Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамМерекелер

АРДАГЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ІЗЕТ – ТАРИХҚА ҚҰРМЕТ

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ – 76 ЖЫЛ

Ұлы  Отан  соғысының  аяқталғанына,  мінеки, 76 жыл толды! Бұл соғысқа қатысқан ержүрек те, батыл аталарымыз бен апаларымыз біздің жерімізді, елімізді басқыншы жаудан қорғап қалды. 1941-1945 жылдар аралығында болған соғыс қаншама жанның өмірін қиды, қаншама отбасы ер азаматынан айырылып, қара жамылды, қаншама бүлдіршін жетім қалды. Елді жоқшылық, аштық жайлады. Тылда еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін тынбай еңбектенді. Олар майдандағы жауынгерлерді өз қамқорлығына алды. Соғыс адамзат баласын біріктірді. Олар бейбіт өмір үшін қасық қаны қалғанша күресті.

Осынау сұрапыл соғысқа елімізден 1 200 000 сарбаз аттанса, соның  600 000-дайы қан майданда құрбан болды. Кеңес үкіметінің 27 миллион адамын жалмаған соғыста өзгелермен тең соғысса да, ерен ерліктері ескерілмеді ме, әлде басқа сыры бар ма, бар-жоғы 500 қазақстандық жауынгер ең жоғарғы награда «Кеңес одағының батыры» атағын иеленді. Алайда, сол майданда соғысқан, тылда еңбек еткен әрбір отандасымыз батыр деген атқа лайық.

Біз дәл бүгінгі күндей бақытты өмір сүруімізге өз үлесін қосқан аталарымызды мақтан етеміз! Сол соғысқа қатысқан әрбір жауынгер —  батыр! Өйткені, 76 жыл бойына тыныш, бейбіт заманда өмір сүрудеміз.

Бүгінде соғысқа қатысқан ардагерлер азайып бара жатыр. Біздің Іле ауданында Ұлы Отан соғысының бес ардагері ғана қалыпты. 9 мамыр – жеңіс күні ерлердің ерлігіне тағзым етеміз, ортамыздағы ардагерлерге құрмет көрсетеміз. Осындай көненің көзі, кешегі қан майданның көзі тірі куәгерлерінің бірі — Алимбаев Көшерхан атамыз. Ол 1923 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, №24 ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін Оңтүстік байланыс бөліміне электр монтері қызметін атқарған. 1942 жылдың маусымында өз еркімен соғысқа сұранып, 43 минометшілер полкіне әскерге алынады. Украина, Белоруссия, Смоленск түбіндегі және Прибалтика майдандарында, жапон минитаристеріне қарсы соғыстарға қатысты. Иә, тағырдың қатал сынын басынан аз өткермеген атамыз Жапон шекарасынан кері қайтқан сәтте Моңғолия даласын, Манджурияны, оның ішінде Гоби шөлін жаяу жүріп өтіп, елге оралған  1946 жылы елге оралғаннан кейін Ақтөбе облысында мал шаруашылығында бригадир қызметін атқарды. 1967 жылға дейін Совет партиялық әр түрлі мекелерінде қызмет атқарды. Соңғы жылы Ақтөбе облысы Целинный совхозы партия ұжымының бюро хатшысы қызметін атқарды. Сол сәтте Отанға аман-есен оралып, елге еңбегін сіңіруді армандаған ардагеріміз II дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірқатар медальдарымен марапатталды. Мемлекеттік наградалары мен мерекелік төсбелгілерін қосқанда, барлығы 36 медаль иеленген атамыз бұл күнде 97 жаста екен.

Көшерхан Әлімбайұлы Іле ауданы, Боралдай кентіне 1990 жылы көшіп келіп, содан бері Боралдай кентіне тұрып жатыр. Ардагер бұл күнде бір қыз, екі ұлы тәрбиелеп, олардан екі немере мен бес шөбере сүйіп отыр. Қарт ардагерді аудандық әдістемелік орталық жанынан құрылған «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығы мен №7 орта мектептің 7 «А» «Жас полиция», 6 «А» «Жас өрт сөндіруші» және 5 «А» «Жас  өрт  сөндіруші» кадет сыныптары сақтық шараларын сақтай отырып құттықтады. Шара барысында 6 «А» «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбының оқушысы Ануарбек Диар ардагерлердің ерлігін паш етіп жазған жүрекжарды өлеңін оқыса, Нурмухамед Арнұр Ұлы Отан соғысы жайлы жалпы мәлімет айтты. Ал, Әуелбекова Арай Көшерхан атамыздың өнегелі өмірі туралы ой толғады. Сонымен қатар, ардагер атамыз өткен өмір естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпаққа бейбіт өмір тілеп, ақ батасын берді.

Іс-шара соңында кадет сыныптары қарт ардагерге арнайы алып келген сыйлықтарын тарту етіп, қарияның өнегелі өмірі жазылған әр мезгілде жарық көрген баспа беттеріне, өткен күннен естелік болатын  суреттерге шолу жасап, ардагердің өмірімен жан-жақты танысты.

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button