Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратДенсаулықҚоғам

«Ashyq» қосымшасы

Өзін-өзі оқшаулау мен қатаң карантин шаралары еліміздегі шағын және орта бизнеске үлкен зардабын тигізді. Пандемия кезінде еліміздегі 1 млн-ға жуық бизнес субъектілерінің 430 мыңнан астамы өз жұмысын тоқтатқан. 1,6 млн жұмысшы ақысыз демалысқа жіберіліп, кіріссіз қалған. Бұл біздің елімізде ғана орын алып жатқан жағдай емес. Әлемдік  экономика пандемия салдарынан көп шығынға батты.

Карантин шаралары жеңілдегенімен көптеген бизнес субъектілері әлі де өз жұмысын бастай алмай жатыр.  Оның басты себебі — адамдар үшін вирус жұқтыру қаупінің жоғары болуы. Қазіргі таңда, елімізде бизнесті, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында көптеген шаралар қолға алынуда. Карантин талаптарына сай келмейтін, жабық, адам көп шоғырланатын бизнес субъектілерінің жұмысын тоқтатпай, әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік беру үшін қаңтар айынан бастап пилоттық режимде «Ashyq» қосымшасы іске қосылды. Жобаның басты мақсаты – шағын және орта биснесті қолдау, кәсіпкерлік нысандарды қайта жандандыру болып табылады. Мысалға, жобаға тіркелген нысан: қызыл аймақта болса – сары аймақ критерийлерімен, сары аймақта болса – жасыл аймақ критерийлерімен жұмыс жасайды. Бұл, жұмысы тұралап қалған кәсіпкерлерге үлкен көмек.

Жобаға қосылу мәжбүрлеусіз, еркін түрде жүргізіледі. «Ashyq» қосымшасы Денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасымен байланыстырылған, сондағы мәліметтер арқылы келушінің статусын анықтауға мүмкіндік береді. Қосымша адамдардың жеке деректерін жинамайды және ешқайда жібермейді.

Қолдану бойынша нұсқаулық: ең алдымен нысанға келуші өз телефонына «Ashyq» мобильді қосымшасын жүктеуі қажет. Телефон нөмірі арқылы авторизация жасап, ЖСН-ін енгізуі керек. Нысанға кіруді тіркеу QR-кодын сканерлейді. Экранда статусы (жасыл, көк, сары немесе қызыл түс) көрінеді. Шығар кезде нысаннан шығуды тіркеу QR-кодын тағы сканерлейді. Ал қосымшаны жүктемеген тұрғындарға мекеме қызметкерлері көмектеседі.

Қызыл түс – келушінің науқас екенін, сары түс – ауру жұқтырған адаммен байланыста болғанын, көк түс – ПТР-тест тапсырмаған және вирус жұқтырмаған, жасыл түс – ПТР-тестілеудің нәтижесі теріс екенін білдіреді. Қызыл және сары статус көрсеткен қолданушылар нысанға кіре алмайды. Ескерте кететін жағдай, «Ashyq» қосымшасы вакцинация статусын есепке алмайды.

 

    С. Дауренбекова

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button