Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

31 мамыр — қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығы бойынша 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бүгінде репрессия құрбандарының басым көпшілігі ақталғанымен, жан жарасы жазылған жоқ және жазылмақ та емес.

КСРО республикаларында репрессия 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері етек-жеңімізді жиып, өткенімізді түгендеп, бүгінімізді жаңарту үстіндеміз. Ел үшін жанын құрбан еткен арыстарды бүгінгі ұрпағы ұлағатпен еске алып, өнеге-үлгі тұтып өсуде. Осыған орай, бүгін Саяси қуған-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш басындағы қаралы жиында сөз алған  Іле ауданы әкімінің орынбасары Ибраев Серікжан Берікұлына қысқаша тарихқа тоқталып, зиялы қауымның аты мәңгілік жадымызда болатындығын атап өтті. Келесі сөз кезегін алған  Іле ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Исаев Әмзе Әлдибекұлы тарихи тұлғаларға тағзым ету-азаматтық парызымыз екенін еске салды.

Қуғын-сүргін жылдарындағы қаза болған қандастарымыздың рухына арнап Боралдай кентінің бас имамы Ақтаев Бақтыбай құран бағыштады.  Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне ескерткіш басына гүл шоқтарын қойып, тағзым етілді.

Жазықсыз жапа шеккен алаш арыстарының есімдері мен ерен ерліктері үздіксіз үнемі дәріптелетін болады. Өйткені, уақыт өткен сайын тарихта өшпес із қалдырып, ел үшін құрбан болған бабаларымыздың ерліктері мен мұралары болашақ ұрпақ үшін темірқазық іспетті болары анық.

 

А. Аубакирова,

Боралдай кенті әкімі аппаратының бас маманы

Басқа жаңалықтар

Back to top button