#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жылҚоғам

ЕЛ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН БАСТАМА

ЖОЛДАУҒА ҚОЛДАУ

Ел Президенті Қ. К. Тоқаев Қазақстан Халқына кезекті Жолдауын жариялады. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдау Парламент Палаталарының бірлескен отырысында елге жолданып, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы пандемиядан кейінгі кездегі елді алға сүйреп, дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады.

Қ. Тоқаев жұртшылыққа арнаған Жолдауын: «Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз, Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір Ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда, – дей келе, халықты Тәуелсіздік мерекесінің 30 жылдығымен құттықтаудан бастады. Мемлекет басшысы өзінің Президент ретіндегі ең басты мақсаты қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру екенін ерекше атап өтті. Бұл мақсатқа жету үшін көтерілетін 5 негізгі бастама сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең әуелі, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейетінін айтты. Бұл шара 1 миллион адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді. Одан кейін, «Соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажет» дей келе, Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі. Бұл кәсіпкерлер мен қызметшілеріне үлкен серпін беріп, алға ұмтылуға ынталандырады деп сенеміз. Үшіншіден, Ел Президенті микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету қажеттігін баса айтты. Бұл мыңдаған бизнес өкілдерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді екен. Төртінші бағытта Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізу-шілерінің және басқа да қызмет иелерінің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастама да елдің әлеуетін көтеріп, мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, осы салада алаңсыз қызмет етулеріне жетекші рөл атқарады. Соңғы бағыт бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керектігі айтылды. Президент өз сөзінде бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйрететінін сеніммен тілге тиек етті. Қ. Тоқаев бірлескен отырыста Парламент депутаттарын әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындауға шақырды. Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық танытуы керектігіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, әрбір шешім елдің сұранысын қанағаттандыратындай әрі мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет. Қ. Кемелұлы өз сөзінде: «Мемлекет басшысының саясатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керек. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз» — деп, сөз соңында мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі қажет екенін еске салды.

Президентіміз Қ. Тоқаев осылайша Жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, халыққа егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. мемлекет басшысының көтерген мәселелері — шегеруге көнбейтін өзекті мәселе. Халықтың қамын ойлаған басшы ретінде халықтың әлеуетін көтеремін деуі жанға қуаныш ұялатады. Мүмкін болса, өзіңнің білімің мен білігіңді, күш-жігеріңді ел игілігіне жұмсағанға не жетсін?

Б. ТАЛҒАТҰЛЫ,

аудандық мәслихат депутаты

Tags

Басқа жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close