Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамМерекелер

РӘМІЗДЕР – МЕМЛЕКЕТТІҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ 

Мемлекет болған соң оның рәміздері болуы заңдылық. Себебі, рәмізі жоқ мемлекет – төлқұжаты жоқ адам секілді. Өзіңнің ел екеніңді, ешкімге тәуелсіз мемлекет екеніңді айғақтайтын нышандардың бірі де  – мемлекеттік рәміздер. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңында: «Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады», — деп тайға таңба басқандай қылып жазылған. Иә, Мемлекеттік рәміздер – Қазақстанның дербестігі мен егемендігін дүние жүзіне әйгілеп, еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Яғни қазіргі таңда ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше, ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен тығыз байланысты.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Қазақстан өз егемендігін жариялаған кезде күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілген екен. Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Ал рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік Ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.

Қазақ халқы қай заманда да Ту мен ұлттық таңбаға ерекше мән берген халық. Кеудесінен жаны шықпай, Туын құлатуды ар санаған ел. Сондықтан да болар, өмірде жеңіліс тауып, енді ес жимастай тұралаған адамға қатысты «Туы жығылды» деген тұрақты сөзді қолданып – Туынан айрылуды елдігінен, адамдығынан айрылу деп түсінген. Ал азаматынан айрылған елдің жүрегіндегі қайғысын, бұл үйдің Ту ұстары өмірден өтті, бас болар ері келмеске кетіп, отбасы қара жамылды деген ұғымды үйдің босағасына қаралы Ту ілу арқылы дүйім жұртқа түсіндіре білген. Міне, қазақ үшін Тудың қадір-қасиеті ерекше болса, таңба, оның ішінде елдің таңбасы да айрықша мәнге ие. Сонау орта ғасырлардағы жекелеген хандықтардың өздерінің Туы  мен таңбасы барын айтпағанның өзінде, қазақтың қырық руының өзіндік таңбалары болған. Еліміз ол таңбаларды көне түркі жазуындағы әріптік таңбаларды әр руға меншіктеп, жеке рудың белгісі ретінде қолданған. Бұл – еліміздің көне жазуы ұмытылмасын, тасқа жазылған тарихымыз жойылмасын деген ойдан туса керекті. Ал, әнұран – елдің рухын көтеріп, жанын жадыратып, рухтандырып, жігер беретін жалынды жыр жолдары. Қазақтың жорық жырларының, жыраулардың толғауларының қай қайсысын алып қарасақ та әнұранға бергісіз рух пен елдікке, азаматтыққа бастайтын ұран, тарихымыздан сыр шертетін шежіре емес пе?

Мемлекеттік рәміздер мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы болуы керек. Ел-іміздің азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы, олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші іспеттес.

Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік рәміз бойынша елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады, өйткені онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр, сондықтан ол отансүйгіштік сезімнің бастау көзі бола алады. Иә, әрбір қазақстандық азамат рәміздерімізді құрметтеп, Туымыз бен Елтаңбамызды аяқасты қылмай, тұмардай сақтай білсе, елге, ұлы Отанымызға деген сүйіспеншілік арта түсері анық.

Жанерке ҚҰРАЛ, №7 орта мектептің  11 сынып оқушысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button