Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

Жарылқасын  НЫСАНБАЙҰЛЫ: «ШАҢЫРАҚ» — ЖАСТАР  ҮШІН  ӨТЕ  ТИІМДІ  БАҒДАРЛАМА

Ауданымызда еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы күніне орай және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесінің қарсаңында 60 пәтерлі  көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Құрылысын «Агроспецстрой» компаниясы жүргізген, аудан орталығы Өтеген батыр ауылы «Қуат» ықшам ауданында орын тепкен көпқабатты үйден пәтер алған қуаныш иелерінің бірі, «Іле ауданы әкімі» ММ ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы Жарылқасын Нысанбайұлын баспаналы болуымен құттықтап, әңгімеге тартқан едік.

— Сәлеметсіз бе. Әңгімені өзіңізді таныстырудан бастасақ…

— Сәлеметсіз бе! Мен 1996 жылдың қаңтар айының 18 жұлдызында Қызылорда облысы Жаңақорған кентінде дүниеге келдім. Отбасымда інім және қарындасым бар. Әкем «Қазақстан темір жолы жолаушылар көлігі» АҚ-да жолсерік қызметін атқарады, ал анам үй шаруасында. 2001-2013 жылдар аралығында Талғар ауданы Алмалық ауылында орналасқан №18 орта мектепте оқыдым. Орта мектепті аяқтағаннан кейін 2013-2017 жылдары Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде «Жаратылыстану» бакалавры «Экология» мамандығында білім алдым. Қазіргі таңда «Іле ауданы әкімі» ММ ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы қызметін атқарып келемін.

— Астана күні қарсаңында үй алыпсыз. Қоныс құтты болсын. Үйді қандай бағдарлама негізінде алдыңыз?

— Рахмет. Мен өз пәтерімді мемлекеттік қызметкер ретінде «Нұрлы жер» бағдар-ламасының шеңберінде, несиелік 5-10-20 «Шаңырақ» бағдарламасымен алдым. Пәтерден пәтерге көшіп жүргенше, кезінде Жиренше шешен айтқандай «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп аяқты еркін созып жататын бір бөлмелі болса да өз үйің болғаны дұрыс қой. Ауылдық жерлерде салынып жатқан үйлер қаладағы үйлермен салыстырғанда әлдеқайда арзан әрі қолжетімді.

— Осы бағдарлама бойынша үй алу үшін қандай құжаттар керек?

— Ең әуелі Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жергілікті атқарушы органда үйге мұқтаж ретінде кезекке тұрып, ЖАО-ға басыңызда тіркелген баспана жоқтығын растайтын құжат аласыз. Одан кейін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ) және Тұрғын үй инспекциясы (ТҮИ) бөлімі басшысының атына өтініш жазу керек.  Сондай-ақ, «Отбасы банк» арқылы төлем қабілеттілігін растау қажет.

— Бұл бағдарлама негізінде алдын ала төлем жасау керек пе? Сіз алдын ала қанша пайызын құйдыңыз?

— Банк шарты бойынша жалпы соманың 10%, яғни 700 000 теңге төлем жасадым.

— Үй алған кезде қажетті ұпайды жинау үшін не істеу керек?

— Жоғарыдай айтып өткендей, «Отбасы» банкінен арнайы есепшот ашып, төлем қабілеттілігіңізді растау үшін ай сайын шамаңыз келгенше ақша салып тұру қажет.

— Үй алғысы кеп, бірақ жолын білмей жүргендерге өз тәжірибеңізбен бөлісіп, айтар кеңесіңіз?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін «Шаңырақ» бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Аталмыш бағдарлама жастар үшін үй алуға өте қолайлы болып тұр. «Шаңырақ» бағдарламасы – мемлекетіміз тарапынан беріліп отырған мүмкіндік.  Бастапқы жарнаның мөлшері 10 пайызды құрайды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ресми сайтына кіріп, электрон түрде өтініш беру арқылы бағдарламаға қатысуға болады. Бағдарламаға қатысу үшін төлем қабілетін анықтау керек. Өтеліп жатқан несие болса (мысалы, телефон немесе көлік үшін), оны жауып тастаған дұрыс. Себебі, өтелмеген несие төлем қабілетіне әсер етуі мүмкін. Келісімшартты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кез келген бөлімшесінде жасауға болады. Ол үшін жеке куәлігіңіз болса жеткілікті. Банк алғашқы жарна төлеген адамдарға 5 пайызбен 20 жылға несие ұсынады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, үй алғаныма өте қуаныштымын. Бағдарламаға «Отбасы банкі» арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер және бюджеттік сала мамандары, сондай-ақ толық емес отбасылар, көпбалалы отбасылар және мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар өтініш бере алады. Осындай мұқтаж жандарға баспаналы болуға мүмкіндік беріп отырған аудан басшылығына айтар алғысым шексіз. Баршаңызды келе жатқан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күнімен және пәтер иелерін жаңа қоныстарымен құттықтаймын! Отбасыларыңыздан береке-бірлік кетпей, жаңа үйлеріңіздің іші ырысқа толы болсын!

— Жарылқасын Нысанбайұлы, қуа-нышыңызға ортақпыз. Үйіңіз бұдан кеңіп, іші берекеге, шаттыққа толы болсын!

— Ақ тілегіңізге рахмет.

Әңгімелескен: А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button