Алматы облысының жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамМерекелер

ЕРЛІКТЕРІҢІЗ МӘҢГІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Құрметті соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері!

Сіздерді Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жеңіс күні халқымыздың ерлік үлгісі, мұқалмас қажырлылығы мен мызғымастығының символы болып келеді. Бұл мерекенің баршамыз үшін маңызы зор, орны бөлек. Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз, тәуелсіздігіміздің тұрақтылығы, еліміздің өркендеуі – осынау Жеңіс мерекесінің жемісі.

Алайда, Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Сол бір сұрапыл жылдары өрімдей боздақтар Отаны, елі, жері үшін отқа түсіп, кеуделерін оққа төседі. Қаншама жауынгердің майдан даласында қаны төгілді, шейіт болды. Олардың намысын найза еткен қаһармандығы бүгінде аңызға айналды.

Жыл өткен сайын соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің қатары сиреп барады. Дей тұрғанмен олардың жасаған ерліктері мәңгілік өшпейді, есімдері ешқашан ұмытылмайды. Аталарымыздың сол бір сұрапыл жылдардағы ерлігі бізді жетістіктерге жетелейді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі. Ендеше, майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға үнемі қамқорлық жасау – біздің басты борышымыз, азаматтық парызымыз. Әрдайым батырлық пен батылдықтың, ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлер рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.

Бүгінгі жас ұрпақ ардагерлеріміздің ерлігінен үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие алып, оларға қарап бой түзейді.Сондықтан өскелең ұрпақты береке-бірлікке, тату-тәтті тірлікке тәрбилеуге белсене атсалысып, ортамызда аман-есен жүре беріңіздер.

Ардақты соғыс ардагерлері, қымбатты тыл еңбеккерлері, Сіздерді Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Б. ҚАРАСАЕВ  аудан әкімі,

«Nur Otan» партиясы

аудандық филиалының төрағасы

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button