Аудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

ІЗДЕНІМПАЗДЫҚПЕН САЛЫНҒАН САРА ЖОЛ

Халық аманатына адалдықпен қарайтын Сұлтан Данашұлының өмір жолына, еңбек баспалдағына көз жүгіртер болсақ, оның тек білікті басшы, міндетіне жауапкершілікпен қарайтын белсенді депутат қана емес, шығармашылықпен айналысатын дарынды жан екендігін байқайсың. Білім саласында да жетістігі мол. Ол педагогика ғылымдарының кандидаты. Оның балалық шағынанбастасақ, соғыс көріп, тілерсегінен қан кешкен әкесі Данаш пен абзал ана Ләсиманның бес қызының ішіндегі жалғыз ұлы – Сұлтан ерке болып өсіпті. Қанша ерке болса да Сұлтан жасынан сабаққа зерек, өнерге жақын болды. Әкесінің қалауымен Алматы құрылыс техникумының сәулет факультетін техник- -архитектор мамандығы бойынша бітіріп шықты. Осы мамандық бойынша көптеген қызметтерге шақырулар көп болды. Үйдің кенжесі болғандықтан алысқа ұзағысы келмеді. 1989 жылдан Қызылту орта мектебінде еңбек, сызу пәнінен мұғалім болып, 1990 жылдан бастап туған ауылы – Жалаулы мектебіне ауысты. Мектепте ұстаз бола жүріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін филолог мамандығы бойынша бітіріп шықты. Білген адамға ұстаз болу оңай шаруа емес. Сырт көзге ұстаздың жұмысы жеңіл көрінеді. Көпшілік халықтың ойлауынша мұғалім күнделікті сабағын түсіндіреді, сұрайды, бағалайды. Жоқ, оның бәрі керісінше. Сұраудың да, оқытудың да, тәрбиелеудің де өзіндік қиыншылықтары, әрқилы ғылыми педагогикаларға байланысты жаңаша талабы бар. Бұл мамандық ізденімпаздықты, шығармашылықты талап етеді. Бойында өнердің оты маздаған, жалындаған жас жігіт жұмысын бар ынтасымен атқарды. Оқушыларға сапалы білім беру жолында ізденуден, өз білімін жетілдіруден жалықпады. Сонымен қатар мектептегі маңызы бар мәдени, әдеби шараларды ұйымдастырып, басқа да қоғамдық жұмыстарды атқаруға да уақыт табатын. Еңбекқорлығымен аз уақыттың ішінде өзі еңбек ететін білім мекемесінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметіне көтерілді. Кейіннен Нарынқол ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепке директор болып тағайындалды. 2000 жылы Іле ауданының Ынтамақ ауылындағы №30 орта мектепке директор болып ауыстырылды. 2005-2018 жылдар аралығында Іле ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін абыройлы атқарды. 2018 жылдан бері №46 орта мектебінің директоры.

Жауапкершілігі мол, жүктелер міндеті салмақты қызметті атқарып жүрген Сұлтан Данашұлының қолынан көп нәрсе келеді. Суретшілігімен қоса, ақындығы да бар. Драматургия саласына да қалам тартқан азамат. Оның «Әнің мені ешқашан өлтірмейді» пьесасы Райымбек ауданындағы аудандық халық театрынада алғаш қойылды. Аталмыш қойылымды қысқа мерзім ішінде сахнаға дайындаған режиссер бір ауданға ғана емес, облысқа танымал азамат. Ол – І-ІІ-ІІІ Бүкілодақтық халық театрлары байқауының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Жұмаш Әлдибеков. Атаулы туындыны Ақши халық театры 2011 жылы қайта сахналап, аудан, облыс, республика көрермендеріне тарту етті. Сол сияқты Сұлтан Жарқынбековтың М. Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арнап жазған «Астанама көктем келді» музыкалы драмасын Кеген аудандық халық театры сахналап, сахна шеберлерінің жоғарғы бағасын алды. Сұлтан Данашұлы қызмет жасаған орындарында тек ұжымды шығармашылық тұтастықта бағыттап, әрқашан Жеңіс шыңына жетуге жол ашты. Ол басқарған мекеме мен ұжымдар облыстық, республикалық, халықаралық биіктерді бағындырды. Ұзақ жыл білім беру мекемесінде жемісті еңбек еткен ол уақытының тығыздығына қарамастан қайта-қайта педагогика саласына бет бұрып, өзінің ойында жүрген дүниелерді жарыққа шығарып жүр. Атап айтқанда, «Халықтық педагогиканы қазақ тілі мен әдебиет: сабағында пайдалану», «Қазақ тілін оқытудағы ауыз әдебиеті деректерін пайдалану», «Тәрбие жолы сан тарау», «Сабақ – шығармашылық үрдіс», «ХХІ ғасыр мұғалімі», «Жаңа технология қазақ тілі мен әдебиет сабағында», «Жалаулы тану», «Іле тану» атты мұғалімдерге арналған ғылыми-әдістемелік оқу құралдары, саясат саласында «Жасампаздық жолдауына – бүкілхалықтық қолдау», «Ішкі саясат: құрылым және технология», «Пришло время конкретных дел», «Қазақстан туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты», «Діни бірлестіктерге мониторинг жүргізу әдістемесі» атты оқулықтары, «Қазақстан – 2030», «Өрге басқан он жыл», «Жастар кеші көңілді», «Мәңгілік елдің – мәңгілік мектебі», «Іле тану», «Іленің сырлы кештері», «Ынтымақ – соғып тұрған жүрегімсің» еңбектері жарық көрді. Атаулы еңбектердегі тың тәжірибелері аудан, облыс, республика көлемінде тартылды. Шығармашылықпен қатар ақындық қасиеті бар дарынды азамат. Ол мемлекеттік тіл саясатының жанашыры. Білім мен өнер тақырыбында өткен облыстық, республикалық сайыстардың лауреаты. Жауапты қызметті атқарып жүріп, шығармашылықтан қол үзген жоқ. Республикаға танымал сазгер Владимир Питерцевпен тығыз шығармашылық әріптестікте жұмыс жасауда. Ұлты басқа бол-са да жүрегі қазақ деп соққан талант иесімен Сұлтан Данашұлы бірнеше ән жазды. Оны жерлестері патриот ретінде құрметтейді. Жетісу өлкесі жайлы қалам тербеп, бірнеше әндерге сөз жазады. Сұлтан Данашұлының «Жалаулы – жұмақ мекенім», «Мен сүйемін», «Жетіген, әнімнің тірегі сен», «Сағынамын мен сені», «Ынтымақ, сен менің жүрегімсің», «Әкеме», «Кегенім бір өзіңе болдым ғашық», «Ауылым – жыр әнім» «Жаңа жыл », «Райымбек батыр» тағы да бақа әндері бүгінде қалың жұртшылық аузында. Атаулы туындыларды Қазақстанның маңдай алды жарық жұлдыздары С. Нұрмағанбетова, А. Мейірбеков, М.Ілиясова, М.Жүнісова, Қ. Бексұлтанова, Қ.Ахметбаева, халықаралық байқау жүлдегері «Элегия» тобы орындайды. «Кегенім, бір өзіңе болдым ғашық» әніне бейнебаян түсіріліп, КТК телеканалдың қорына енгізілді. «Ер жігітке жарасар сегіз өнер» дегендей, ер көңілді, от мінезді Сұлтан Данашұлы өз отбасының алтын қазығы. Сүйікті жары – Айгүл екеуі балалары Сағыныш, Бауыржан, Фараби, Нұршаттың қамын ойлап, олардың бар жағдайын жасап, қатарларынан кем қылмай өсірді. Ұзақ жылғы белсенді қызметтің өтеуі бар дегендей Сұлтан Данашұлының еңбегі әр кез еленіп тұрды. Қазақстан республикасының Білім Министрлігінің, Алматы облысы білім басқармасының, Алматы облысы және аудан әкімінің қаншама Құрмет грамоталары, мадақтама марапаттары, 2002 жылы облыс бойынша «Үздік директор» атағын алуы, төсіне қадаған «Астана қаласының 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 20 жыл», биылғы «Қазақстан ассамблеясының 20 жылдығына» алған мерекелік медальдары оның өлшеусіз еңбегінің дәлелі іспеттес. Алдағы кезеңде берері де мол болмақ. Өткен өміріне ой тоқтатып, зер салса, өкінетін ештеңе жоқ сияқты. Көптеген белестерге түрен салыпты. Соның бірі – аудандық мәслихат депутаты болып сайлануы. Оның бұл қадамы атпал азаматтың тағы рет батылдығы мен тәуекелшілдігін көрсетсе керек. Оның алға қойған мақсатына жететініне біз нық сенімдіміз. Болашақта да бағындырар асулары да, шығар биігі де заңғар болғай!

Роза АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button