Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫҢ АЙНАСЫ

Әрбір адамзаттың жүрегінің төрінен орын алып, көңілінде бозторғайдай сайраған бір үн болса, ол – оның ана тілі. Біз тілдің күнделікті тірлікте бір адамның екінші адаммен, бір ұлттың келесі ұлт өкілімен, тіпті мемлекет пен мемлекеттің арасындағы өзара қарым-қатынас құралы екенін білеміз. Алайда, біз осыдан әріге бардық па? Тілдің қадіріне жете алдық па? Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақ тіл туралы пікірінде: «Ф. Энгельс «адамды адам еткен – еңбек» десе, осыған орайлас, «адамды адам еткен – тіл» деуге де болады. Тіл – адамзат баласының қоғамдық-әлеуметтік дамуының бірден-бір көрсеткіші» — дей келе, тіл мен ұлттың ажырамас бөлік екеніне баса мән береді. Ғалымның бұл пікірі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған ұлттың – өзі жоғалады» деген қанатты сөзімен үндесіп, Ахаңның сөзін тарқата, қарапайым тілмен жіліктеп, айтқандай әсер қалдырады. Иә, тіл – ұлттың ұлттығын айғақтайтын ең асыл қасиеттерінің бірегейі. Тіл жоқ жерде ұлт болмайды, ал, сол тілде сөйлейтін халық жоқ жерде тіл де өз өмірін тоқтатып, өлі тілдер қатарына қосылады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан Халқына Жолдауында тілдерді дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Көптілді және көпконфессиялы қоғамда бейбітшілік пен келісімнің орнағанын жоғары бағалай келе, «Қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылыққа бастап бара жатқан туған жерге атауын берген қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйрене бастағандығын атап өтудің өзі қуанышты» — деді. Мұның өзі елімізде тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жыл ішінде  тілдерді дамыту, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы сан қырлы қызметтің игі нәтижесі екені анық.

Ал, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» — деп, алдағы уақытта қазақ тілінің үстемдік алып, мәртебесінің артатыны туралы сеніммен айтты. Себебі, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Олай болса, «Қай істің өнуіне үш түрлі шарт керек. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек және тәртіп керек» деген ұлағатты сөзді негізге алып, ниетімізді іске асыратын күн келді. Ең бастысы, ұлттық тіл – ұлттық сананың, ұлттық намыстың жоғарылығына, оның қажеттілік деңгейіне байланысты екенін жадымыздан шығармауымыз қажет. Жалпы қоғамды, өскелең жас ұрпақты Отанымызды сүюге, мемлекеттің әрбір құндылықтарын қастерлеуге, мемлекеттік тілді құрметтеуге, патриоттық рухта тәрбиелеуде, ісіміздің игілікті болуы үшін, бір атаның баласындай үлес қосуымыз тиіс. Иә, «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шықсын?!» — деп даналар айтқандай, жас ұрпақтың бойына бала кезден мемлекеттік тілге деген махаббат пен сүйіспеншілікті, өр рух пен жалынды жігер, ұлттық намысты сіңіре білейік. Себебі, ұлттың ұлт болып сақталып қалуының алтын діңгегі тіл болса, сол тілдің келешек ғасырға дейін жетуі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында.

 

А.ЕРЖАНОВ,

№7 орта мектептің мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button