Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

Сауатсыз жарнамаға жол жоқ!

АНА ТІЛІАРЫҢ БҰЛ

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруды, сондай-ақ оның қолданыс аясын кеңейтуде ерекше маңызға ие қозғаушы күштің бірі – көрнекі ақпараттар мен жарнамалар екендігі белгілі.

Қазіргі таңда сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің сауатсыздығы – қоғамдағы жиі сынға ұшырайтын, аса өзекті мәселелердің бірі. Сананы тұрмыс билейтін заманда, жарнама өміріміздегі басты табыс көзіне айналып отыр. Сондықтан да ресми тілден мемлекеттік тілге сөзбе-сөз, тікелей аударылған мағынасы түсініксіз жарнамаларды бірден байқауға болады. Ал бізге аз сөзбен көп мағына беретін, мәнді де мағыналы, тиянақты ойды білдіретін, жұрт санасына тез сіңетін қазақ тілді жарнамалар керек. Себебі, бұл – халықтың шығармашылық әлеуеті мен тіл мәдениетін анықтайды, тарихын танытады.

Осыған орай, Боралдай кентінің әкімі Данияр Төлеуханұлының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабы талаптарын халыққа түсіндіру мақсатында аудандық мәслихат депутаты Абдрахман Мұрат Құрылтайұлы, Боралдай кенті әкімінің орынбасары Айнұр Таңатарқызы арнайы зерделеу жұмыстарын жүргізді. Негізгі мақсат – халыққа қызмет көрсету нысандары мен қоғамдық көліктердегі деректемелер мен көрнекі ақпараттарда тіл нормаларының Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарының талаптарына сәйкес рәсімделуін, олардың сауатты жазылуын қамтамасыз ету және кент тұрғындарын кеңінен жұмылдыру болып табылады.

Елінің ертеңі, ұлттық рухтың негізі болып табылатын тілінің тағдыры толғандыратын әрбір азамат деректемелер мен көрнекі ақпарат көздерін тәртіпке келтіретініне кәміл сенемін. Өздеріңіз көріп жүрген, байқаған маңдайша жазулары мен көрнекілердегі грамматикалық, стилистикалық қателер кездессе, нысанның нақты мекен жайын, атауын көрсете отырып, (8-7764223222, 87781760473 WhatsApp) байланыс нөміріне хабарласуларыңызға болады.

Жалпы, Іле ауданы – ұлты үшін еңбек ететін талай кемел тұлғаларды дүниеге алып келген, жайдарлы, жайсаң жандар мекен ететін, ұлттық танымның көрінісі көзге түсіп тұратын өңірлердің бірі. Сондықтан баршаңызды осы бағыттағы игі іс, маңызды шараларды бірге атқаруға шақырамын.

 

Ардақ Ахметжанқызы,

Боралдай кенті әкімі аппаратының бас маманы

Басқа жаңалықтар

Back to top button