба біліп, шынайы тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге құлшыныспен кірісті. Осылайша жағдай біртіндеп түзеліп, елдің еңсесі көтерілді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дербес мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты. 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ-на кірді. 1993 жылы 15 қарашада Ұлттық валюта – теңге айналымға шықты. Осы күнде теңгеміз тұрақты, сенімді қаржы бірлігі болды. Сонымен қоса, Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкісіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму ассоциациясының, Инвестицияға кепілдік беретін көпжақты агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орта-лықтың, дүниежүзілік денсаулық сақ-тау ұйымының мүшесі болды. Тауар тапшылығы жойылып, өнім сапасы жақсарды. Қазақстан Республикасының азаматтары экономикалық еркіндіктің арқасында меншік иелеріне айналды. Жаңа Тәуелсіз Қазақстан Республикасы халықтың жаңа тиімді тұрмысын қалыптастыру жолындағы күрделі экономикалық реформаларды өте сәтті жүзеге асыра алды. Мұндай орасан зор өзгеріс оңайшылықпен келген жоқ еді. Жетпіс жылдан астам қалыптасқан сананы, дүниетанымды өзгерту міндеті де оңайға соқпады. Меншікке қатысты көзқарастың өзгеруіне өмірдің өзі түрткі болғандықтан, жаппай жекешелендіру экономикалық қайта құру жолындағы алғашқы батыл қадам болды. Сыртқы сауданы одан әрі ырықтандыруға және елді дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне енгізуге бағытталған сыртқы экономикалық қызмет реформасы табысты жүргізілді. Банк жүйесі батыл түрде реформаланды, халықтың банкке деген сенімі арты және жеке тұлғалардың банк жүйесіндегі салымдары тұрақты түрде өсті.

Әр түрлі ұлттардан құралған халқымыздың ауызбіршілігі мен жарасымды достығының, ырысы мен ынтымағының, береке-бірлігінің арқасында Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Қазіргі Қазақстан – тек өз мемлекетінде ғана емес, бүкіләлемдік көкейтесті мәселелерді шешуде және талқылауда ықпалды рөл атқаратын егемен ел.

Тәуелсіздік – тәтті ұғым. Ол Тәңірдің бізге берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біздің бүгінгі барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміз, табыстарымыз тәуелсіздіктің жемісі. Отыз жыл уақыт ішінде елімізде халықтың әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар атқарылды. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша дамыды, әлі де даму үстінде. Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз.

 Бақтияр Талғатұлы

Басқа жаңалықтар

Back to top button