Білім және ғылымҚоғамТұлға

Техникалық мамандықтарды меңгеру – заман талабы

Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға  жетелейтін күш – білімде. «Білекке сенер заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапыда қалып жүрмелік» деп Абылай хан айтқандай, қай елдің болмасын өсіп-өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесі деңгейінің даму бағытына байланысты. Бұл күнде білім  берудегі  ескі  мазмұнның орнына жаңасы келуде. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев өзінің 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында «Өмір бойы білім алу» – әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» деген болатын. Демек, біз де білім беру саласындағы жаңалықтарға тосырқап қарамай, заман ағынына сай ескегімізді есуіміз керек. Педагогика ғылымына айтулы үлес қосқан ғалым К.Ушинский бір сөзінде: «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімділігі  жойылады», – деген  түйінді ой айтқан. Бұл пікірден біз тек мұғалім емес, қай істе болмасын, үнемі үздіксіз білім алып, жаңашылдыққа тосын қарамай, заманауи технологияларды меңгеріп, жаңалыққа ұмтылуымыз ке-ректігін байқаймыз.

Еліміздің техникалық мамандықтарды меңгеріп, жаңа технологиялар мен заманауи ғылым-білімді игеруі керектігі мемлекет басшысының «Хабар» телеарнасына берген «Азамат-тарымыздың құқығы бұзылмайды» атты сұхбатында да көрініс тапқан болатын. Президентіміз Қ. Тоқаев биз-несмендермен кездесуде сөйлеген сөзінде жастардың техникалық мамандықтарға көбірек бейімделуі маңызды екенін, ол үшін Ресейде білім алуы керектігін айтқан болатын.  Бірақ ел ішінде әртүрлі пікір туындап, «Біз неге Батысқа емес, Ресейге еліктеп, неліктен орыс ғылымын меңгеруіміз керек?» дегендей пікір айтушылар да кезікті. Оған жауап ретінде мемлекет басшысы «Ресейде техникалық білім беру сапасы жоғары. Бұл бәріне белгілі. Мысалы Мәскеуде МФТИ, Бауман училищесі, Новосібір университеті, Томск университеті және басқа да жоғары оқу орындары бар. Әрине, ешкімді міндеттемейміз. Ол жай ғана Ресейге оқуға жіберген дұрыс деген ұсыныс болатын» — дей келе, Ресейде білім алудың бірнеше тиімділігін атап өтті. Біріншіден, біз кезінде Кеңес үкіметі құрамында болғандықтан, әрбір қазақстандық азамат ағылшын, жапон, қытай тілдеріне қарағанда орыс тілін белгілі бір деңгейде біледі. Демек, тіл мәселесінде кедергі болмайды екен. Одан кейін, Президенттің айтуынша, екі ел стратегиялық серіктес, ірі бизнеске қатысты бірлескен кәсіпорындарымыз болғандықтан, бізге Ресейде оқып, техникалық мамандық алған кадрлар қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы журналистке берген сұхбатында бұл тек Ресейден ғана білім алу керектігін білдірмейтінін, Батыста білім алғысы келетіндерге еш кедергі жоқ екенін баса айтты. Алайда, ең басты мәселе жастар қай елде білім алса да, Президенттің сөзімен айтқанда, Батыстағы «ақшаңды төле де, біраз уақыттан кейін дипломыңды ал» дейтін «диплом басып шығаратын кеңселерге айналып кеткен университеттерден» емес, сапалы білім беретін оқу орындарында білім алуы керектігін сөз етті.

Расында, мемлекет басшысы айтқандай, әрбір қазақ жастары сапалы білім алып, алған білімін ел ертеңі үшін жұмсайтын болса, еліміз өркендеп, дамиды. Бізге гуманитарлық саламен қатар техникалық мамандықтарды да меңгеру қажет. Себебі, біз тек тұтынушы емес, өндіруші ел болғымыз келсе, өзіміздің техникамыз дамып, озық технологиялық жетістіктерге қол жеткізуіміз керек. Қазақтың белгілі ғалымы Асқар Жұмаділдаев та «Қазақ технология шығарғанда барып ұлттық рухы оянады. Өзі жасаған дүниеге мақтанып, рухы да көтеріледі» – деген болатын. Техникалық ғылымдарды меңгеру –  уақыт талабы. Заман ағымында жұтылып кетпеуді ойласақ, рухымыз бен ділімізді дамытқанымыз секілді, техниканы да дамытуымыз керек. Технологиясы мықты ел бәсекеге қабілетті болып, өзге мемлекеттің алдында еңсесі биік, өресі жоғары тұратынын қазіргі қоғам дәлелдеп отыр емес пе? Олай болса, Асқар Жұмаділдаев айтқандай «технократтық ұлтқа» айналуымыз керек.

Ербол АХМЕТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button