Аудан жаңалықтарыДін және қоғамҚоғам

Айлардың сұлтаны Рамазан – мүмкіндік айы!

Барша мақтау әлемдердің Раббысы жалғыз Аллаһ Тағалаға болсын, оның сүйікті елшісі күллі адамдар мен жындарға сүйіншілеуші әрі ескертуші етіп жіберілген Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (С.А.С.), оның отбасына Аллаһ Тағаланың салауаты мен сәлемдері болсын.

Күллі жаратылысты белгілі есеппен, шеберлікпен жаратқан жалғыз құдіретті Аллаһ Тағалаға мақтау айтамыз! Сол жаратылыстардың ішінде біздерді адам баласын ерекше көркем бейнеде жаратып, біздерге ненің пайдалы,не нәрсенің зиянды күнәлі іс екенін баяндап отыратын кітаптар және сол кітаптардың адамдарға оқып, түсіндіріп беретін Пайғамбарларын жіберіп отырған. Барлық келген Пайғамбарлардың міндеті, адамдарды Хақ дінге шақырып, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтару болған. Бізден алдыңғы өмір сүрген Аллаһтың ризалығына жету үшін, үмметтерге парыз (міндет) болған нәрсе біздің Пайғамбарымызға да (С.А.С), сахабаларына және бізге үмметіне парыз (міндет) болды. Сол парыздардың бірі қазіргі кіріп келген айлардың сұлтаны Рамазан айы.

Аллаһ Тағала бұл жайында Құран Кәрімде былай дейді «Әй, Мүминдер, сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай, ораза парыз қылынды, тақуалыққа жетерсіңдер» Бақара сүресі .

Тағы да басқа аятта: «Рамазан айы, сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел ретінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын, ал біреу науқас немесе сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауыртпашылық қаламайды.» Бақара сүресі

Пайғамбарымыздан да (С.А.С) Рамазан айының қасиеті жайлы көптеген өсиет, хадистер келген. Бір хадисінде : «Рамазан айы келгенде тозақтың  есіктері жабылып, жәннәттің  есіктері ашылады, шайтандар кісенделеді» делінген. Бұл айда басқа айларға қарағанда, сауап еселеніп жазылатыны жайлы көп білім, хадистер келген. Осы айда оқыған әр бір намазымыз, тұтқан оразамыз, беріп жатқан садақамыз, әр бір Аллаһ ризалығы үшін жасап жатқан амалдарымыздың сауабы амал дәптерімізге еселеніп жазылады. Ахіретте жәннәтта Ар-Раян деп аталатын қақпасына кіргізуді уәде еткен. Пайғамбарымыз ораза ұстаушы кісі жайлы мынандай сүйінші хабар айтып кеткен: «ораза ұстаушының екі қуанышы бар, бірінші қуанышыс аузын ашқанда, екінші қуанышы Раббысымен жолыққанда» делінген. Басқа хадисте Аллаһ Тағала былай дейді: «Адам баласының барлық жасап жүрген амалы өзі үшін, бірақ оразасы мен үшін, оның сыйын өзім беремін!» деген.

Бұл айдың ерекшелігінің тағы бірі, бұл айда сауабы 83 жылға тең келетін Қадір түні бар. Сол бір ғана Қадір түнін құлшылықпен өткізсек, Аллаһ Тағаланың уәде еткен 83 жылдық сауабын алады екенбіз. Аллаһ Тағала бұл жайында Қадір сүресінде: «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік!», «,Мұхаммед (С.А.С) Қадір түнінің не екенін білесің бе?», «Қадір түні мың айдан қайырлы». «Періштелер және Жәбрейіл, ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін тұседі», «Ол бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады». Мұсылмандар осы Қадір түнін құлшылықпен өткізетін болса, Аллаһ Тағала бір адамның ғұмырына тең келетін 83 жылдың сауабын беретінін уәде етті. Адам баласы үшін бұдан асқан бақыт, мүмкіндік жоқ шығар.

Аллаһ Тағала осы қасиетті айын баршамызға ораза ұстап, жаман әдеттерден аулақ болып, жақсы жағына өзгеруге, күш қуат беруін осы мүмкіндік айының әр бір сәтін тиімді өткізуіне баршаңызды шақырамыз!

Осы қасиетті айда ұстаған оразаларыңыз, берген садақаларымыз, қылған ниет дұғаларымызды Аллаһ Тағала қабыл етуін сұраймын. Арамызда науқастанып жатқан кісілерге шипасын беруді, ораза ұстауға ниет етіп жүрген кісілердің, ниеттерін қабыл етуін тілейміз.

Сүлеймен Олжас

Қараой ауылының найб имамы

Басқа жаңалықтар

Back to top button