Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

Батаменен ел көгерер

Бата – халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрінің бірі.

Адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде той, қуаныш иесіне арнап қол жайып, бата береді.

Сондай-ақ, қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі. Бата беретіндер, көбіне, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер, дуалы ауызды  билер  болып келеді. Бата қысылғанда — қуат, қиналғанда — медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Батасыз, тілексіз өмір болмайды. «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деп халқымыз текке айтпаған.

Осы үрдісті ұлықтау мақсатында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Батагөй» байқауын ұйымдастырып, қазыналы қарттарымыздың мәртебесін көтерді. Байқаудың мақсаты: бата беру дәстүрін дәріптеу, ұлттық салт-дәстүр мен батаның тәрбиелік мәнін насихаттау, кейінгі ұрпақты үлкенді құрметтей білуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу, асыл жырдың ғибраттарын ұрпақтың бойына сіңіру болып табылады.

Ел арасында кең таралған халық баталары, үміткердің өзі жазған батасы бойынша екі бағытта өткен облыстық байқауда Жетіген ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мықышев Мұрат Дүйсенбіұлы ауданымыздың абыройын көтеріп, «Үздік батагөй» номинациясымен марапатталып, 70000 теңге сертификатына ие болды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Керімбек Болат Бақбергенұлына және ұжымына алғыс білдіреміз.  

Ардақ АХМЕТЖАНҚЫЗЫ,

Боралдай кенті әкімі аппаратының бас маманы

Басқа жаңалықтар

Back to top button