Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚазақстан жаңалықтарыҚоғамМерекелерТұлға

Қайта жанданған мереке

Әр елдің ұлттық, мемлекеттік мерекелері бар. Қазақстанның мерекелік күндері тағы бір атаулы датамен толықты. Биыл 25 қазан «Республика күні»  ұлттық мереке ретінде алғаш рет аталып өтеді.

Республика күнінің тарихыныа тоқталып өтер болсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Егемендікті аңсаған елдің деклорациясы қабылданған бұл атаулы дата 2001 жылдан бастап Республика күні деп аталып, ұлттық мерекелер тізімінде болған. Алайда, 2009 жылы сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мерекелік күндер тізімінен алынып тасталыпты. «Республика күнін тойлау неліктен алынып тасталды?» деген сұрақ төңірегінде де біраз ізденіп көрдік. Сөйтсек… «Көп сарапшының пікірінше Егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-інің егемендігі жарияланды. Декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Сонымен қатар ол Қазақстанның халықаралық қатынастардағы дербестігіне кепілдік бере алған жоқ. Мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде оның құрамында болды. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заң қабылданғаннан кейін ғана Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекеттің заңды рәсімделген мәртебеге ие болды» дейді Айқын.кз порталы.

Ал биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, 29 қыркүйек күні «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойып, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып қабылданды. Ол туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деп, «Республика күні» елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтты. Мұндайда «Тәуелсіздік күні тойланбай ма?! деген сауал туындауы да заңды. Оған да жауап бар. «Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», — деді Тоқаев. 

Ұлттық мерекенің мемлекетік мерекеден айырмашылығы бар ма? Әрине, бар! Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні, Мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Республика күнін мемлекеттік мереке мәртебесіне қайтаруды «маңызды және тарихи шешім» деп атады. «Осы заңға сәйкес 25 қазан — Республика күні мемлекеттік мереке болып бекітіледі. Бұл — тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде бекіту мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды қадам болып табылады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз», — деді Мәулен Әшімбаев. Қазақстандықтар Республика күнінде қанша күн демалады? Премьер-министр Әлихан Смайылов қазан айының басында қол қойған үкімет қаулысына сәйкес, биыл Республика күніне орай қазақстандықтар бірден үш күн демалады. Яғни 23, 24 және 25 қазан демалыс күні болып саналады. Ал 22 қазан, сенбі – жұмыс күні болып есептеледі. «Биыл 25 қазанда еліміздің ұлттық мерекесі ретінде алғаш рет Республика күні аталып өтеді. Демалыс күнін ауыстыру жұмыс істейтін қазақстандықтарға мереке кезінде демалысын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді Үкімет.

Мәліметтер aiqyn.kz және  kaz.nur.kz сайттарынан алынды

Tags

Басқа жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close