Басты ақпаратҚазақстан жаңалықтарыҚоғамМерекелерТұлға

Ұлттық мереке — ел мерейі

Құрметті Іле ауданының тұрғындары!

Сіздерді араға 13 жыл салып, қайта оралып отырған Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын.  Мемлекеттігіміздің қайнары, елдігіміздің айбарына айналар бұл күн – Қазақстанды мекендеген әрбір ұлт пен ұлт өкілдерінің ортақ қуанышты мерекесі деп білемін.

Республика күні еліміздің Тұңғыш Президентінің Жарлығымен 2001 жылы мереке ретінде тойлана бастады. Алайда, 1990 жылы 25 қазан күні Қазақ АКСР-і өз тарихында қол қойған маңызды құжат – егемендік туралы деклорацияда кей тұстары Тәуелсіз Қазақ елінің мүддесін толық қамтамасыз ете алмайтын болғандықтан, 25 қазан мерекелік күндер тізімінен алып тасталды.

Биыл Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мерекелік датаны қайтарып, «25-қазан  – Республика күні» деп жариялап, Ұлттық мерекелер тізіміне қосты. Бұл да болса, еліміз тарихи күнді ұмытпай, ұрпақ жадында сақталуы үшін жасалынып жатқан игі істердің бірі деп білемін. Президентіміз «Жаңа Қазақстанды» құрып, рухани-мәдени құндылықтарға бей-жай қарамайтын, мемлекеттік тілді меңгерген жастар болашақта Қазақ елінің көшін алға бастайтынына сенім білдірген болатын. Біз, Іле ауданының тұрғындары, осы үдеден шығып, ел мүддесіне қызмет етіп келеміз.  Сіздер өз тараптарыңыздан Қазақстан атты ұлы Отанымыздың игілігі мен өркендеуі үшін аянбай қызмет етіп, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, егемендігіміздің ғұмырлы болуы үшін күш-жігерлеріңізді салып, Отанымыздың жарқын болашағы жолында еңбек етіп жатқандарыңызға кәміл сенемін.

Бүгінгі мерекелік күнде  еліміз өркендеп, жайнап, Қазақстан атты киелі қара шаңырақты мекендеп жатқан ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ-бірлігі ажырамай, тату-тәтті ғұмыр кеше берейік.

«Ынтымақ – ұйымнан» демекші, еліміздің мемлекеттігі мәңгі болуы үшін әрбіріміз Отанымыздың мызғымас  берік кірпіші болып қалануымыз керек. Ауданымыздың әр тұрғыны Республикамыздың дамуы мен өркениетті елдер қатарына қосылуы үшін еңбек  етсе, еліміздің тұрақтылығына қосқан үлесі  болмақ.

Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды бүгінгі ұлттық мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, бақыт, тыныштық, амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, патшамызға тауфих беріп, халқымызға қанағат беріп, ізгілікте, татулықта ғұмыр кешіп, қастерлі ұлы Отанымызды мекендеген әрбір жанның жүрегіне иман нұры ұялап, Қазақстанымыз гүлдене берсін. 

Республика күні құтты болсын!

Бағдат ҚАРАСАЕВ,

аудан әкімі, аудандық «АMANAT»

 партиясы филиалының  төрағасы

Басқа жаңалықтар

Back to top button