#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыБілім және ғылымҚоғам

БІЛІМ КҮНІНЕ ТАМАША ТАРТУ: ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА АБАЙ МЕКТЕБІ ЖАҢАРДЫ

Ескелді ауданына қарасты Абай ауылында шағын орталығы бар 180 орынды мектеп Білім күнінде салтанатты түрде шәкірттерді қабылдады. Жаңа нысан екі қабаттан, тоғыз бөліктен тұрады және жертөлесі бар. Облыстық бюджеттен 1 миллиардтан аса қаржы бөлінді. Құрылысты жүргізген «Талас-Құрылыс» ЖШС нысанды уақытында аяқтады.

Жаңа мектептің лентасын облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменова мен Ескелді ауданының әкімі Рустам Әли қиды. Ал Қаутай Нұрпейіс ақсақал «Шәкірттер жақсы жолды таңдасын, Жаман іске бармасын, Бабалар жолын жалғасын!» деп ақ батасын беріп, тілегін білдірді.

Жиналғандарға әжелер шашу шашты.

Әуелгі сөзді алған білім ошағының директоры Ләззат Алтынбекова жаңа мектепті үлкен қуанышпен бастап отырғандықтарын, өткен оқу жылында түлектер ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетіп, ауданда ғана емес, облыстағы алдыңғы қатарлы мектептердің санатына кіргендігін айтып өтті. Өз кезегінде ұстаздар қауымы бойдағы ақыл-парасат, қажыр-қайратын аямайтындығын, шәкірттердің өмір жолында өз орындарын табуына барынша көмектесетіндігін айтып, көпшілікке ант берді.

Ақ тілектердің легін жалғаған Рустам Әлимен Жаңыл Сүлейменова да оқушыларға ақ жол тілеп, оқуда озат болып, келешекте ел үшін еңбек етулеріне ниеттес екендіктерін жеткізді. Білім ұясына алғаш қадам басқан бүлдіршіндерге салтанатты түрде «Әліппе» оқулығы тарту етілді. Жаңа мектепте алғашқы қоңырауды бірінші сынып оқушылары Арнай Нұртаймен Іңкәр Рақымжан соқты.

Мектеп өнерпаздары «Шашу», «Ақ бидай» биін билеп, мектеп туралы ән айтып, домбырашылар күй шертті. Жалпы, жаңадан бой көтерген мектепте 43 қызметкер жұмыс істейді. Оның 23-і ұстаз, қалған 20-сы техникалық қызметкер.

Серік ҚАНТАЙ

Фото — автор

Ескелді ауданы

Алматы облысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button