Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

АУЫЛЫМЫЗҒА ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ КЕЛДІ

Елімізде ұлтаралық келісімнің маңызы арта түскенін сезініп жүрміз! Отыз жыл бұрын дүниеге келген қазақстандық  жас нәресте биыл орда бұзар отыз жасқа толды. Ел тәуелсіздігін алғалы Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі негізін қалаған Қазақстан халқы Ассамблеясы елдің ауызбіршілігін сақтауда үлкен үлес қосып келеді. Ел тұтастығын дәріптеу мақсатында  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Наталья Дементьева мен Вакил Нәбиев жер жәннаты Жетісу өлкесіне келіп, ел аралап халықтың хал-ахуалымен кеңірек танысуда. Соның ішінде Алматы облысының ең ірі экономикалық бағыты терең және кең дамыған Іле ауданында да болып этнобірлестік ұйымдарымен кездесу ұйымдастырды.

Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Р. Абилова, Өтеген батыр ауылының белсенді тұрғындары және мәслихат депутаттары қатысты. Жиын барысында ұлтаралық бірлікті сақтау, әлеуметтік желілердің адам санасына, әсіресе, жасөспірімдерге тигізетін ықпалы сияқты бірқатар түрлі мәселелер талқыланды. Бұл шараға қатысушылар саяжайға елдімекен мәртебесін беру, үш ауысымда оқыту мәселелері туралы сұрақтар қойды.

Наталья Дементьева  біздің басқа да сұрақтарымызға жауап беріп, және ел ауызбіршілігі туралы ойымен бөлісті.

– Наталья Дементьева, жалпы сіз дәріптеп жүрген Қазақстан Халқы Ассамблеясы ел дамуына қандай үлес қосты?

–Ол үшін сәл кейінге көз тастап, тарихқа жүгінуіміз керек. 1991 жылы саясаттанушылар әртүрлі этникалық топтарды бір мемлекеттің аумағында біріктіру мүмкін емес деп есептеді. Ал бізде Қазақстанда жүзден астам этнос өкілдері бар екенін білесіздер.

Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаев 1992 жылы Қазақстан Халқы форумында Ассамблеяны құру идеясы жарияланған кезден бастап тәуелсіз елдің санасына консультативті кеңесші институты деген жаңа сала пайда болды. Отыз жылда  институт тек консультативтік-кеңесші орган болып қана қоймай, сонымен бірге саяси коннотацияға ие болды. Өйткені, Конституцияға, біздің басты заңымызға өзгертулер енгізілді. Ал, 2007 жылдан бастап Ассамблеяның Парламентте өкілдік етуіне кепілдік берді деуге болады. Республикадан, яғни Қазақстан Халқы Ассамблеясы атынан сайланатын 9 депутаттан тұрады. ҚХА-ның депутаттық тобы әртүрлі партиялардың, түрлі этностардың, түрлі парламенттік фракциялардың депутаттарынан тұрады және қоғамдағы бейбітшілік, келісім және бірлік мәселелері бойынша партиялардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін құрылым болып табылады. Олар елімізде тұратын барлық этностардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда.

– Осы құрылған  институт алдында сіздің қандай міндеттеріңіз тұр?

– Ассамблеяның алдында өте күрделі міндет тұр: сырттан келетін солақай сындар мен арандатушылыққа дұрыс, сауатты қарсылық көрсету және бізді бұзуға жол бермеу, отыз жыл бойы сақталып келе жатқан тұтастығымызға, төзімділігімізге, халықтар достығына нұқсан келтіруге мүмкіндік бермеу. Одан қала берді халық қалаулысы ретінде аудан, ауыл арасындағы шешілмеген түйіні бар мәселелерді шешуге атсалысамыз. Мысалы, осы Іле ауданында тұрғыны көп саяжайларға ауыл статусын беру туралы мәселені Парламент жиынында көтеретін боламын.

– Осындай жұмыстарды атқара алатын Ассамблея ұйымын көршілес елдерге үлгі тұта аламыз ба?

– Әрине, үлгі тұта аламыз. Біздің  Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты қоғамдық көршіміз Ресей Федерациясы үшін де үлгі боларлық ұйым. Біз өзіміздің ішкі мәселелерімізбен қатар ел арасындағы қордаланған мәселелерді қараймыз. Мысалы үш ауысымдық мектептердің санын қысқартуда осы ел аралап ауылдың жағдайын білгеннен кейін көзбен көріп, барып сұрағаннан кейін көріп отырмыз. Ассамблея тек ұлттар арасындағы даулы мәселелерді ғана қарайды десеңіз, қателесесіз.

– Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы не айта аласыз?

Өзім мемлекеттік тілде еркін сөйлеймін. Бала-шағамыз да жақсы түсінеді. Осы отыз жылда көптеген өзге ұлт өкілдері өз балаларын қазақ сыныбына беруді құптап отыр. Ауызекі тілде қазақша сөйлейік. Көбінесе сауда жасағанда, қоғамдық көлік ішінде орыс тілін араластырып шұбарландырып жібереміз. Біздің қателігіміз де осында жатыр. Осы жәйттерге қарамастан қазақ тілі жақсы даму үстінде. Болашақта барлық құжат айналымы тек бір тілде жүзеге асатынына сенімім мол. 

– Әңгімеңізге рахмет!

 Б. ТОҚАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button