Алматы облысының жаңалықтарыБілім және ғылымЗнай нашихҚоғам

Жыр алыбы – Жамбыл

Тарихқа тас атпайық…

«Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» — деп, тіршілігінде Құдайдан кейінгі сыйынары және пір тұтары – атақты Сүйінбай ақын екендігін айтудан танбай, тіршілігінде қарапайымдылықтың үлгісін көрсетіп өткен Жамбыл Жабаев тарихқа өз есімін алтын әріпттермен әдіптеп қалдырып кетті. Өз ұлты – қазақты әлем елдеріне танытып, паш еткен Жамбылдың кім екендігін айтып, елге таныстырудың қажеттілігі жоқ. «Жамбыл ақын» деген есімді атасаңыз, жасқа да, жасамысқа да сол бір ауыз сөздің өзі жеткілікті. Қазақтың маңдайында жарық жұлдыздай жарқырай жанып, бір ғасыр бойы ұлтының намысы жолында қазақтың қасиетті қара домбырасын қолынан тастамай, тіршілігінде туған ұлтының жоғын жоқтап, жыртысын жанкештілікпен жырлаудан танбай өмірден өткен жыр жампозы – Жамбылдың туғанына биыл 175 жыл толды.

Әй, сынапша жүйткіп зырылдай өтіп жатқан уақыт-ай десеңші! «Уақыт өтіп барады, сіз бен бізге білінбей-ау» деп халық әнінде шырқалайтындай, күні кеше ғана сияқты емес пе еді Жамбыл жәкемнің 170 жасқа толу құрметіне дүйім қазақ елі болып дүрілдете тойлап өткеніміз. Содан бері, міне, табаны күректей 5 жыл да зырылдап өте шығыпты…

Ия, 2016 – жылы Алматы облысының тілдерді дамыту бас-қармасының тізгінін нық ұстап жүрген қазақтың бірегей патриот оғланы, қандай лауазымда қызмет жасаса да ұлттық мүддені бірінші кезекке қойып тың идеялар мен тыңғылықты іс жасап, төңірегін де соған жұмылдырып, ұйымдастыра білетін өз ісіне мығым әсімі елге әйгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ахмет Кендірбеков сол жылы Жамбыл бабаның мерейтойына байланысты Алматы облыстық Ардагерлер ұйымының қаржылай қолдауымен жыр мүшәйрасын өткізген еді. Мүшәйраға 19 аудан, қалалардан елуден астам үміткер қатысып, қорытындысында жеңімпаз, жүлдегерлер анықталып марапатталғанды. Қазақстан Журна-листер одағының мүшесі, танымал ақын Раушан Құрманғалиева қарындасымыздың құрастыруы және редакторлық етуімен, Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіттің алғысөзімен «Жыр арқауы – ұлы Жамбыл» атты жыр жинағы жарық көрген болатын.

Осы жолдардың авторы, яғни өзім ақындық өнерім (мен прозаик едім) болмағанымен, Жамбыл жәкемнің жырлары мен ұлтжандылық қасиеттеріне құрмет көрсету мақсатымен сол мүшәйраға өз шама-шарқымша қатысып, арнайы сыйлыққа ие болған едім. Сол жәдігер жинаққа менің «Жамбылға арнау», «Рухына бас иейік ерлерімнің» атты қос өлеңім (46-52-беттер) еніп, жәдігер кітаптың бір данасы менің де қолыма тиген-ді.

Міне, осы жақсы іс заңдылы жалғасын тауып, кезінде XX-шы ғасырдың Гомері атанған ұлы ақын ғана емес, су төгілмес жорға сынды жырау Жамбыл Жабаевтың атын ардақтап, 175 жылдық мерейтойын тойлау еліміздің жер-жерінде өріс алды. Мәселен, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ақын атаның туған жерінде «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі «Жамбыл бабама тағзым» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Бір сүйсіне айта кетерлігі: тек Алматы қаласы бойынша ғана емес, еліміз бойынша мектеп, мәдени ошақтарды қоспағанның өзінде, Жамбыл ақынның мерейтойына байланысты осындай ірі-ірі 60-қа жуық игі шаралар өткізу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының құрастыруымен Жамбыл жәкемнің үш томдық академиялық жинағы жарық көріп үлгерді. Сол сияқты, «Дара оқырман» клубының жетекшісі Әділ Несіпбаевтың ұйымдастыруымен, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, танымал ақын Бауыржан Жақып, халықаралық Жамбыл қорының төрағасы Манарбек Ізбасаров, тағы басқа жыр сүйер қауым қатысқан поэзия флешмобы өтті. Жас өрендер Жамбыл атамыздың сан алуан тақырыптағы өлең-жырларын оқыған осы ізгі шарада дарынды оқушы жастарға Халықаралақ Жамбыл қорының сыйлықтары берілді. Алдағы уақытта да Жамбыл жыраудың мерейлі жасқа толуы құрметіне жер-жерде ақындар айтысы, жыр мүшәйралары өткізілмек. Сондай-ақ, Жамбылтану тақырыбындағы өлең-жырлар жинағын кітап етіп бастыру көзделген екен.

Ия, «Бір кем дүние» деп, Шерағам — Шерхан Мұртаза тарлан айтпақшы, мына жалған, опасыз дүниеде бір-жар күні ғана кем жүз жыл, яғни бір ғасыр жасағанымен, өзінің артындағы халқына берген баға жетпес жырлары арқылы мәңгі өлмес мұра қалдырған Жамбыл ақын-жырауға қандай құрмет жасап, қалай әспеттесек те артық емес.

Иә, мен қатарлас соғыстан соңғы ұрпақ өкілдері мектеп партасынан Жамбыл–жәкемннің жәдігер жырларын жаттап, сонымен сусындап, рухани күш-қайрат алып жетілдік. Өз басым 5-6 – сыныптан бастап-ақ Жамбылдың «Амангелді тойына», «Ленин» атты өлеңдерін мектепте өтетін жиын, концерттерде құлшына, нақышына келтіре орындап, бала емеспіз бе, мақтау естігеніме марқайып, «мен де Амангелді сияқты батыр болсам» деп армандап жүретін едім…

Ардагер Амангелді елдің ері,

Кең өріс, жалпақ дала туған жері.

Елі мен мекенінің Туын ұстап,

Қол бастап, қан майдандааққан тері.

Ленинді жаны сүйіп соңынан ерген,

Жауына ажал оғын тартқан мерген.

Анадан ер боп туып, батыл өсіп,

Ұлты үшін майданда да ер боп өлген.

Қазасы батырымның  жұртты еңіреткен,

Сол кезде Жамбылың да жасын төккен… — деген отты жыр жолдары арада алпыс жылдан астам уақыт өтсе де, менің жадымда күні бүгінге шейін сақтаулы. «Ворошилов батырым» атты, тағы да басқа сол сияқты жас ұрпақты ерлікке тәрбиелеу, Отанды сүю мен ел қорғауға, патриоттыққа үндейтін өлең – жырлары ешуақытта маңызын жоғалтпақ емес.

«Жамбыл – менің өз атым, халық – менің шын атым» деп өзі айтқандай, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, туған ұлтының намысын жырлап өткен Жәкемнің ойлы да, шұрайлы жырлары қазіргі ғана емес, болашақ ұрпақтың шөліркегенде сусындар мөлдір де, таза бұлағына, ұлтжандылыққа үндейтін тәрбие мектебіне айналарына күмән жоқ…

Әттең, «атың шықпаса, жер өрте» дегендей, қазіргі таңдағы осындай Алатаудай алып, тұғыры биік тұлғаның артынан тас атып, оның есіміне кір жаққысы келетін міскіндердің пайда болуы өкінішті! Атап айтқанда, «Свобода слова» газетінің редакторы Гүлжан Ерғалиеваның: «Жамбыл ақыннын жырларын өзге біреулер жазып берген», «Ол тапсырыс бойынша жазған» деп сандалғаны қай сандырақ? Жәкең жоқтауы асқан Кеңес одағы орнамай тұрып-ақ елге есімі әйгілі Жетісудың би, батырларымен, Тезек төре, қырғыз батыры Шәбден, Құдайберген, Ноғайбай сияқты тұлғалармен қатар жүріп жыр маржандарын төгіп, дастан айтып, аты айдай әлемге мәшһүр болған.

Өлең-жырлары мен айтыстары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған.Кітап болып басылып, оқырман қауым тарапынан әділ бағасын алған.

1881 жылы Құлмамбетпен, 1895 жылы азулы ақын Сарыбаспен, 1909  жылы Шашубай ақынмен, сол сияқты, Нұрпейіс, Кенен, тағы басқа көптеген атақты ақындармен сөз сайысына түсіп, жеңіп отырған.Ол аз болса, Гүлжан Ерғалиева Жәкеңді: «Ленинді көп жырлады», «Сталинді сан рет мадақтады» деген мағынада күстаналайды. Құдай-ау, заман солай болған соң, оларды қай ақын мадақтамады, қандай жырау оларды жырына қоспады. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Маилин, Тайыр Жароков, тіпті, сол даукес Гүлжан Ерғалиеваның әкесі – айтулы ақын Хамит Ерғалиев те Ленин мен Сталинді жырына қоспады деп кім айта алар?!..

Басқаны былай қойғанда, ел басына күн туған сәтте өміріне туар қауіпті елең қылмай, Ленинград блокадасына барып, жауынгерлер окобында «Ленинградтық өрендерім» атты жыр-толғауын жырлау ерлігінің өзі не тұрады?! Ас-сусыз, сырттан келер көмекке зәру болып, тығырыққа тірелген Совет, әрине, ішінде қазақ жауынгерлері де жеткілікті, солдаттарына күш-қайрат пен жігер беріп, рухтарын көтерген сол жақұт-жәдігер жырларының жеңіс сағатын жақындатуға қосқан зор үлесін кім жоққа шығара алар? Рас, еліміздің солтүстік аумағын «Ресейдің қазақтарға берген үлкен сыйы» деп сандырақтаған, ежелден жан-жағына жынын шашып жүретін Ресейдің жындысүрейі Жириновский мен Никонов, Лимонов сияқты сандалбайлар құсап түнеу жылдары да Ресейдің әлдебір міскіндері Жамбыл жыраудың атына тас лақтырғаны бар. «Не айтып жатқаны түсініксіз қазақтың алжыған шалы» деп сандырақтаған оларға дер кезінде тойтарыс берілген еді. «Қазақтың қызы», «Гүлжан» деген аттан садаға кеткір Гүлжан Ерғалиеваның солай сандырақтауы қай сасқаны? Менің ойымша, мәселе: «Әкем Хамит Жамбылдың көлеңкесіне қалып қойды» деген іштарлық пен пендешілікте, ішті тырнап жатқан қызғаныштың қызыл итінде жатқан сияқты. Әйтпесе, ақын Хамит Ерғалиев та кезінде өз еңбегіне сай сый-құрметке бөленіп, марапатталды емес пе?!

Жамбыл Жабаевқа дүйім халық, көрші мұсылман елдерді қоспағанда, тіпті Ресейдің өзі ескерткіш қойып, оның атына көше берді. Олай болса, Жамбыл жәкем сондай құрмет пен сыйға, марапатқа еш күмәнсіз лайық болғаны да…!

«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген аксиомаға бергісіз сөзді ұлы Абай хакім осы Гүлжан сияқты пенделерге қарап айтқан-ау, сірә!

Сөзді көбейтіп, сағызша созып қайтейін, «Адасқанның алды жол, арты соқпақ» деп, қазекем айтпақшы, «адасқан қаздай» шатасып жүрген Гүлжан Ерғалиева ұлтымыздың феномені – Жамбыл бабаны бір емес, бірнеше рет күстаналаған ағаттығы үшін қазақ халқынан жариялы түрде кешірім сұрауы тиіс!

 

Ғабдул — Сәбит Юсупов,

құрылысшы -зейнеткер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қаратал ауданының құрметті азаматы, «Еңбек даңқы», тағы басқа медальдар мен Үкіметтік марапаттардың иегері

Басқа жаңалықтар

Back to top button