#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратЗаң және бізҚазақстан жаңалықтарыҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жыл

ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНҒА ЖОЛ АШПАҚ

Референдум – латын тілінен аударғанда  «Хабарлануға тиісті нәрсе», «Мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу» деген мағынаны білдіреді. Онда Заң немесе халықаралық шарт жобасы, басқару сипатындағы мәселелер ұсынылады.

Өздеріңізге белгілі, 5 маусым күні біздің елімізде де республикалық референдум өткелі жатыр. Осы орайда, аудандық мемлекеттік қызметкерлер мен  әр саладағы жергілікті кәсіподақ ұйымдарының қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аудандық референдум өткізу штабының төрағасы – Тұрымбетов Ерболат Сапарұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

Жалпыхалықтық референдум жайлы жалпылама ойыңызды және аудандық референдум өткізу штабының жұмыстары жайлы айта кетсеңіз?

–  Биыл Қазақстанның жаңаша тарихында жаңа бір парақ ашылды деуге де болады. Наурыз айында жария етілген Мемлекет басшысының Қазақстан Халқына Жолдауында көрсетілген кешенді іс шараларды жүзеге асыру мақсатында «Конституциялық өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді. Жаңа жоба 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. 5 маусымда республикалық референдум өтпек. Реформаға сәйкес, Конституцияның үштен бір бөлігі толығымен жаңарады. Конституциялық реформаның маңыздылығын түсіндіру мақсатында құрылған  штаб бүгінгі таңда үлкен жұмыстарды атқарып жатыр. Ел Президентінің Жолдауы аясында жалпы Қазақстанның жүйелі трансформациясына ықпал ететін және мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының жаңа парадигмасын айқындайтын саяси реформалардың 10 басым бағыты белгіленгенін, соның ішінде Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізілетінін, мәслихаттардың ықпалы арта отырып, бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік беретіні айтылды. Біздің штабқа халық арасында беделі бар ардагер ұстаздар, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың мүшелері, Ауған соғысының ардагерлері мүше болды. Бүгінгі таңда ауылдық округ тұрғындарына республикалық реформа туралы қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біздің ауданда 85 сайлау учаскелері және 10 округтің әрқайсысында бір-бір сайлау комиссияларының штабтары бар. Барлығы желілік кесте бойынша жұмыс жасайды. Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Дана халқымыз айтқандай, тірліктің де, берекенің де көзі – бірлікте. Осы тұрғыда біз Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып қайта құрылуына өз үлесімізді қосатын боламыз.

– Конституцияға енгізілетін өзгерістерден қандай артықшылық не кемшілік байқадыңыз?

 –  Референдумның мақсаты – саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, Конституциялық реформа жасау. Конституциядағы 99 баптың 35-і өзгертіледі. Өзгеріс енгізілетін баптардың барлығын түгел қарап шықтым. Бұл баяғыдан бері айтылып келе жатқан дүниелер. Мен үшін ешқандай таңқаларлық оқиға болған жоқ. Барлығы орынды, құптарлық шешім. Кемшілік деп, «мынау қате» дейтіндей бір өзгерісті көргенім жоқ. Алайда, барлығы  уақыттың еншісінде. Бізді алдымызда жарқын болашақтың күтіп тұрғанына еш күмәнім жоқ. Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Қазіргі таңда референдум қоғам арасында қызу талқылануда. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі болмақ. Соңғы Жолдауда Президент саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты. Өзгеріс аз емес. Соның бірі – Қазақстан  суперпрезиденттік басқару формасынан қуатты Парламенті бар Президенттік Республикаға ауыспақ. Яғни, Президенттің бірқатар өкілеттіктері Парламентке өтіп, осынша өзгеріс елде демократиялық процестерді жылдамдатып, «биліктің көзі – халық» деген принципті жүзеге асырады. Яғни, қоғам өз өкілдері арқылы маңызды шешімдер қабылдауға араласады. Осыншалық ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет. Себебі, бұл тек Президент не Парламент шешетін мәселе емес. Бұл – бүкілхалықтық деңгейдегі міндет екендігі белгілі. Ел Президенті Қ. Тоқаевтың күш-жігері мен іс-қимылының жүйелілігі саяси жүйені нақты трансформациялауға бағытталғанын көрсетті. Екінші Республика жалпыұлттық мандатқа ие болады. Конституциялық реформаны плебисцит арқылы жүргізу Қ. Тоқаевтың реформаторлық бағытының жалпыұлттық сипатын қамтамасыз етеді, екінші Республиканың қоғамдық заңдылығын және құқықтық негізінің мызғымастығын нығайтады. Конституцияның авторы халық болады. Мемлекет басшысы референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Екінші Республика дұрыс саяси стандарттарды қайтарады – Конституцияға түзетулер жобасын референдумға шығару туралы шешіммен бірге Мемлекет басшысы қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жаңа, дәлірек айтқанда, дұрыс стандарттарын қайтарады. Биліктің қайнар көзі – ең алдымен халық, ал, шешімдер тек белгіленген рәсімдер мен нормаларға сәйкес қабылданатын болады.

– Ерболат Сапарұлы, әңгімеңізге рахмет. Ел тағдырын шешетін келелі істе қызметтеріңізге табыс тілейміз.

Айдын ТОҚСАНОВ

Tags

Басқа жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close