Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

МІНСІЗ АЛЛАНЫ МАДАҚТАҒАН АҚЫН

Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі – Қалқаман Айымғазыұлы Сарин.

Қалқаманның шығармашылығы өзіндік өрнекпен, айрықша сөз қолданыстарымен ерекшеленеді. Оның поэзиясы еңбектеген жастан еңкейген қартқа дейін түсінікті, тілі жатық. Ақынның өлеңдері жөнінде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова былай дейді: «Туған ауылға деген қимастық сезім Отанға деген шынайы махаббатқа ұласады. «Махаббатсыз дүние бос» деп ұлы Абай айтқандай, жас ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері де кімнің болса да жүрегін шымырлататын нәзік сезімнен туған дүниелер. Мұнда өтірік талықсу, жақсы көрудің жәйі осы шығар деп өліп-өшкен болу атымен жоқ, орынды-орынсыз ақыл айту да кездеспейді, адамзатпен бірге жасайтын поэзия осылай болуы керек». Қ.Сариннің Отанға деген, жарға деген сүйіспеншілік жырлары азды-көпті талданып жүргендіктен, ақынның Жаратушы Иеге арнап жазған өлеңдеріне талдау жасап көрелік. Автордың «Арманымның бейнесі» атты жыр жинағы Фариза Оңғарсынованың сөзімен айтсақ: «Химия қосылмаған баяғының жібегіндей сезімнен өрілген» жырларға тұнып тұр. Аталмыш жинақ «Алланың бары – ақиқат» деп, Тәңірдің ұлылығын мойындап жазған, Жаратушы Иеге құлдық ұрған өлеңдер топтамасымен басталған бірнеше бөлімнен тұрады. Ақын Алланы жырға қосса да, адами сезімді сөз етсе де тереңнен толғап, нәзік сезіммен сырлай білген. Мәселен, «Алланың бары – ақиқат» өлеңін алып көрейік:

«Алладан басқа жоқ Тәңір,

Мұхаммед – оның елшісі».

Соны айтып жәннат баққа кір,

Иманың – жанның емшісі.

Болуы қиын Хаққа құл,

Ібіліс болса көршісі.

Адамның бәрі жатбауыр,

Заманның жалған кем тұсы.

Жер бетіндегі көп қабір,

Пенденің алған еншісі…

Осы он жол өлеңнің әрбір жолы құран аяттарындай жеке-жеке талдауды (тәкпірлеуді) қажет етіп тұрған сынды. Ақын өзінің толғауын кәлима айтумен бастауында үлкен мән жатыр. Исламдағы бес парыздың бірі, адамның мұсылман екендігінің куәлігі – иман келтіру, яғни тілді кәлимаға келтіру. «Лә-Иллаһа Илла-Аллаһ, Мухаммадур расул Аллаһ» деп, әрбір мұсылман кәлима айтып, өзінің Алланың құлы екенін, Алладан басқа Тәңірдің жоқ екенін, мұсылман қауымына жіберілген елшісі Мұхаммед (с.а.у.) екендігін мойындап, куәлік етеді. Кәлима айтудың жәннат бағына жетелейтінін ақын жақсы түсіне білген. Оның «…Соны айтып жәннат баққа кір, Иманың – жанның емшісі…» деуі де сондықтан. Қалқаман адамның негізгі жауы ібілістің үмметі мен өзінің нәпсісі екенін де жетік ұғынған. Оған «…Болуы қиын Хаққа құл, Ібіліс болса көршісі…» немесе «…Құлдың да құлдан несі артық, Нәпсісін түгел тыйса артық…» деген өлең жолдары анық дәлел бола алады. Алла Тағала Адам (а.с.) пайғамбарды жаратқан кезде оны ерекше махаббатпен жаратыпты. Бір уыс топырақтан адамды жасап, оған рух үрлеп, періштелердің барлығына «Адамға бойұсыныңдар» деп жарлық қылады. Сонда барлық періштелер Адамға (а.с.) бойұсынып, оған тәжім еткен екен. Тек қана Ібіліс «Мен оттан жаралдым. Адам топырақтан жаралды. Менің ілімім Адамның білімінен жоғары, неліктен мен оған бас июім керек» — деп, қарсылық білдіріпті. Осының салдарынан Ібіліс жәннаттан қуылып, адам баласына қиямет күніне дейін дұшпан болуға, оны тура жолдан тайдыруға серт еткен деседі. Қалқаман ақынның адамның Хаққа құлшылық етуіне Ібілістің кедергі жасайтынын қарапайым тілмен, қазақ халқының ұғымына жақын етіп, «Ібіліс болса көршісі» деуі – оның дін мен ұлттық ұғымды сабақтастыра жырлай білуінде.

Қай діннің өкілі болмасын өзінің Тәңіріне деген құрметін құлшылық жасау арқылы білдіреді, әрі құлшылық үстінде Тәңірінен дұға етіп, тілек тілейді. Ал, құлшылық дегеніміз не? «Нұр – Мүбәрәк» университетінің оқытушысы Нұрлан Сайлауұлы: «Құлшылық (ғибадат) – ең әуелі біздің – жаратылыс мақсұтымыз. Мұнымен қоса, құлшылық – Аллаһ Тағалаға толықтай бойұсынып, бұйрықтарын бұлжытпай орындап, нәпсінің жетегінде кетпей, Жаратушының разылығы үшін өмір сүру. Ал Жаратушымыздың бізге нәсіп еткен шексіз нығметтеріне қайтарым әрі шүкіршілік ретінде махаббатымызды, сыйымызды, алғысымызды өтеудің ең ізгі жолы – намаз, ораза тәрізді бірнеше құлшылық түрлері болып табылады» — дейді.

Қалқаман Сарин:

«…Зікір ғып Хақты ішінен,

Иманын кәміл жиса артық.

Разы боп қылған ісінен,

Раббыңның өзі сүйсе артық.

Жәннаттан бір жай күтіп ең,

Кірерсің сонда күй шалқып…»  немесе,

«…Жұмағың жәннат, гүл-Көктем,

Тұрағың болмас жұмыр жер…» — деп, Алланың разылығын алу үшін амал жасау керектігін ескертеді. «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) салған сүннетпен жүріп, жалған дүниедегі сынақтан сүрінбей өтудің жолын ізде, тура жолдай таймай жүр» — дейді ақын. Пайғамбарлардың адамдарға көшбасшы ретінде жіберілгендігін қасиетті Құран-Кәрімнің «Әнбия» сүресі, 73-аятында: «Біз оларды (пайғамбарларды) бұйрығымыз арқылы тура жолға бастайтын көшбасшы қылдық» – дейді. Ал Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жасаған және «жасаңдар» деген әрі жасалғанын қолдаған іс-әрекеттері – сүннет деп аталады. Сол себепті ақын Қалқаман:

«…Ғибадат жасап құрметпен,

Жаратқан Хақтың нұрын көр.

Пайғамбар салған сүннетпен,

Жаңылмай жолдан жүріңдер…», — деп, өз халқына парыз бен сүннетін орындап, Алла Тағаланың шексіз мейіріміне бөленіңдер деп үндеу тастайды.

Ислам дінінің басты ерекшелігі мейлі ақын болсын, мейлі қарапайым қызметкер болсын, мейлі дін өкілі болсын олардың барлығы пайғамбарлық қыла алады. Пайғамбарлық қылу дегеніміз – жамағатты дінге шақырып, тура жолды нұсқап, Мұхаммедтің (с.а.у.) жасаған амалдарын уағыздап, Исламға шақыру. Қалқаман да өзінің мұсылмандыққа үндеу қызметін жырмен жеткізіп отыр.

Қалқаман Айымғазыұлы – Жаратушы Тәңірін әрдайым есінде сақтап, оны жадынан шығармаған ақын. Ол ақындық өнердің өзін Алланың берген нығметі деп түсінеді. Ақынның «Арда мұң» атты өлеңі мінәжатқа құрылған.

Тәңірім,

Сен жаратқан мен ақының,

Тауфих бер, таусылғанша дем-ақылым.

Жүйткіген жылдарымды жүгендеп ап,

Айналып бара жатыр жер ақырын.

Алладан демі біткенше тауфих сұрап, жалбарынған ақын:

Жұтылып жерге мен де кетем ертең,

Жүгім де болмай, сірә, көтерер кем.

Өзекті жан болсам да өлерім хақ,

Өлеңдей өнер бердің өте көркем, — дейді.

Осы жерде «тауфих» сөзін біреу түсінсе, біреу түсіне бермейді. Тауфиқ – дін ғалымдарының түсіндіруінше, Алланың өз жаратылыстарына берген үлкен нығметі. Тауфиқ екі түрлі болады. Бірі – тауфиқу бәйән, екіншісі – тауфиқу һидая.

Тауфиқу бәйән – барлық жаратылысқа Аллаһ жайында, дін жайында хабардың жеткізілуі, яғни, қай адам болса да Аллаһты, дінді тану сәттілігі түскен.

Тауфиқу һидая – естілгенге сай амал жасай алушылық. Яғни Аллаһ сәттілігін берсе ғана адам осы айтылғанға амал жасап, тиісінше тура жолға түспек. Демек, тауфиқ – Алланы танып, Жаратушының бізге бұйырған амалдарын жасай алу. Қалқаманның Алладан тауфиқ сұрауы орынды. Себебі, Алла Тағала Құран-Кәрімнің Зарият сүресінің 56-аятында: «Мен адамдар мен жындарды Өзіме ғибадат етсін деп қана жараттым» — дейді. Ақын «Тауфиқ бер» деуі арқылы өзінің Алланың құзырына бас иіп, Ұлы Жаратушының дәргейіне бас иген сүйікті құлдарының бірі атану ниетін білдіреді. Қалқаман өлеңін «Тәңірім, Сен жаратқан мен ақының» — деп бастауы – ақындық өнер Алланың берген сыйы екенін мойындауы. Қасиетті Құранда да Пайғамбарлардан соң ақындар келіп,  халыққа жырмен уағыз айтып, елшілік қызмет атқаратындығы жайлы жазылған болатын.

Қалқаман Сарин қамшының сабындай қысқа өмірін мәнді де мұсылмандыққа сай өткізуді армандайды.

Өмір бұл шындығы жоқ, сұмдығы көп,

Бәрінің бас Иесі – бір Құдырет.

Сұп-суық тасқа айналып кетпесе екен,

Жып-жылы кеудемдегі жұп-жұмыр ет» — деп, ақын жүректің тазалығын, оның қара тастай қатайып қалмауын ойлайды. Жүректің тазалығы мен Алланың аманаттап берген қалпында кіршіксіз, еш ақаусыз Аллаға қайта табысталуы керектігін «Шұғара» (ақын) сүресінің 88-89 аяттарында: «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаһқа сау жүрекпен келсе ғана (пайда береді)» — деген. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) хадисінде: «Ақиқатында, денеде бір кесек ет бар. Ал, ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Ол – жүрек!» — дейді. Осы айтылған хадистен бөлек, Алланың Елшісі (с.а.у.) Алла Тағалаға жалбарынып: «Уа, Аллаһ, шын мәнінде, Сенен жүрегімді сау-саламат бойұсынушы (етуіңді) сұраймын» — деп жиі дұға ететін. Ислам ғалымдары да жүректің тазалығына, сау-саламатты болуына аса мән берген. Мәселен, Ән-Нәуәуи, Ибн Ражаб, Хасан әл-Басрилар да Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисімен үндесетін, хадисте айтылған астарлы ойды ашатын даналық сөздер қалдырған. Сөзімізге тұздық ретінде Ибн Ражабтың: «Жүрек істерінің дұрыстығы адам ағзалары істерінің де дұрыстығына апарады. Егер жүрек дұрыс болса және Аллаһ Тағаланың қалауынан басқа еш нәрсе болмаса, дене бөліктері Аллаһ қалаған істерге ұмтылып, оның разылығын табатын істерге асығады және ол анық көзі жетпесе де, Аллаһ Тағалаға ұнамауы мүмкін дегендей қауіп тудыратын амалдарды істеуден тыйылып, Аллаһ Тағалаға ұнамды амалдармен ғана шұғылданады» — дейді. Құранның тереңіне үңіліп, хадистердің мәнін ұға білген ақын харамнан аулақ болып, шүбәлі дүниелер мен әрекеттерден бас тартып, дін мен абыройды сақтаудың, сондай-ақ адамдарда жаман пікірлер тудыратын және сақтануды керек ететін істерге ұстамдылық жасаудың қажеттілігін түсініп, ақыл-парасат, сананың және жанның ішкі дүниесінің дұрыстығына, бір сөзбен айтқанда жүректің дұрыстығына ерекше мән беріп, Алладан жүрегінің тазалығын сұрайды.

Ақынның табиғат лирикасына арналған «Жылы жаңбыр құйып тұр» өлеңі де Алланың құдыретін сезінуден туындаған жыр тізбегі. Себебі, ақын жаңбырдың жаууын Алланың мейірімділігі мен қайырымдылығына балайды.

… Жаушы, жаңбыр, жауа түс, жаушы жаңбыр,

Естілмеген адамға ән шығар бұл.

Періштелер қондырған қанатымен,

О, құдырет!

Тамып тұр тамшыдан нұр…

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) даналық сөздерінің бірінде Алланың мейірімінен төгілген қасиетті нұр жаңбыр, қар арқылы жерге таматыны, әрбір тамшы жаңбырдың тасасында Алланың періштелері жер бетіне Раббымыздың шапағаты мен нұрын алып түсетіні баяндалған болатын. Өлеңнің келесі шумақтарында не дейді екен:

…Құдыреттің қуатын дәл мүсіндеп,

Періштелер аспанға салды сурет.

Кеңістіктей кеңейіп көкірегім,

Жүрегіме осы нұр мәңгі сіңбек… — деген ақын жаңбырды жауғызушы Алла Тағала екендігін мойындайды. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахаббаларының бірі Зәйд ибн Халид Әл-Жүһәни (р.а.) айтқан бір риуаятта былай дейді: «Худайбийада болғанымызда Расулуллаһ (с.а.у.) бізбен бірге таң намазын оқыды. Түнде жаңбыр жауған еді. Намазды оқып болғаннан кейін Расулуллаһ (с.а.у.) адамдарға қарап: «Раббыларыңның не дегенін білесіңдер ме?» — деп сұрады. Адамдар: «Оны Аллаһ Тағала және Оның Елшісі (с.а.у.) біледі» — деді. Сонда Расулуллаһ: «Хақ Тағала: «Бүгін Менің бір құлым мүмин, бір құлым кәпір болған күйде таң атырды. Ұйқысынан тұрып: «Аллаһ Тағала Өзінің қайырымдылығы және рақымдылығы себебінен жаңбыр жаудырды», — дегені жұлдызға емес, Маған иман келтірген болды. Ал: «Пәленше жұлдыз бізге жаңбыр жаудырды» дегені маған емес, жұлдызға иман келтірген болды», — деді.

Ақын өлеңі және жоғарыда келтірілген хадис пен Құдси-хадистің арасында үндестік басым. Қалқаман ақын Алланың құдыретін сезініп, күн шықса да, жаңбыр жауса да, күн бұлттанса да, яғни әлемде болып жатқан табиғи құбылыстардың барлығы Алланың қалауымен орындалып жатқанын жыр етіп баяндайды. Ал, құдси-хадисте Алла Тағалаға иман келтірген құл ғана табиғаттың тылсым күшін Алланың әмірімен жүзеге асып жатқанын баяндайды, Өзіне иман келтірген құлына Алла Тағала шуағы мен нұрын төгетінін баса айтады. Демек, Қалқаман өзінің азды-көпті діни ілімін халықтың қажетіне пайдаланып, елді нәзік лирика арқылы Алланың құдыретін тануға бағыттап жүрген ақындардың бірі. Қалқаманның шығармашылығында мұндай өлеңдер көптеп кездеседі. Оның «Күй-Қаршыға» (Қаршыға Ахмедияровқа), «Өмір өлшемі» (Азан мен намаз), «Әдеп», «Мадақтап мінсіз Алланы», «Қадір түні» секілді өлеңдері де Жаратушы Иенің бір екенін айғақтап, әлемде ештеңе Алланың қалауынсыз жүзеге аспайтынын суреттейтін, Хақ Тағаланы ұлықтаған жанның Раббысының мейірімінен құр қалмайтынын айтатын келелі жырлар. Жалпы айтқанда, Қалқаман – қазақылық пен Ислами ұғымдарды кірістіріп, тігісін жатқыза жырлай алатын ақын.

 

Алмат ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button