Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

Ел болам десең, бесігіңді түзе

Халқымыз қай кезде болмасын ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, елдің болашағы, халықтың келешегі деп білген. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сол секілді өскелең буын, жас ұрпаққа да тәрбиені бала кезден беру керек. Ал, балам жақсы болсын десең, ең әуелі өзіңді түзеп, өз мініңді түзетіп, балаға жақсы үлгі көрсете алуың керек. Осы орайда, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл-сарайын танитын адам болуы керек. Оны білуге баланы туғаннан бастап өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын іздеуі керек, баланың ісіне, түсіне қарап ішкі халінен хабар аларлық болуы керек» деген сөзі бала тәрбиесімен айналысып, ұрпағын жақсылыққа баулыймын деген әр пенденің көңілінен орын алары хақ.

Иә, бала тәрбиесі туралы айтылған, айтылатын сөз де аз емес. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, баланың адам өміріндегі алар орнының айрықша екендігін басты назарда ұстаған. Расында, балаға тәрбие ең алдымен отбасында беріледі. Исламда әкенің өз ұрпағы алдындағы ең үлкен міндетінің бірі – жақсы ат қойып, жақсы тәрбие беру. Жақсы тәрбиеге не жатады? Оған баланы өз ата-анасын сыйлауға, иманды болып өсуіне баулу, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіріп, өзін ортада жақсы ұстауға үйрету, жаман істерден бойын аулақ ұстап, былапыт сөз айтпауға баулу, өзгеге құрметпен қарап, әрбір адамның бойынан жақсылық пен ізгілік нышанын көруге үйрету жатады. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы демек – жас кезінен анаша, есірткі, сыра, арақ, темекі, зинақорлық секілді теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы. Әдепті болу, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Міне, мұндай ұрпақ – Абайша айтсақ, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші. Біз сол себепті бала тәрбиесіне атүсті қарамай, баланы еліміздің ертеңі, Қазақстанның болашағы деп түсініп, оның тәрбиесіне ерекше мән беруіміз керек.

«Бүгінгі бала – ертеңгі елдің тұтқасы» екенін жақсы түсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Президентіміз бұл туралы жаңажылдық құттықтауында айтқан болатын. Ол өз сөзінде «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін» – деді. Мемлекет басшысы «Балалар жылын» тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керектігіне тоқталып, «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деп атап өтті.

Бұған дейін 2019 жыл «Жастар жылы» деп, 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп аталып, көптеген іс-шара қолға алынып, жастарға қолдау білдіріп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында келелі бастамалар көтерілген болатын.

Биылғы «Балалар жылы» да өз деңгейінде аталып өтіп, балалардың тәрбиесі мен денсаулығына, олардың лайықты білім алуына Президентіміз айтқандай түрлі мүмкіндіктер жасалып, өз қағынан жеріген құландай өз баласын сыртқа тепкен жандар «Бала – көңілдің нұры, өмірдің гүлі» екендігін түсінсе дейміз. Себебі, еліміздің заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген болатын. Сондықтан, биылғы атаулы жылдың мән-мағынасына терең бойлап, ұрпағымыз қазақы тәрбиені бойына сіңіріп, қазақ атын келешек ғасырларға жалғайтын жақсы азамат боп өсуіне әрқайсымымыз өз үлесімізді қосайық. Ұрпағымыздың болашағы жарқын, білімді де тәрбиелі болуын қаласақ, ата салтымызды ұстанып, ата дінімізден ауытқымай, жас балапанға жақсы ісімізбен үлгі болып, өнегелі ісімізбен дұрыс тәрбие берейік. 

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button