#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМәдениетРухани Жаңғыру

МЕКТЕПТЕГІ ТАРИХ ПӘНІ: ТЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМА, ЗАМАНАУИ КӨЗҚАРАС

XXI ғасырдағы алдыңғы қатардағы, дамыған ел дегеніміз – білімді, белсенді, денсаулығы мықты азаматтары мол мемлекет.  Бүгінгі таңда әлемнің барлық елі сапалы білім жүйесін құру жолында еңбек етуде. Өйткені, елдің бәсекеге қабілеттілігі сол елдің халқының парасаттылығымен, білімділігімен, ғылымға қосқан үлесімен көрінеді. Сондықтан, Қазақстан талабына сай дамуы қажет. Білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым және практика жетістіктері негізінде жеке адамды кәсіби шыңдауға және қалыптастыруға арналған тиісті жағдайларды жасау, білім беруді ақпараттандыру, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу.  

Тарих – оқушылар үшін қоршаған әлемнің айқын бейнесін қалыптастыруға және құруға мүмкіндік беретін, өз елінің өткенін және әлемдегі өз орнын сезінуге мүмкіндік беретін маңызды мектеп пәндерінің бірі.  Тарихи оқиғаларды, олардың себеп-салдарлық байланыстарын білу оқушыға өзекті оқиғаларды талдауға, сыни ойлауға және әлемде болып жатқан оқиғаларды бағалауға мүмкіндік береді. Оны оқытудағы жаңа тәсілдер оқушылар арасындағы, оқушы мен мұғалім арасындағы диалог оқушылардың өз бетінше ойлау қабілетін қалыптастыруға және дамытуға көмектеседі деп болжайды. Осы орайда, қоғамтану пәндерін (тарих, құқық, дінтану) оқытудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскері О.Баченовтың қолдауымен «Тарих» пәні мұғалімдерінің аудандық съезі өтті. Аталмыш съезге жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушылары, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, тарих пәнінің мұғалімдері, барлығы үш жүзге  жуық педагог қызметкер қатысты. Аудандық съез барысында тарихи білім беру сапасын қамтамасыз етудегі мәселелерді анықтау және оларды шешу жолдары, заманауи тарихи білімнің өзектілігін талқылау, мектептегі тарихи білім беруді дамыту болашағы, тарих пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыру мәселелері сөз етілді. Бағдарлама бойынша әр өңірден өз пікірлерімен бөліскісі келген әріптестер бұл қарарларға жекелей тоқталды.

«Музей-өткен уақытпен жүздесе отырып, бүгінгі өмірге тарих парасатымен қарайтын орын. Бұл ғасырлар таңбасымен табы қалған жәдігерліктер мен заттарға ой көзімен қарауды, заманалар айнасына қарап ел мен елдік жолын пайымдаудың айрықша мүмкіндігі».

Музейдің адамзат тарихындағы алатын орны ерекше екені белгілі. Қазіргі кезде музейлердің алдында болашақ үшін мәдени мұраны сақтау және мәнді құндылықтарды замандастар үшін көрсету, насихаттау мәселелері тұр. Съез ансамбльдің сүйемелдеуі арқылы ауданымызда орналасқан өлкетану музейлерінің жәдігерлерін таныстырумен басталды. Қазақ халқының бір шегесіз жиналып, бір шегесіз құрылатын, қыста жылы, жазда салқын, көшіп-қонуға ыңғайлы киіз үйі жайлы мол ақпарат берілді. Сондай-ақ, мал шаруашылығымен, аңшылықпен айналысқан қазақ халқы жануарлардың сүйектерін де түрлі қажеттеріне жарата білген. Қазақ шеберлері үй жиһаздарын, саз аспаптарын, т.б. әзірлегенде оларды әшекейлеп безендіру үшін мүйіз бен сүйекті кеңінен пайдаланған. Осы өнер ұмыт қалмауы үшін әріптестеріміздің  оқушылармен бірге ұсынған сүйектен жасалған аспаптарын тамашаладық. Көрмеде ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысты тың деректер мен жәдігерлер болды. Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – мәдени құнды көне заттарды көрсету, жалпыадамзаттық мәнін ашу арқылы музейге келушілердің адамгершілік, рухани өсуіне әсер ету. 

Ары қарай аудан мұғалімдеріне қазіргі кезде өзекті болып тұрған тақырыптарда баяндамалар оқылды. «Тарих пәні бойынша жұмыстың ұйымдастырылу жағдайы, даму қарқыны»  жайлы аудандық Білім бөлімінің басшысы Л.Ж. Каткеева, «Мектептегі тарих пәні: тың тұжырымдама, заманауи көзқарас» тақырыбындағы республикалық  съездегі қаралған мәселелер туралы А.К. Толебаева, «Тарих пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыру: проблемалары мен жолдары» атты тың тақырыпта К.М. Рүстем, «Тарихи негіздегі діни наным-сенім бостандығы. Деструктивті ағымдардың пайда болуына алып келген ахуал» бойынша Қ. Досымбек, «Қазақстан тарихын оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында Б.Т. Жұбанышев, «Қазақстан тарихы пәні  бойынша қорытынды аттестаттау емтиханына дайындық жұмыстары» бойынша А.Т. Абдулиндер өз баяндамаларын оқыды. Секция жұмыстары 5 алаңға бөлініп, әр алаңдағы спикерлер өзіндік өзектілігіне ие болған, жаңа көзқарастарды дәріптейтін тың тақырыптарды қарастырды. Олар:

1-алаң – «Білім алушылардың шығармашылығына бағыт-бағдар беру арқылы дарындылықтарын дамыту». Модератор: Ибраева Хамар Мухаметкалиевна.

2-алаң – «Инновациялық технологиялар мен әдістер». Модератор: Тулебаева Айгерім Халкамановна.

3-алаң – «Білім сапасын бағалау және қорытынды аттестаттау». Модератор:  Райымканова Ақмарал Райымкановна.

4-алаң – «Жас мамандар мектебі». Модератор: Абдулин Асхат Темирханович.

5-алаң – «Современные аспекты преподавания истории в контексте обновлённого содержания образования». Модератор:  Муханғали Айгуль Аширбайқызы.

Қазіргі кездегі білім жаңа технологиялармен тығыз байланыста болғандықтан негізгі ой инновациялық технологиялар, үлгілі авторлық бағдарламалар, озық тәжірибелер талқыланып, өзара тәжірибе алмасу болды.

Съездің жалпы мақсаты тарих пәндері бойынша білім мазмұнын жаңарту, пән мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, тарих пәнін оқытудың өзекті мәселелерін  шешу және білім сапасын арттырудың ұтымды жолдарын айқындау болды. Сондай-ақ, оқушылардың тарихи дағдыларын қалыптастыру арқылы пәндік білімдер, пәнаралық білімдер, эпистемологиялық білімдер, процедурлық білімдердің мән-маңызына тоқталып, тарихи ойлау дағдылары функционалды сауаттылықтың дамуына әкелетінін атап өтті. Съезд барысында қатысушылар мектептегі «Тарих» пәнін оқыту мәселелерін талқылады, оқыту сапасын жаңарту бойынша ұсыныстар енгізді және отырыс қорытындысы бойынша қарар қабылдады.

«Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу деген ұғым» болса, біз, ұстаздар қауымы, болашақ ұрпақтың білімді болып, қабілеттерін арттыруда аянбай еңбек етуіміз керек. Құрметті, әріптестер, «болашақтың баспалдағынан сүрінбей, сағым сынбай, қаймықпай кедергілерге қарсы тұрып, жігерім мұқалмай, ұстаздық жолдың тар жолынан  тайғақ кешіп, берік ниет, бекем үмітпен келешекке кемел ұрпақ үшін қадам басамын. Көз майымды тауысып, білім әлемімен тереңінен тағы танысып, санамдағы игі білімді шәкірт санасы мен түйсігіне жеткізуге  әзірмін» дейтін мұғалімдеріміз көп болсын. Білімді ұстаз – заманның басты көркі.

Айша СӘДУАҚАС,

Индира АХМЕТОВА,

№7 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімдері

Tags

Басқа жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close