Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыДін және қоғамҚоғам

Нәпсі мен ақыл

Аса Рахымды, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!

Күйбелең тіршілікке толы фәни жалғанда адам баласы өз қажеттілігін өтеу мақсатында үш ажырамас қасиетпен қоса жаратылады. Олар: иман, ақыл және нәпсі. Келешек өмірінде, тіпті ақыретіне осы үш қасиеттің тигізетін әсері орасан. Құран Кәрімде Шамс сүресінің  8-10 аяттарында: «Сонда оған (яғни нәпсіге) жамандық әрі тақуалық қабілетін бергенге серт. Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да. Әлде кім оны кірлетсе қор болды»  — деп әмір етілген.

Мунаббихат кітабында «Кім өзіне Алладан артық дос бар деп ойлайтын болса, Алла жайлы танымы аз болғаны, ал кімде кім нәпсісінен артық дұшпан бар деп ойласа, нәпсісін дұрыс білмегені» — делінген. Сонда нәпсі дегеніміз не? Нәпсі – ол біздің болмысымыз, ішкі жан дүниеміз. Араб тілінен енгендіктен «адам, жан (рух) қара басы (жеке өзі), құштарлық, құмарлық, эго» секілді бірнеше ұғымды білдіреді. Ал қазақ тілінде «нәпсі» сөзі көбінесе тойымсыздық, құмарлық» де-ген мағыналарда қолданылады.

Құранда нәпсінің үш түрі айтылған:

  1. Жамандыққа бұйырушы нәпсі. «Юсуф» сүресінің 53-аятында: «Нәпсімді ақтамаймын. Расында нәпсі жамандыққа бұйырады» дей-ді. «Мунаббихат» кітабында мы-надай ғибрат сөз бар: «Расында шәһуатқұмарлық патшаларды құлға айналдырады, ал сабырлық құлдарды патшаға айналдырады. Юсуф пен Зулайханың қиссасын көрмейсіз бе?», — деген.

Иә, расында көптеген адамның сәтсіздіктеріне нәпсіге бой алдыруы себеп болып жатады. Құлқынына құл болып, өмірін құрдымға жіберіп жатқандар қаншама!? Нәпсінің айтқанына көніп, айдауына жүрген адам абыройдан айырылады. Өйткені, нәпсі тек жамандыққа үндейді. Жақсылықты, ізгілікті нәпсі жаны сүймейді.

  1. Сыншыл нәпсі. «Қиямет» сүресі, 2-аятта: «…сөгіс беруші нәпсіге ант» делінген.

Хасан Басри: «Расында, мүмін деп өзінің нәпсісін сынаушы адамды айтатынбыз. Ол өзіне айтқан сөзіммен нені қаладым, жеген тамағыммен нені қаладым деп үнемі өзін сынап отырады. Ал, пасық болса, қадам басқан сайын ауытқи береді, өзін бұл үшін жазғырмайды да», — деген екен. Яғни, бұл мүміннің нәпсісі. Шынайы мүмін үнемі өзінің әр іс-әрекетіне сын көзбен қарап, әр сөзі мен іс-қимылына өзі есеп береді. Ал, екіжүзді бұзық адам өз әрекетіне еш уақытта өкінбейді. Кісінің көңілін сөзімен ренжітсе де, әрекетімен біреуге зияны тисе де, еш өзін кінәлап, жазғырмайды. Жайбарақат жүре береді. Ал, аятта айтылғандай «лаууама нәпсі» иесі болған мүмін керісінше, әрбір сөзіне және ісіне аса мұқият. Хазреті Омардың «Есеп алынбай тұрып, өзіңе-өзің есеп бер» деген кеңесі осындай нәпсі мәртебесіне жеткізері хақ.

Ғұлама Мужаһид «сыншыл нәпсі» жайлы: «Ол жамандық істеп қойса, неге істедің деп жазғырады. Ал, жақсылық амал істесе, неге көбірек істемейсің деп сөгетін нәпсі», — деген екен.

  1. Жаны жай тапқан нәпсі. «Фажр» сүресінің 27-аятында Алла тағала: «Әй, орныққан нәпсі», — дейді. Тәпсіршілер бұл аят жайлы: «Аят Осман бин Аффан жайлы түскен» десе, кейбір ғалымдар Хамзаға қатысты түскен деген. Сағид бин Жабир (р.а.) риуаят етеді: «Бір кісі пайғамбар (с.ғ.с.) құзырында: «Әй орныққан нәпсі!» аятын оқыды. Мұны естіген Әбу Бәкір: «Уа, Алла елшісі, бұл қандай тамаша аят?», — деп таңырқады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Уа, Әбу Бәкір! Расында періште бұл сөзді саған айтады», — деген екен».

Нәпсіні шариғи мағынада түсіну үшін және ақылмен байланысын жақсы түсіну үшін мына бір шағын оқиғаны баяндасақ.

Бір күні Мәлік ибн Динар балшықпен ойнап отырған баланың қасынан өтіп бара жатады. Сол кезде әлгі баланың бірде күліп, бірде жылап отырғанын байқайды. Ғалым ол баламен амандаспақшы болады. Алайда тәкаппарланып, ол баланың кіші екенін меңзеп, амандаспайды. Соңында өз тәкаппарлығын жеңіп амандасуға бел буады. Сонда әлгі бала. «О, Мәлік ибн Динар! Алла саған разы болсын» деп жауап береді. Сонда Мәлік бірінші рет көріп тұрған баланың оның есімін қайдан білетінін таң қала отырып сұрайды. Бала болса Алланың оған білдіргенін айтады. Төркінін түсінгендей болып, Мәлік ибн Динар баладан нәпсі мен ақылдың арасында қандай айырмашылық бар екенін сұрайды. Сонда бала: «Нәпсі – бұл саған менімен бірінші амандасуға тыйым салған дүние, ал ақыл болса сені соңында сәлемдесуге көндірген дүние» деп жауап береді. Ақырында ғалым балшықпен ойнап отырған баланың бірде жылап, бірде күлуінің себебін сұрайды. Бала: «Алланың жазасы есіме түскенде жылаймын, ал оның мейірімі есіме түскенде күлемін» деп жауап қатады.

Расында, Алла тағала періштеге ақыл берді, алайда нәпсі бермеді. Жануарға нәпсі берді, бірақ ақыл бермеді. Ал пенде құлына ақыл да нәпсі де берген. Егер де адам өз нәпсісін бағындырса – дәрежесі періштеден жоғары болады. Ал керісінше, ақылын нәпсісіне бағындыратын болса – жануардан да төмен дәрежеге ие болады. Пайғамбарымыздың өзі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жиҺадтан қайтып келе жатқанда сахабаларына кіші жиһадтан үлкен жиһадқа келе жатқандарын ескертіп, нәпсімен ұлы күрес күтіп тұрғанын меңзеген екен. Енді біз сол нәпсімізді қалай тәрбиелейміз. Нәпсі үшін ең ауыры әрі азаптысы ақиқат пен шындыққа «ия» деп жауап қатуы екен. Ислам ғалымдары екі істің ішінен нәпсіге ауыр келетінін таңда дейді екен. Яғни, істің ең дұрысы нәпсіге ауыр келгені. Сонымен қатар, ауыр жұмыстарды істеу нәпсіге ауыр бола тұра оны әлсіретеді екен. Дәл сол себепті нәпсіні әлсіретіп, сындыру үшін құлшылық жасау бұйырылған. Өйткені нәпсі Алла Тағала мен адам баласы үшін жау болып саналады. Адам бір істе өз нәпсісіне аз бойұсынатын болса Аллаға жақындай түсетін болады. Сонымен, нәпсіні тәрбиелеудің жолдары көп, соның үш жолын көрсететін болсақ:

Бірінші – Нәпсімен күресуде Ұлы әрі Мейірімді Алла Тағаладан пана сұрау, қолдауына мұқтаждықты білдіру, өйткені нәпсіні Өзі жаратқандықтан, хәлі мен болмысын жақсы біледі.

Екінші – нәпсіні барлық қажетсіз ынтызарлық пен құмарлықтан ау-лақ ұстау. Асау жануарды аз тамақтандырсаң, көнбіс болатынындай, нәпсіні қалауынан шектеп отырсаң бағынышты болып қалары сөзсіз.

Үшінші – нәпсіге ауыр келетін ғибадат ауыртпашылығын арту. Шындығында, көп ғибадат ететін адамда нәпсі қалауы әлсіреп, иман шуағы жарқырай түседі.

Қорытындылай келе айтатынымыз, шын мәнісінде, елде болып жатқан көптеген шешімін таппай жатқан мәселелер: саяси-экономикалық, эко-логиялық болсын – барлығы біздің нәпсіміздің тұсауланбағандығынан болып отыр. Егер де әр мұсылман өз нәпсісімен күресіп, өзін ғибадатпен емдеп, әр ісін дұрыс жолға бағыттап отырса, өз жанын мінсіздікке тәрбиелесе көптеген мәселелер өз шешімін тауып, қалыпқа келетін еді. Өйткені, нәпсі бізді жамандыққа шақырса, ақыл ғибадатқа, жақсылыққа шақырып, cоңында бақытқа жетелейді.

Алла Тағала бізді тақуалығы жоқ жүректен, тойымсыз нәпсіден, пайдасыз ілімнен, қабыл болмайтын дұғадан сақтасын!

 

Нұрболат Қалдарбеков

«Арын қажы» мешітінің бас имамы

Tags

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close