Алматы облысының жаңалықтарыҚоғам

Атқа міну мәдениеті

Салт-дәстүр — әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.

Салт-дәстүр ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық — өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, атқа міну, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы — мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүр көрінісі.

Салт дәстүр мәселесі Қазіргі таңда салт дәстүр мәселесі алғашқы орындарды тіреп тұр. Қазақ халқында көптеген салт дәстүрлер мен ырымдар бар. Бірақ өкінішке орай адамдардың көбісі ырым мен салт дәстүрді шатастырады екен. Ата баба өсиеті болып келе жатқан салт дәстүрлердің өзіндік ерекшеліктері болса, ырым жырымдар арнайы тыйымдар үшін қолданылған.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтқанындай «Еліміздің табысты болуының кепілі – өткен тарихын мақтан тұтып, бүгінгі жағдайды нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту» болмақ. Сондықтан да өткенді зерделеп, бүгінгіні бағалап, келешекке сеніммен қадам жасау үшін тарихи сананы жаңғырту қажеттігін нақты мысалдармен түйіндейді. Соның бірі атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. (https://egemen.kz/article/211692-qazaqtardynh-atqa-minu-madenieti© egemen.kz)

Халқымыз ұл бала дүниеге келсе «атқа мінер дүниеге келді» , «атқа мінеріңнің бауы берік болсын» деп құттықтасып , шуласып жатады. Қазақта ұл баланы 3-5 жастан атқа отырғызып үйрете бастаған.

Ең алғаш атқа міну мәдениеті қазақ жерінде басталғаны Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жылқы сүйектерін зерттеу негізінде дәлелденді. Мұнда табылған аттардың азу тістерінде ауыздықтың ізі қалған. Ол жерден сол замандағы ат әбзелдері, кәдімгі құрық, теріден тігілген шалбар, тізеден асатын тері етік, тымақ та табылған. Британиялық ғалымдар ботайлықтар тұтынған керамикалық ыдыстардан қымыздың жұғынын анықтаған. Бұдан ботайлықтар жылқыны мініс көлігі ретінде пайдаланып қана қоймай, бие сауып, қымыз ашытып, шипалы сусын өндіруді де меңгергенін көре аламыз. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дəуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дəлелдеді. Осы тұста менің де атам Самат Құлжанұлы Ұлы Отан соғысы жылдары атты әскер қатарында отандық борышын атқарып, азаматтарды атқа мінуге үйреткен. Атам ат құлағында ойнаған жауынгер болған… Ата-бабаларымыз жылқыға қатысты ашылған барлық жаңалықтың бастауында тұр. Демек, атқа міну мәдиениеті – Ұлы даладан тараған, деп айтуға толық негіз бар.

Қазақтың бала өсіру және тәрбиелеуге қатысты ертеден келе жатқан дәстүрлерінің бірі – «ашамайға мінгізу». Бұл ғұрып қазақ арасында балалардың жас-жыныстық жағынан жіктелуін айғақтайтын тіршілік цикліне қатысты салттарының бірі. Қыз балаға тұлым қою, құлақ тесу рәсімдері өткізілсе, ер балаларды сүндетке отырғызып, айдар қойып, алғаш рет атқа мінгізу рәсімін өткізген. Мұны «ашамайға мінгізу» не «ашамай тойы», енді бір аумақтарда «ат мінгізу тойы» деп те атаған. Қазақта ұл бала дүниеге келсе «атқа мінер дүниеге келді», «атқа мінеріңнің бауы берік болсын» деп шуласып, құттықтасып жатады.

Баланы кез келген атқа не тайға отырғыза салмаған, оны көбіне бәсіреге берілген тайға отырғызады. Бала туған кезде немесе есі кіріп, оң солын таныған соң, «сүндет тойына» немесе мектепке барғанда атасы немесе өз әке шешесі оған тай атайды немесе шілдеханаға келген туған-туыстарыжас сәбиге бір құлын атайды. Мұны «бәсіре беру» дейді. «Бәсіре» атау баланың көңілін өсіреді, өмірге бейімделеді. Өз қатарына «бәсіре тайым бар» деп мақтанып, өсіп жүреді. Мұның бәрі баланың көңілін өсіріп, ынталандырып тәрбиелеудің бір жолы.

Балаға арналған бәсіре аты үйретіліп, мінуге жарап тұрса, онда баланы соған мінгізеді. Салтанатты түрде үйретілген бәсіре тайға ашамай ерттелінеді. Ашамай дегеніміз баланың тайына арнайы жасалынған ердің бір түрі. Ол үзеңгісіз болады, себебі баланың бойы үзеңгіге жететіндей ұзын болмайды. Кейде бәсіре тай белгілі бір себептерге байланысты мінуге жарамаса, баланың өзімен шамалас жуас, жүрісі жайлы, әрі сыр-сымбаты жарасқан кұнан не дөнен таңдалады.

Баланың ашамайға мінгізілуі оның өмірінде тіршіліктің жаңа кезеңі басталғандығын білдіреді. Баланың рәсіміне ауыл адамдары жиналып, бала мінген аттың жал-құйрығына, баланың шапанына не баскиіміне шоқтап үкі тағып, «жын-шайтаннан қағады» дегенді білдіреді. Баланы атқа мінгізу құрметі шабандоз, желтақым жігіттерге жүктеледі. Баланы атқа мінгізіпп, белін айналдыра жұқа көрпешемен орап, қолтырмаш ағаштармен денесін ауыртпайтындай тартып таңады. Ат үстіндегі бала алақанын жайып, ауылдың батагөй ақсақалдарынан бата сұрайды. Бата берілген соң, баланың қолына аттың тізгінін, оң қолына қамшы ұстатады, аналар шашу шашып, тілектер айтады.

Осындай рәсімнен кейін көп ұзамай ашамайды тастап, ер-тоқымға мінеді. Баланы ашамайға мінгізу баланың атқа отыра білу, қолқанат болу, баланың мықты, табанды болып өсуін қамтамасыз ететін дәстүрлеріміздің бірі деуге болады.

Дәстүрдің озығы бар,

Дәурені өткен тозығы бар.

Ендеше өз салт – дәстүрімізді ұлықтап, жадымыздан шығармайық.

№19 орта мектептің директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Құлжанов Әнуарбек Бөрібайұлы

Басқа жаңалықтар

Back to top button