#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

Өресі биік тәуелсіздік құрдасы

Біздің елімізде арманы асқақ, Отансүйгіш, ұлтжанды, өресі биік Тәуелсіздік құрдастары көптеп саналады. Солардың бірі – «Алматы облысының жастар орталығы» КММ-нің филиалы «Іле ауданының жастар ресурстық орталығының» жетекшісі Тынышпаева Мәриям Айдарқызы. Жалынды жас Мәриям Тәуелсіз елмен қатар өсіп, замандастарымен бірге өркендеп, ақырындап биіктерді бағындырып келе жатқандығын мақтан тұтады. Аз ғана уақыттың ішінде біраз жетістіктерге жетіп, өзінің білімділігімен, заман талабына сай еңбек етіп, соңғы технологияны тез меңгеріп, уақыт көшіне ілесе алатындығын танытқан Мәриямның алға қойған мақсаты үлкен.

Өтеген батыр кенітіндегі №13 орта мектепті үздік бітірген ол оқушы кезінен аудандық, облыстық, республикалық әр түрлі байқауларға қатысып, өзінің қарым-қабілетін сынап көруді тәжірибеге айналдырып алған. Бастапқыда орыс тіліндегі мектепте оқып, кейіннен өзінің қалауымен қазақ мектебіне ауысып, ана тілін тереңінен меңгеруге ден қойды. Мектепте оқып жүргенде республикалық «Ана тілі аруы» атты байқауға қатысып, төртінші орынды, жеңіп алып, «Ең жас қатысушы» номинациясын иеленді. Бұдан кейін «Менің Мұқағалім» атты республикалық сайыста да жеңімпаз атанды. Мұның өзі оның болашақ мамандығын таңдауына септігін тигізді. Орта мектепті бітірген соң грант бойынша Қазақтың әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсті. Мұнда да үздік оқитын әрі белсенді студенттердің қатарында болды. 2011 жылы Мәскеуде өткен халықаралық «Конкурс чтецов» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң Алматы ТВ каналында қызмет жасады. Мұнда да өзінің продюссерлік қабілетін одан әрі дамытып, біраз қысқа метражды фильмдерді түсірді. Қайырымдылық шараларына да белсенді қатысады. 2010 жылдан бері Алматы қаласындағы «Клуб добряков» атты еріктілер қоғамының белсенді мүшесі. 2020 жылдан бастап көптеген қайырымдылық шараларына қатысып келеді. Қоғамдық жұмыстарымен қатар отбасылы болып, екі бала тәрбиелеп отыр. Бүгінде арнайы шақыртумен және отбасылық жағдайына байланысты аудандық жастар орталығын басқарып жүр. Мәрия мұндағы қызметіне кіріскелі бері аудандық жастар ресурстық орталығының жұмысы барынша жандана түсті. Бұрын облыс бойынша ең соңғы орында тұрған орталық бүгінде үздіктер қатарына жақындауда. Бір шілде айының өзінде Мәриямның жеке ұсынысымен жастар 21 шараны жоғары деңгейде өткізді. Атап айтқанда «Еңбек – ердің мұраты» атты сұхбат Күрті ауылдық округінде өтті. Рухани жаңғыру аясында және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Ақши ауылдық мәдениет үйі директоры Анипулла Есембеков Ұлы Отан соғысы, тыл, еңбек ардагері Күлғайша Байсакова апамызға арнайы барып, «Еңбек – ердің мұраты» атты жастарға еңбек ардагерлерінің еңбектегі жетістіктері туралы насихаттау мақсатында Күрті ауылдық округ əкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы Серік Темірғалидің қатысуымен сұхбат жүргізіп қайтты. Өтеген батыр ауылында халыққа көмек көрсету мақсатында егов жаршысы акциясы «Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және жастарды ақпараттандыру» мақсатында насихаттау шарасы өткізілді. Өтеген батыр ауылы мен Ащыбұлақ ауылдық округінде «Астана – Тәуелсіздік нышаны» атты іс-шара өтті. Іс-шарада Астананың бас қала болып қалыптасқандағы 23 жылдық тарихы, негізі, қазіргі деңгейі баяндалып, өлеңдер оқылып, ән шырқалды, көрмедегі көз тартатын керемет туындылар тамашаланды. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде онлайн форматта өткен «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» атты онлайн челлендж көптің көңілінен шықты. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай, партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында ұлттық аспап арқылы ұлттық мәдениет, өнер туындыларын, Қазақстан халқының рухани құндылықтарын ұрпақтар сабақтастығын және тарихқа деген құрметті, әрбір азаматтың рухани санасын жаңғыртуды насихаттайтын бұл шараға аудан тұрғындары белсене қатысты.

– Тәуелсіздіктің құрдасы болу үлкен жауапкершілік жүктейді, – дейді бізбен әңгімесінде Мәриям Айдарқызы. – Өйткені, мемлекеттің мен сияқты жастарға жасап жатқан қолдауы көп. Соны ұтымды пайдалану керек. Ата-бабаларымыз жылдар бойы аңсаған, кешегі  Желтоқсанда  жазықсыз жастардың қаны төгіліп,  жандары пида етілген Тәуелсіздікті қадірлей білуіміз керек. Атақ пен абыройдан бұрын елдің дамуы жолында тер төгіп, қызметіңе адал болсаң, сол мойныңа артылған жүк пен жауапкершілікті орындай білгенің деп есептеймін. Маған тағдыр мемлекетіміздің Тәуелсіздігімен құрдас болу бақытын бұйырыпты. Мен мұны мақтан етемін. Болашақтағы үлкен істер мен сияқты жастардың еншісінде екендігін жақсы түсінемін. Соған үлес қосу – менің ең басты мақсатым. Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді. Сондықтан әр қадамыма есеп беріп, айналама ойлана қарайтын болдым. Білімімді, күш-жігерімді, бар тәжірибемді Отанымды көркейтуге, гүлдендіруге жұмсасам деймін. Арман-мақсаттарым көп-ақ… Халқымның бақытты болуын қалаймын.

Иә, қандай қызметте болса да, ұлтжанды әрбір жас Тәуелсіз еліне мінсіз қызмет етуі керек. Жастар жанбаса лапылдап, елдің ертеңі не болмақ?

Р. АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button