Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыСпорт

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

Өтеген батыр ауылында «Алматы облысы Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ Іле аудандық комитеті филиалының ұйымдастырумен, аудандық білім бөлімі денешынықтыру және АӘД әдістемелік бөлімінің ұйымдастыруымен Чинаева Галина Евгеньевнаны еске алуға арналған облыстық спартакиада өткізілді.

Галина Евгеньевна – Іле аудандық орталық сайлау комиссиясының және аудан бойынша білім беру мекемелері кәсіподағының төрағасы қызметтерінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен  ауданымыздың құрметті азаматы.

 Шараның басында облыстық кәсіподақ төрағасы А.Ж. Омашев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Каткеева құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Спортсүйер саңлақтардың басын қосқан бұл сайысқа Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Талғар, Ұйғыр және Іле аудандарының командалары қатысып, спорттың 4 түрі бойынша сынға түсті. Олар: ерлер арасындағы волейбол, әйелдер арасындағы волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі.

Тартысқа толы өткен бұл доданың ашылу рәсімі Өтеген батыр ауылындағы спорт кешенінде бастау алды. Ал, жарыс №38 мектеп-гимназияда және №7, 13 орта мектептердің спортзалдарында өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша әйелдер арасында волейболдан I орынды Талғар ауданы жеңіп алса, II орынды Іле ауданының командасы, III орынды Жамбыл ауданының нәзікжандылары иеленді.

 Ерлер арасындағы волейболда Еңбекшіқазақ ауданының ерлері тұғыр биігінен көрініп, II орынды Іле ауданының командасы, жүлделі III орынды Талғар ауданының тарландары қанжығасына байлады. Аяқдоп шеберлері аламанға түскен, футзал ойынында I орын Талғар ауданына, II орын Іле ауданы, III орын Еңбекшіқазақ ауданына тиесілі болды.

 Үздіктер өнер көрсеткен үстел теннисінде Талғар ауданының мерейі үстем болды, ІІ орынды Еңбекшіқазақ ауданы еншілеп, III орын Жамбыл ауданына бұйырды. Тыңғылықты дайындық пен тас-түйін тактиканы талап ететін тоғызқұмалақ ойынында Іле ауданы суырылып алға шықты, II орынды Талғар ауданы, ал, III орынды Ұйғыр ауданының ұл-қыздары жеңіп алды. Жарысқа қатысқан жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер арнайы кубоктармен, мақтау қағаздарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Айдын ТОҚСАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button