#Qazaqstan30Аудан жаңалықтарыБілім және ғылымҚоғам

МӘНІ БӨЛЕК МОНТЕССОРИ

Ащыбұлақ ауылдық округінде, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай 650 орындықты «Мontessori akademy» жеке меншік мектебі ашылды. Ашылу салтанатына аудан әкімі Бағдат Қарасаев арнайы келіп қатысып, ізгі ниетін білдірді: «Құрметті Ащыбұлақ ауылының тұрғындары сіздерді алдымен астана күнімен құттықтаймын! Осы мерейлі мерекенің қарсаңында ашылғалы отырған «Мontessori akademy» жеке меншік мектебінің тұсаукесерінде кездесіп отырғаныма разымын. Бұл аудан бойынша ашылғалы отырған жетінші жеке меншік білім ордасы. Өздеріңізге белгілі Ащыбұлақ ауылдық округі мектеп жасындағы бала санынан аудан көлемінде бірінші орында тұр. Дәл осында мектептердің көмегімен біз үш ауысымдық оқу үрдісінің санын азайтатын боламыз. Жаңа мектептеріңіз құтты болсын Ащыбұлақ тұрғындары! Білімі мен біліктілігі мықты, тәрбиелі азаматтар көп болсын!» — деді.


Монтессори академиясының оқыту ұғымы, үрдісі біздің аудан бойынша алғашқы рет естіліп, айтылып жүрген жоқ. Бұл ең алдымен Монтессори методикасымен 7 жылдай бұрын балабақша ашылған болатын. Ауыл тұрғындары жаңа методикалық оқытудың әдісін жақсы біледі. Сондықтан балаларын жаңа білім ордасына әкеліп оқыту үшін кезекке тұрып жатыр. Ауыл тұрғыны Ырысжан Мұрзаева апада өз немересін жаңа мектептің табалдырығын аттатқызды: «Менің немерем Монтессори балабақшасын аяқтады. Енді міне үлкен мектебіне бергелі отырмын. Тәрбиешілерге және мектеп үжымына айтар алғысым шексіз. Қазіргі қоғамда жаңаша бағытқа ілесе отырып, замана көшінен қалмауымыз керек қой. Монтессори мектебінің ұстаздарының еңбегі еш кетпеді, балаларымыздың білім сапасы көш ілгерледі» — дейді немересінің біліміне алаңдаған апа.
Жаңа ғимаратта 27 сынып бөлмесі бар. Онда информатика, әдебиет, ән-би, спорт залдары бар. Мектепішілік өнерді дамыту басты мақсатта болғандықтан жеке суретшілер бөлмесіде қарастырылған. Ал кең асханасының жиһаздарын жеке тапсырыспен орындатылған. Мектеп құрылтайшысы Махмуд Дуйсебаев: «Біздің қазақтың қара домалақ балалары үшін Монтессори методикасы таптырмас білім саласы болып табылады. Онда бала нұсқаушыларының көмегімен барлық тапсырманы өздері орындайды. Бұл болашақта өздерін қоғамдық ортада тез бейімделуі үшінде аса қажет. Келіп білім аламын деушілерге мектебіміздің есігі айқара ашық» — деді.


Айта кетейік Мария Монтессори итальяндық дәрігер және педагог, өзінің есімімен аталатын еркін тәрбие идеясына негізделген өзінің бірегей педагогикалық жүйесімен танымал. Оның педагогикалық жүйесі бүгінгі күнге дейін бүкіл әлемдегі көптеген мемлекеттік және жеке мектептерде қолданылады, Халықаралық Монтессори қауымдастығы жұмыс істейді.

Бақтияр Талғатұлы

Басқа жаңалықтар

Back to top button