Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

Жаныңыз жәннатта болғай, асыл аға!

Әдетте біз жақсы адамдардың бәрі біздің өмірімізден тыс, биік бір белесте, қол жетпес шыңда ғана болады деп ойлап жатамыз. Осылайша ортамыздағы игі жақсыларымыздың барын да байқамай қалатынымыз бар. Расында, көпшілік «Жақсы адам дегеніміз – кемшілігі жоқ адам емес, кемшілігінен жақсылығы көп адам» деп жатады. Профессор Құралай Кудеринова «ғылымдағы өмірім жақсы адамдарға жолығудан басталды» — депті «Егемен Қазақстан» газетінде. Менің өмірлік жетістіктеріме себепкер тұлғалар: жақындарым, ұстаздарым және мектепке келе бергенде көп нәрсе үйреткен әріптестерім болды. Ресми еңбек жолымды бастаған №36 орта мектепке Исабек Қызайбекұлы ағамыз өзі қабылдаған еді. Исабек аға және  басқа да әріптестер ортасында пісіп, жетіліп біраз дүние үйрендім. 3 жылдай Исабек ағаның қол астында жұмыс істеп, «Сірә, жақсы адам деген осындай болса керек» деген ой түйдім.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» — дейді қазақта. Исабек ағаны танымайтын кісілер болса, ауданымызға ұзақ жылдар үзіліссіз қызмет еткен елінің адал перзенті туралы айта кетейік, бізден кейінгіге үлгі болып қалсын.

Қызайбеков Исабек Қызайбекұлы — 1955 жылдың 7 желтоқсанында Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты, тарих факультетін  тәмамдаған. Студенттік жылдары өзін жан-жақты жақсы қырынан көрсетіп, көшбасшылық қасиетін танытып, студенттік ке-ңестің төрағасы атанған. Қазақ хандарын сомдаушы ұстазымыз Тұңғышбай Қадірұлы Жаманқұлов бастаған институт қабырғасындағы драма үйірмесіне қатысып, көптеген образдарды сахнаға шығарған. Артынша осы оқу орнында қатар білім алған замандасы – Жайлаубаева Гүлнар апайымызбен шаңырақ көтеріп, 5 ұл өсірген адал жар, ардақты әке. Ел арасында құнарлы өлең-жырлары кеңінен таралған ақын. Бірнеше өлеңдер жинағының авторы.

Жоғарғы оқу орнынан кейін педагогикалық  еңбек жолын 1979 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Көлбастау орта мектебінің жанындағы мектеп-интернатта тәрбиеші болып  бастаған. 1980-2003 жылдары білім саласында әр түрлі әкімшілік лауазымдарда қызмет атқарды. 2004 жылдың ақпан айынан бастап М.Түймебаев ауылындағы №19  орта мектеп директоры қызметіне тағайындалып, 2016 жылдың 12 шілдесіне дейін еңбек еткен. 2016 жылдың 12 шілдесінен бастап 2019 жылға дейін Жәпек батыр ауылынды жаңадан салынған №36 орта мектебінде директор болып қызмет еткен.

Осы мектептің құрылысы біте берген сәттен бастап, оқушыларды мектепке қабылдап, мектеп құжаттарын дайындап, лицензия алудағы еңбегі ерен. Мектепке пе-дагогикалық ұжымды, жалпы контингентті қалыптастаруда ұшан-теңіз еңбек етті.

Жаңадан ашыла салған мектепте ұзақ жылдар бойғы тәжірибесін сала отырып жемісті қызмет еткенін мектепке кіре берген сәттен-ақ байқайсыз. Осы жылы мектеп ауласында немересін оқуға әкелген бір анамыз: «мектептің ауласына кірсең, зейінің ашылады» — деген еді. Жалпы, мектеп территориясына кірген сәттен көзге көрінген әрбір ағаш, шыршалар, жасыл желек, сол жасыл желекте жайқалған дарақтар, оның төбесіне ұя салған қос аққу бәрі де мектеп басшысының өз қолымен жасалған жұмыс, самайынан аққан тері, ғазиз еңбегімен келген дүние екенін қалың көпшілік жақсы біледі. №36 орта мектеп ұжымы әрбір сәтте өз басшысын риясыз, жағымпаздықсыз жақсы көретінін еріксіз сыртқа білдіріп отырды. Исабек аға басшы болған жылдары ешбір ұстазға дауыс көтеріп, көңіліне тиіп, этикет нормаларынан асып, биігінен түскенін көрмейтінбіз. Көңілімізге қарай жүріп, жақсы сөзі, жылы лебізімен бәріміздің жүрегімізге жол тапқан басшымыз қоластындағы әр қызметкерді өз Отанына қалтқысыз адал қызмет етуге тәрбиеледі. Мектебімізде қазақ тілі бірлестігінің жетекшісі Ақмамбет Шарбану «Аға, сіздің үлкен басыңызбен жерде жатқан қоқысты көтеріп, жәшікке апарып тастауыңыз – бізге «Ұлық болсаң, кішік бол» деп тұрғандай» деген еді. Ағамыз өзі өнеге бола отырып, жастарды, ұжымды еңбектенуге үйрете білді. Жаңа ашылған мектепте қажырлы еңбекпен білім сапасын қалыптастырып мектептің алғашқы түлектері арасынан 2018-2019 оқу жылында  екі «Алтын белгі» және екі «Үздік аттестат» иегерлерін шығарды. Спорт және өнер үйірмелерін ашып, жастарға жол көрсетіп, мектеп мерейін үстем етіп, оқушыларды жақсы қасиеттерге баулыды.

Ағамыз саналы ғұмырының 40 жылын ұрпақ тәрбиесіне арнап, жемісті қызметтер атқарып, 2019 жылы құрметті зейнет демалысына шықты. Зейнетке шыға отырып, қара бастың қамын күйттеп кетпей, Отанға қызмет етуде бүгінгі күнге дейін ауылдық ардагерлер кеңесін басқарды.

Исабек Қызайбекұлы Жаратқан Алланың бұйрығымен 2021 жылдың шілдесінде дүниеден өтті.

Ағамыздың әр жылдардағы  нәтижелі еңбектері халық пен билік тұсынан елеусіз қалған емес. Көптің ыстық ықыласы мен халықтың жүрегіне жол таба білген асыл ағамыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатымен, Облыстық «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен, ҚР Орталық сай-лау комиссиясының  төрағасы О.Жұмабековтың Алғыс хатымен, ҚР ҒБ Министрі Е. К. Сағадиевтың Алғыс хатымен марапатталса, басшылық жұмысының жетістігі ретінде «Үздік директор» медалімен марапатталып, ұстаздар үшін ең бір құнды марапат Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері атанған.

Исабек аға, қалың көпшіліктің есінде Алланың пейілі ауған тұлға ретінде, тау тұлғалы азамат, ұлағатты ұстаз, адал басшы, қамқор аға, ақкөңілділік пен парасаттың, білім мен ішкі мәдениеттің иесі ретінде қалып, ел жүрегінен орын алды.

Жаныңыз жәннатта болғай, асыл аға!

Нұрбек Серикбойұлы Жангабаев,

№36 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,

драма үйірмесінің жетекшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button