Алматы облысының жаңалықтарыҚоғам

АЩЫБҰЛАҚТА АЙТЫС ӨТТІ

Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің ұйымдастыруымен №19 орта мектепте Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік – Тәңір берген тәтті сый» атты айтыс өтті. Шараны ауыл әкімі Жасұлан Оңалбаевтың өзі ашып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған айтыс ақындарына шыңдалған шабытпен шындық сөздің шырағын жағып, еркін айтысуын тіледі.  

Ащыбұлақ округі үшін бұл алғашқы рет өткізіліп тұрған айтысы емес.  Сахна төрінде ауданымызға танымал жергілікті ақындар шықты. Өткір сөзбен, өрнек өрген жігіттер мен қыздарымыз  Рабдолла Мырзабек, Балғабаева Ақерке, Сарбасова Гүлбану, Манкеева Ардақ, Нұсқабай Ғабит, Атамкулов Азамат, Жатқанбаев Ардақ сара сөзбен сахнаның сәнін келтірді.

Кіл жүйріктер жарысқан айтысты танымал кеш жүргізушісі, ақын, ардақты ұстаз, №19 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құлжанов Әнуарбек Бөрібайұлы жүргізді. Сөзжарыста округтің тұрғыны, ақын Аманбек Ақайұлы, аудандық мәслихат депутаты Сұлтан Жарқынбеков, Мәслихат депутаты, «Ақжол» партиясының мүшесі Дүрия Даниярова, ардагерлер кеңесінің мүшесі Шахаддин Әлходжаев қазылық етті. 

 Орақ тілді ақындар қатысқан дүбірлі доданы аудан халқын аузына қаратқан қара сөздің шебері Рабдолла Мырзабек алдыңғы жұбымен сөз қағыстыра алмағанымен, Ғабит Нұсқабаймен шыққанда өлеңсөзін ширата түсті. Қиыннан қиыстыра шапты.

Ел іргесі ешқашан бұзылмасын,

Көк туымыз желбіресін, жығылмасын,

Әр қазақ өз үлесін алса екен,

Жұлдызы жарқырап бір жанса екен.

Аспаннан Алла нұры себелесе,

Қазақтың маңдайына тамса екен,

Ащыбұлақта не көп десең саяжай көп,

Барлығы ауыл статусын алса екен.

Осындай тілек-ниетіміз облыс әкімінің құлағына барса екен – деп жырлады. Нәзікжандылардың арасында да ерекше көзге түскен №43 орта мектептің мұ-ғалімі Гулбану Сарбасованың мақамы, сөз саптауы көптің көңілінен шықты. №37 орта мектептің үкілеген үміті Ақерке Балғабаева да сара сөзді әзілмен астарлап, айтыссүйер қауымның айызын қандырды. 20 орта мектептің намысын қорғап келген  Ардақ Жатқанбаевтың айтысы да тыңдармандардың көңілінен шықты. Мақамы мен сөз саптауында салмақ бар.

Айтыс екі бөлімнен тұрды. Біріншісінде өздерін таныстыру болса, екіншісінде арнайы қазылар алқасы дайындаған тосын тақырыптармен айтысты. Тақырыптар тек тәуелсіздікті дәріптеді.

Сонымен айтыста І орынды №29  орта мектептен Мырзабек Рабдолла еншілесе, ІІ орынды №37 орта мектептің ақыны Ақерке Балғабаева мен №20 орта мектеп мұалімі  Ардақ Жатқанбаев бөлісті. №36 орта мектептен Ғабит Нұсқабай ІІІ орынды місе тұтты. 

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button