Аудан жаңалықтарыБілім және ғылымҚоғам

«ЖАЗҒЫ МЕКТЕП» ОЛҚЫЛЫҚТЫҢ ОРНЫН ТОЛТЫРА АЛА МА?

 Мамыр айы оқу жылының аяқталып, оқушылар бір белесті бағындырып, жаңа асуға талпынатын кезеңі. Әрине, бұл кезде түлектер мектептерімен қимай қоштасып, басқа оқушылар жаңа сатыға көтеріліп, жыл бойы алған білімінің нәтижесін көріп, бір марқайып қалады. Алайда, қашықтан білім беру үрдісі кезінде үлгерімі нашарлаған оқушылар білімін көтеріп, оқыту процесінде кеткен олқылықтың орнын толтыру мақсатында 26 мамырдан 19 маусымға дейін оқу мерзімі ұзарады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында айтты. Білім министрі биыл оқу жылы еліміздегі мектептерде дәстүрлі түрде 25 мамырда аяқталатынын айта келіп: «26 мамырдан 19 маусымға дейін мектептерде жазғы мектеп ұйымдастырамыз. Жалпы бұл ерікті түрде болады, ол қосымша қаржыландыруды қажет етпейді», – деді. Министрліктің айтуынша, жазғы мектепте білім алу оқушыларға білім берудегі олқылықтың орнын толтыруға, сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Баланы жазғы мектепке қабылдау үшін ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазуы керек. Жазғы мектепке ниет білдірген барлық бала қатыса алады. Ол тегін болады, үлгерімі төмен балаларға басты назар аударылады. «Үлгерімі төмен балаларға көп көңіл бөлуіміз керек. Әдетте талантты, дарынды, үлгерімі жақсы балаларға көп көңіл бөлінеді. Ондай балалармен жұмыс істеу оңай әрі қызық екені түсінікті, алайда бұл жағдайда басты назар үлгерімі төмен балаларға аударылуы тиіс», – деді А. Аймағамбетов өз сөзінде. Асхат Қанатұлы оқушылар ерікті түрде мектепке келулері керектігін, жазғы мектепке күшпен шақырып, оқушыларға мәжбүрлі түрде білім беруге болмайтынын қадап айтты. Министр жазғы мектепте сабақ беретін мұғалімдерге қосымша ақша бөлу жоспарланбағанын, педагогтар осы жылға бекітілген жүктеме аясында жұмыс істейтінін айта келіп, ұстаздар 19 маусымнан кейін жазғы демалысқа шыға алатынын тілге тиек етті. Алайда, маусымның ортасынан ауа демалысқа шықса да, мұғалімдер әдеттегідей еңбек демалысына шығып, тиісті күндерін демалып, тыныға алатынын сөз етті.

Іле ауданының мектептері де Білім министрінің мәлімдемесінен кейін жазғы мектепке дайындықты бастап кетті. Жазғы мектепте барлық пәндер қатарынан оқытылмайды. Оқушының таңдауы бойынша өзі толық түсінбей, толық меңгере алмаған пәндерден қосымша білім алып, кемшілікті түзетіп, олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндігі бар. Бала балалығын қылмай қоймайды. Жазғы уақытта ауа райының ыстық болатынын ескеріп, мектепте сақтық шараларын қатаң сақтап, оқушының бетперде тағуын қамтамасыз етіп, кабинеттерді желдетіп отыру – жеке бас қауіпсіздігінің негізі болмақ.

Осы орайда, Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектеп карантин талаптары мен сақтық шараларына толықтай дайын деп айта аламыз. Мектебімізде жазғы мектепте білім алуға ниет білдірген оқушылардың ата-аналары өтініш жазып, қай пәннен қосымша білім алатыны анықталып, жазғы мектептің сабақ кестесі құрылуда. Расында, жазғы мектеп жобасын тиімді қолға алсақ, талапқа сай қызмет ете алсақ, білім мекемелерінде үлгерімі төмен оқушылардың саны анағұрлым азаятын еді.

Бақтияр Талғатұлы

Басқа жаңалықтар

Back to top button