Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

Абайды тану — кемелдіктің бастауы

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жазба әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, «Абай әлемі» деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады.

Өткен жылы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Үкімет қаулысымен 10 тамыз — Абай күні болып жарияланды. Осы айтулы күннің ел тарихында аталып өтуіне Қазақстан Жазушылар Одағы да өз үлесін қосыпты. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет «Егемен Қазақстан» газетіне жазған пікірінде: «Мен Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Абайдың туған күні 10 тамызды «Абай күні» деп атап, ұлттық мерекеге айналдыру туралы ұсыныс хат жазған болатынмын. Сол бастамамызды мемлекет басшысы қолдап, Үкіметке тапсырма берген екен. Міне, көптен күткен қаулы шығып, Абай күні бүкілхалықтық, ұлттық мереке ретінде күнтізбеге еніп отыр. Тарихи оқиға! Үлкен қуаныш! Бұл поэзия мәртебесі, бұл қазақ тілінің салтанаты деп білемін», — деп, айтулы күннің тарихы туралы толғанады.

Бұл мерейлі күнді ұлт ретінде ұзақ күткеніміз рас. Өшкені жанып, өлгені тірілген қазақ ұлысының ұлықтар құндылықтары, әрине көп. Соның ішінде Алаш баласының рухани құбыласы болған Абай поэзиясын  ерекше құрметтеу – баршамызға бұлжымас парыз. Себебі, Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі.

Абай мұрасы — әлем әдебиетінің әлеуетті әлемі болып қалды. Қырық бес қысқа шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері өмірге нұсқа, өрісі кең өнегемен өрілді. Ақын өзінің ұлағатты сөздерінің бірінде «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» — деп, жас ұрпақты әрбір істің жөнін біліп, білімге, өнерге ұмтылып, өз ісін абыроймен атқаруға шақырады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», — деген салиқалы сөзі мәңгілік ақын мұрасының мәртебесін биіктете түсті. Ал, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты концептуалды мақаласында: «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы», — деп орынды дәріптейді.

Ұлт руханиятының ұлық тұлғасы ұрпақтың кемеліне келіп, мұрат-мақсатына жетіп, дұрыс жол таңдауына шамшырақ болуы да шығармашылығының шынайылығы, ой кемерінің тереңдігі мен ойшылдығы еді. Ол – қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресіп өткен ұлы ақыны, халқымыздың бір ғасырдағы ой-өресінің өрісі мен биігін көрсететін дара тұлғасы, алысты болжай білген терең ойдың, рухани сарынның ақыны. Ақын қазақ әдебиетін дамытып қана қоймай, сонымен қатар мәдениеті мен рухани кемелдігіне жол сілтеп, «Толық адам» ұғымын қалыптастыра білді. Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді. Ол өз дәуірінің, өзі өмір сүрген ортаның қайғы-мұңын көтергенде, соны тарихи даму жолындағы барша адам баласының тақырыбына айналдыра білді.

Әдебиеттанушы ғалым Серік Қирабаев Абай шығармашылығы жайлы былай толғанады: «Абай – қазақ халқының осы топқа қосқан ұлы ақыны, классигі. Оның мазмұны жағынан аса терең, гуманистік-философиялық ой-толғамдарға бай, адамдықты ардақтап, оның рухын биікке көтерген оптимизмге толы жарқын творчествосы кешегіні бүгінгіге жалғаған алтын көпір сияқты өзінің туған халқын, сол арқылы өзі бауыр тұтқан адам баласының бәріне ерекше қызмет етіп келеді. Ол біздің халықтың ұлттық оянуына, сана-сезімінің көтерілуіне, әдебиеті мен мәдениетін жаңа сапада қалыптастыруға, қазақ әдеби тілін орнықтыруға барынша мол еңбек сіңірді. Сондықтан біз оның ұлт мәдениетіндегі орнын өзі тектес ұлылармен ғана салыстырып қараймыз. Әсіресе, біздің аузымызға ақынның өзі ұстаз тұтқан, шығармаларынан көп тәлім алып, аударған Пушкин түседі. «Пушкин есімін атағанда, — деген еді Н. В. Гоголь, — орыстың ұлттық ақыны туралы ой келеді… Пушкин – ерекше құбылыс және орыс рухының бірден-бір көрінісі болар: ол орыс адамының даму үстіндегі, тіпті екі жүз жылдан кейін болатын бейнесін елестетеді. Онда оның орыс табиғаты, орыстың жан дүниесі, орыс тілі, орыс мінезі соншалықты таза, әбден аршылған әсемдікпен көрінеді. Оны тек оптикалық шынының көтеріңкі бетіндегі тегістік сәулесімен ғана салыстыруға болады».

Осы сөздер Абайға арнап та айтылған сияқты. Сондықтан біз әрдайым мақтанышпен қайталап, «орыс» деген сөздің орнына «қазақты» қойып, «қазақтың табиғаты, қазақтың жан дүниесі, қазақтың тілі, қазақтың мінезі» деп бастаймыз».

Жоғарыда мысал ретінде алынған сөздердің қай-қайсысына қарасақ та, Абайдың ой-өресінің биіктігін, Абай салған соқпақтың әр қазақ бір айналып соғатын дара жолына айналғанын байқауға болады. Абайдың қазақ әдебиеті алдындағы ұлы қызметі оның ұлттық әдебиетте шындық дегеннің не екеніне бірнеше рет көңіл аударып, оны тұңғыш аша білуі деуге болады. Ол қазақ өмірін, оның адамдарын, табиғатын, жан дүниесін терең білді және соны бірінші болып көркем әдебиет бетінде жан-жақты бейнеледі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді. Бұл туралы С.Қирабаев: «Оның өлеңдерін оқи отырып, одан сәл де болса, жалғандық табу қиын. Бәрі де бар, болған және қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз алдыңа келеді. Ұлы суреткер есебінде Абай оны көркем бейнелеудің жаңа жолын тапты. Оның өлеңдері өзінің қарапайымдылығымен, табиғилығымен құйылып, ойға, сезімге ұялайды. Сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ұлы суреткер саналады» — деп толғанады. Абай мұрасын, оның шығармаларын тақырыптық-идеялық тұрғыда зерттеуді мұрат еткен ғалым оның қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет өз заманында халықты толғандырған саяси және өмір проблемаларын күн тәртібіне қойғанын сөз етеді. Абай қазақ қоғамының қарама-қайшы тұстарын, өз тұсындағы адамдардың ынтымағы кеткен, берекесіздігін, патшаның отаршылдық саясаты қоздырып отырған рулық тартыстардың елдің бірлігіне келтірген зиянын қатты сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, халықты қараңғылықтан жарыққа сүйреген тұлға. Ғалымның пікірінше, Абай халықтардың оңашаланып өмір сүретін дәурені өткенін, ендігі жерде ел болудың кепілі – дамыған көрші елдермен қарым-қатынас жасауда екенін айтып, елді сол жолда бірігуге, ынтымақтастыққа шақырды. С.Қирабаев «Уақыт талабын заманынан оза шауып түсіну – Абайдың даналығының белгісі» — деп ұлы ақынға баға береді.

Абай беймезгіл заманда өмір сүрді. Оның идеясы, ізденісі қараңғы қазақ қауымы үшін түсініксіз болды. Заманынан оза шауып, келер ұрпақтың тілімен сөйлеген дананың өз заманында «Жұмбақ» болуы да осыдан. Өзі де өлеңінде «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп», «Мыңмен жалғыз алысқанын» жазады. Ол заманының бар қайшылығын жүрегіне басып, ауыртпалығы басына тиіп, күрсініп өтті, ерте қартайды. Көшпелі тұрмыс пен надандық, рушылдық жайлаған елдің бетін өнерге, білімге, кәсіпке бұрам деп, татулыққа, бірлікке шақырған жырлары «Қалың елі – қазағына» дарымады. Оның өлеңдерін толтырып тұрған мұң-зар, ашулы ыза, заман трагедиясын арқалаған данышпан ақынның ауыр сезімі осыдан туады. Зарын ол өлеңге төгіп, өлеңін ғана өзіне серік етті.

Абайда көшпелі қазақ өмірінің ащы сабағы мен дүниені шолған қыранның қырағы көзі бар. Ол ұсақ-түйекті көзге ілмейді, оған алданбайды, дүниеге биіктен қарайды, халық тағдырын, бүгінін, келешегін тұтас көреді. Сондықтан Абай шығармашылығы – қазақ халқының тарихы – бүкіл даланың эпосындай елестейді. Абай – қазақ халқының, оның ұлттық өмірінің символы. Оның өлмес туындыларында халық рухының жарқын күші, қайғысы мен қуанышы сақталған. Ол соның бәрін көркем сөздің күшімен бейнелеп, бүкіл адамзат мәдениетінің тарихына қосты.

Адамзат ақыл-ойының асқар шыңына айналған Абай арқылы келешекке кең көзқарас қаланды, өнер, білім, өмір жайлы ұмтылыстар оянды, тіршілікке талаптану жаңғырып жатыр. Міне, қоғам дамуының қозғаушы факторы ретінде елдік асыл мұраттарға арқау дүние арта бастады. Біз ұлт мақтанышын ұлықтауға тиіспіз, Абай мерекесін лайықты қарсы алуға міндеттіміз. Қазіргі пандемия кезіндегі шектеуге байланысты мерекелік мезірет жыл бойы жүргізіле береді. Сондықтан сіздерді Абай әлемін терең білуге шақырамын.

А. ЕРЖАНОВ,

№7 орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Абайға арнау

Ұлыларға кем де емес қой бұл қазағым,

Бастаған ұлылықтың ізгі амалын.

Бабалардың дәріптеп даналығын

Қолыма қалам алып жыр жазамын.

Жырлары шабыт берер әр ақынға,

Қалықтаған қара өлеңнің қанатында.

Сүрлеу сөздің сара жолын салған Абай

Тарихтың төріндегі дара тұлға.

Киелі Шыңғыстаудың баурайында,

Қасиетті мекеннің қойнауында,

Халқына бергені мол Ұлы Абай

Туылған Құнанбайдың жайлауында.

Аңсаған қазағының азат таңын,

Қалаған қарашаның озат хәлін.

Текті әке Құнанбайдың жолын қуып

Ойлаған жастайынан қазақ қамын.

Сен жазбадың өлеңді ермек үшін,

Еңбегім сіңсе дедің елге ісім.

Ақылы мен парасатын көтерем деп

Сөз қалдырдың тәрбие бермек үшін.

«Өлең — сөздің патшасы, сөз — сарасын»,

Қазағыңа берері мол жыр жазасың.

Қырық бес қара сөзбен емдей білдің

Жұртыңның қырық жамау жан жарасын.

        Желсіз түнде жарық аймен сырластың,

Пушкинмен де, Гетемен де мұңдастың.

Көзімнің  қарасы болған қазақпын деп

Даңқың тарап шартарапқа, қырды астың.

Келемін жырларыңа ғашық болып,

Бес нәрсеге Сіз айтқан асық болып.

Арылып ала бөтен жамандықтан

Сақтанам бес нәрседен қашық болып.

Дәл өзіңдей тұрған кезде даналарым,

Текті елдің ұрпағы боп саналамын.

Жету үшін аңсаған арманыма

Дүниеге кірпіш болып қаланамын.

Жырыңды дәріптейтін қалың жұрт бар,

Есіміңді мойындайды талай ұлттар.

Қазақтың кім екенін таныр болса

Оқысын «Абай жолын» жазған Мұхтар.

рпағың өлең сырын ақтарады,

Маржан сөз ел жұртыңның жаттағаны.

Уа, баба! жатқан жерің жарық болсын

Бар қазақ бір өзіңмен мақтанады!

 Рақымжан Бақытжан Көкенұлы,

Іле аудандық мәдениет және тілдерді

дамыту бөлімінің басшысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button